МАРАПАТТЫҢ ҮЛКЕНІ — ЕЛІМНІҢ АЛҒЫСЫ БОЛДЫ

Дәрігерлер қауымына артылған жауапкершілік қашанда жоғары. Басы ауырып, дертіне шипа іздеп келген әрбір жанға жақсы пейілмен зейін қойып, мұңына үңілу де осы сала иелерінен үлкен төзімділікті талап етеді. Бұл ретте кәнгі маман Бекзада Дайрабаеваның жылы сөзімен-ақ талайды тәнті ететін қасиетін айтпай кетуге болмас. Қазірде құрметті демалыстың саясына жетсе де Бекзада Орманқызының есімі ауданымыздағы ақ халаттылардың алдыңғы сапынан аталады…

ӘЖЕ ТІЛЕГІН
ОРЫНДАҒАН НЕМЕРЕ


Мен 1954 жылы осы Шалқар қаласында мұғалімдер отбасында дүниеге келдім. 1962 жылы 1 қыркүйекте анам Әсия бір кезде өзі директор болып жұмыс жасаған Шалқар қалалық орыс-қазақ сегіз жылдық мектебіне (қазіргі №2 мектеп-гимназия) бірінші сыныпқа оқуға алып барды. Мектеп ауласына кіргенде, ең бірінші жолыққан адам журналист Тілеужан Шойғарин ағай еді, ол шын көңілімен анамның қуанышын бөлісіп, басымнан сипап, ақ батасын берді. Кейін де ұмытпай ата-анамнан «Менің балам қалай оқып жатыр?» — деп сұрап тұратын. Кішкентай болсам да менің өмірге басталған жолымды радиодан айтып, газетке жазған сол атамның алдындағы жауапкершілікті сезінетін едім. Мектепте математика пәніне бейім болдым, ұстазым Әлия Мырзалина апай да математиканың қиын есептерін шешуге баулыйтын. Мектепті бітіруге бір жыл қалғанда әжем Шынасыл мен ата-анам оқуды аяқтағасын медицина жолына түсу туралы ой тастады. Мен жалпы жас кезімде еркелеу, нәзіктеу болдым ба аурудан, бейіттерден қатты қорқатын едім. Мединститутқа барам деген ойымда болған жоқ, негізі ҚазГУ-де оқығым келетін.
Әкемнің апасы Күләй Дайрабаева 1934 жылы Семейден фармацевтикалық техникумын, 1939 жылы Алматы медициналық институтын бітірген, соғыс жылдарында Ырғыз ауданында жұмыс жасады. Кейін Шалқарда дәрігер- дерматовенеролог болып қызмет істеді. Бірақ денсаулығына байланысты 40 жасында жұмыстан қалды. Мен әжемнің бесінші немересі едім, ол «бәрі де оқып жатыр ғой, бірақ Күләйдың артынан ерген ешкім жоқ. Ұстап, тұтқан көп кітаптары қалды, оны да ашатын адам болмады-ау», деп үнемі маған сенім артып жүргендей болды. Әуеліде қарсы болғаныммен кейін ойланып әжемнің тілегімен келістім. Бұрын көп назар аудармаған медицина саласына көңіл бөле бастадым, менен бұрын оқуға түскен Ақтөбе медицина институтының студенттері, бала кезімнен өзім жақсы білетін Нұрия мен Жәлел Тлеубергеновтер, Сәбит Досов, Абдрахман Тереков, Ақмарал Абиловалардан сұрастырдым. Олардың мені Ақтөбеге қуана шақыруы әсер қалдырды. 10-сыныпта «Қандай мамандықты игеремін?» деген тақырыптағы шығармамда дәрігер мамандығын таңдаймын деген шешімді жаздым. Алғашында ренжіген Әлия апай шығармамды оқығаннан кейін сәттілік тіледі. 1972 жылы мектепті «Алтын медальмен» бітірдім. Жақсы оқығаныма байланысты Алматы медициналық институтының фармацевтика және стоматология факультеттеріне конкурстан тыс түсуге жолдама алуға мүмкіндік болды, бірақ өз қалауым тікелей адаммен жұмыс істеу болды да Ақтөбе медицина институтына бір сабақтан экзамен тапсырып, емдеу факультетіне оқуға түстім. Институтта оқыған 6 жылым тез өте шықты. 1 жылдық интернатураны Ақтөбе облыстық ауруханасының терапия бөлімінде тәжірибелі дәрігерлер К.Альмурзаевтың, М.Тараненконың қарауында өттім.
