МӘЙІТТІ ЖЕРЛЕУДІҢ ДЕ ӨЗ ТАЛАПТАРЫ БАР

«Шалқар» газетінің осы жылғы 20 наурыздағы №12 санында «Жерлеу рәсімі реттелмек» деген тақырыппен мақала жарияланды. Жалпы мәйітті жерлеу рәсімдерінің ережесі, басқа да талаптар жайында бұған дейін де айтылып жүр. Алайда осыған көпшілік әлі дұрыс мән бермей келеді. Бұл мәселе облыс деңгейінде де көтеріліп, облыстық мәслихаттың арнайы шешімі шықты. Осы шешімді орындау мақсатында Шалқар қаласы әкімінің төрағалық етуімен жиын өткізіліп, онда «Қарамерген» қорымын қоршауға шешім қабылданды. Аталған жерде мәйіттерде ретсіз жерлеу және осы жұмысты ретке келтіру мақсатында тиісті орындардан арнайы рұқсат алыну керек. Қазіргі жағдайға байланысты талап та өте қатаң. Сүйек өз еріктерімен жерленсе оның иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Негізінен аудан орталығындағы «Мәйітті жерлеу және рәсімдеу» қызметі осы талаптарды сақтап, қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда қабір қазу жұмыстарын атқаратын арнайы бригада бар. Өз еріктерімен қабір қазатындарға да заң аясында қолданылатын қатаң шаралар бар екенін ескертеміз. Аталған қызметтегі қабір қазатын жұмысшылардың бригадирі Әбілғали Тілеуқұлов есімді азамат. Байланыс телефоны: 8-701-457-7649.
Қабір қазудың тәртіптерін жалғыз біз емес ауданның имамдары да жұртшылыққа насихаттап отырса дейміз.
Тағы бір кезек күттірмейтін мәселе қорымдар қоршалып, арнайы күзетілгені де дұрыс. Бұл кейбір үлкен қалаларда жүзеге асырылып та жатыр. «Өлі риза болмай тірі байымас» дегендей, кейбір қорымдарда қайтыс болған адамдардың мәйіттері ашылып қалып, мал басып жатқан жағдайлар да кездесуде. Осындай жағдайларды болдырмай және жерлеу рәсімін ретке келтіру үшін баршамыз түсіністікпен қарап, марқұмның соңғы сапарын жоғарыда айтылған талаптар аясында атқарғанымыз абзал.

С.КӨШКІНБАЕВ,
мәйітті жерлеу және рәсімдеу қызметінің басшысы.