ЕҢБЕККЕ ЖОЛ АШҚАН САРЫБҰЛАҚ
1979 жылы интернатураны аяқтап, жолдамамен ауданға қарасты Сарыбұлақ бөлімшелік ауруханасына бас дәрігер қызметіне келдім. «Сарыбұлақ» кеңшары ол кезде аумағы кең, өте іргелі, үлкен шаруашылықтардың бірі еді. Совхоздың бір-бірінен қашықтықта орналасқан 4 бөлімшесінде 3500-ге жуық халық тұратын. Соның ішінде 1200-ге жуығы балалар болды. Ауыл орталығында 20 орындық аурухана және бөлімшелерде 3 медициналық пункт бар. Кеңшар басшылығымен, ауылдық кеңеспен тығыз байланыста жұмыс жасадық. Орталық негізі мал шаруашылығымен айналысатын болғандықтан қыс қыстауда, жаз жайлауда отыратын тұрғындарды үнемі аралап, денсаулығын қадағалап тұратынбыз. Бала да үлкен де біздің қарауымызда болды. Мен жұмыс бастаған кезде совхозға директор болып 28 жастағы шебер ұйымдастырушы, марқұм Нұрмұханбет Мырзабаев бекіді. Ауылдық кеңестің төрағасы, көп жыл еңбек өтілі бар, сыйлы, ел азаматы Наурызбай Нұржанов ағай болды. Халықпен жұмыс істеудің қыр-сырларын осы кісілерден үйрендім. Ауылдағы шағын аурухана ұжымында 16 адам жұмыс жасайтынбыз. Оның ішінде 10-ға жуық медбикелер болды. Барлығы да өз жұмыстарына ұқыпты, ел арасында сыйлы, сауатты, ауызбіршіліктері мол болатын. Менің дәрігер болып қалыптасуыма осы ортаның ықпалы зор болды. Стационарлық ем көрсетуден көп тәжірибе жинақтадым. Шағын аурухананың өзінде ЭКГ, физиотерапевтік аппараттар және жалпы қан, зәр анализдерін жасайтын құрылғылар бар болатын.
Үлкен ауылдың халқы кең пейіл, қай түкпіріндегі үйге барсақ та бізді өзінің жақыны келгендей қуана қарсы алатын. Бірлескен еңбектің нәтижесінде денсаулық көрсеткіштеріміз де жаман болған жоқ.
Архивте сақталған өзім ортасында түскен бұл сурет еңбек жолымды бастаған жылдарды есіме түсіреді. 1980 жылдары кеңшардың «8 март» бөлімшесіне қарасты Жыланды жайлауындағы қырқым пунктінің басында түсірілді. Есімде қалғаны ауданға үлкен басылымдардың бірінен фототілші келіп, соған байланысты осы аумақтың шопандарын бір жерге жинады. Суреттегі адамдардың көбісі қазір арамызда жоқ, барлығы да еңбектің қазанында шынығып, ел іргесін нығайтқан аға-апалар еді…
ШЫНЫҒУ — ӨМІРГЕ ШЫҢДАЛУ
Ол кездегі адамдардың өміріндегі бір ерекшелік — келешекке деген сенімділік, елдің, балаларымыздың ертеңі үшін еңбек етіп жатырмын деген мақтаныш сезімі берік болатын. Сондай үлкен мақсаттар көп ауруларға жол бере қоймайтын да еді. Мен жұмысты бастаған кездегі ересек азаматтардың көбі кезінде табиғи сұрыпталудан өткен, еңбектің ыссысына күйіп, суығына тоңып шыныққан, өмірді көрген адамдар еді ғой. Үлкендердің денсаулығы шымыр болатын. Бірақ жас балалар арасында ауру жиі кездесетін. 1981 жылы қызылшамен көп балалар ауырды. Олардың дені егілуге жасы жетпегендер мен келесі екпе уақытына жақындаған балалар еді. Бір жылдары вирусты гепатит (сары ауру) дерті балалар арасында көп байқалды. Балаларды мүгедектікке жеткізетін полиомиелит (сал) ауруының қауіпі байқалды. Дегенмен бірлескен жұмыстың арқасында бұл дерттерден кішкентайлар асқынусыз өтті. Іш ауруы да жиі кездесетін. Қазіргі кезде медицина қарқынды дамыды, жұқпалы аурулар азайды. Бұрынғы дәрімен емделетін жүрек қан-тамырлары ауруларын бүгінде жақсы нәтиже көрсететін оперативті түрде емдеу халыққа қол жетімді болып, жоспарлы түрде жүргізілуде. Жоғары деңгейдегі мамандандырылған медициналық көмек қазір Қазақстанның барлық облыстарында көрсетіледі. Лазермен емдеу, органдар трансплантациясы салалары кең дамуда. Емдеу орындарының материалдық- техникалық базасы нығайып, ғылымның соңғы жетістіктерін пайдалануда. Дегенмен қазіргі заманда таралатын аурулардың өзгеше сипат алып келе жатқанын да ұмытуға болмайды. Жүрек-қан тамырлары ауруларының көбеюі, онкологиялық аурулардың өсуі, қант диабеті сияқты эндокринологиялық науқастардың және балалар арасында туа бітті ақаулардың ұлғаюы байқалады. Ел денсаулығын қорғау медицина саласының үздіксіз дамуын талап етеді. Денсаулық — ұлт байлығы. Оның еселенуі тек қана дәрігерлерге байланысты емес әр азаматтың денсаулыққа көңіл бөлуіне де байланысты. Салауатты өмір салтының қалыптасуы әрбір отбасынан басталуы тиіс. Қазіргі заманда әрбір жасөспірімнің шынығуын өмірге шыңдалуы деп ұғынған жөн.
АҒА БУЫН ЖОЛЫМЕН…
1987 жылы отбасы жағдайымен Ақтоғай совхозына қоныс аударып, сондағы дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері болып жұмыс істедім. Бұндағы бөлімшелер жақын орналасқан, жиі аралап тұруға мүмкіндік бар, орталығы теміржол бойында, жұмысымыздың да нәтижесі жаман болмады. Жаңа амбулатория салынды, құрал-жабдықтарымыз да жеткілікті болды. Тәжірибелі фельдшерлер З.Дәкенова, Ж.Шынтеміровамен бірге жұмыс жасадым.
Ауылдық жерде жұмыс жасап жүрген жылдары аудандық ауруханадағы алдыңғы буын аға-апаларымызды ұстаз тұтатынбыз. Олармен қай уақытта хабарлассақ та көмектерін аямайтын. Сайдың тасындай іріктелген, әрқайсысының өзіндік орны бар сауатты дәрігерлер Ж.Қуатбаев, Ж.Жүсіпов, Қ.Маташев, Қ. Сүлейменов, А.Итеғұлов, Н.Қанатбаев, О.Сүйінов, Қ.Ерімбетов, С.Ділманов, А.Сейтмағанбетов, Д. Жалғасов, К.Жүсіпов, М.Байменшев, С.Досов, А.Сүлейменов, Р.Рахиев, Ә.Ахметжанов, М.Садықов, Т.Назарбаев сынды ағаларымыз біздей ізбасарларына арқа сүйер асқар таудай болды.

1990 жылдан бастап, аудан орталығына жұмысқа ауысып, аудандық аурухананың жедел-жәрдем бөлімшесінің аға дәрігері болдым. Ол кезде аурухананың көп дәрігерлері жедел-жәрдем бөлімшесінде кезекшілік атқаратын. 1996 жылы емханаға жасөспірімдер дәрігері болып және аудандық әскери қызметке шақыру комиссиясының аға дәрігері болып тағайындалдым. Осы қызметті 13 жыл атқардым. 2007 жылдан бастап зейнеткерлікке дейін дәрігер-эндокринолог болып бар тәжірибеммен, біліміммен халыққа қызметімді жасадым.
ХАЛЫҚТЫҢ АЛҒЫСЫ МЕРЕЙІҢДІ ӨСІРЕДІ
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еңбектен қол үзіп кеткен жоқпын. Еңбек еткен 42 жыл ішінде аудандық әкімшіліктен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталдым. 2003 жылы «Жыл адамы» атағын алдым. 2011 жылы Қазақстан әйелдерінің І Республикалық съездіне делегат болып қатысқаным — өмірімдегі маңызды оқиғалардың бірі болды. 2013 жылы Ақтөбе облыстық дәрігерлер және провизорлар ассоциясының Н.И.Пирогов медалімен марапатталдым. Жалпы марапат та адам қолымен берілетіндіктен, бірде ол өз орнын тауып жатса, енді бірде жуыспай тұрады. Ең бастысы мен халықтан алған алғыстарды құнды марапатқа теңеймін.
Шалқардың ыстық құмында туып-өстім, есейдім, елге азды-көпті қызмет істедік. Отбасымда өмірлік жолдасым Серік құрылыс маманы. Екеуміз 4 бала тәрбиеліп өсірдік, екеуі отбасылы, әр қайсысы әр салада еңбек етуде.
Қызмет барысымен туған өлкенің барлық жерін аралап өткен екенмін, сондықтан да сапарларымдағы үлкен кеңістігім осы — Шалқарым болады да тұрады. Барлығы таныс, қаншама жақсы адамдармен жұмыс істедік, талай түндерді емделушіме Алладан өмір тілеп, ұйқысыз атқардық. Осындай “тар жол тайғақ кешуден” бірге өтіп келе жатқан менің әріптестерімнің де өлшеусіз еңбектері қаншама?! Лайым, баршасына қуат, еңбектеріне табыс, аласармас абырой тілеймін.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.