ИБАЛЫ ҚАРЫНДАСТЫҢ ИРАННАН СӘЛЕМДЕМЕСІ

Жазу үшін адамға шабыт қана емес алдымен саусақтарыңды иіп қалам құдіретін басқарар бойға қуат та керек. Жүрегі ақпарат деп сезсе оны ақ парақта сөйлетуді өмір бойы кәсіп еткен жанның жаңалық атаулыны бұқарамен бөліспеген кезі бар ма?!
Соңғы уақытта басты байлығы — ДЕНСАУЛЫҒЫның қамымен қаламына СӘЛ демалыс беРген ардагер ағамыз, Қазақстанның Құрметті журналисі Мұқамбетәли Есмағанбетовтың кезінде ұсынған мазмұнды дүниелері көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Әсіресе, өлке тарихы туралы өнімді мақалалар жазып, қазақтың күйшілік өнерінде орны ерен тұлға Қазанғаптың есімін ұлықтаудағы еңбегі бір төбе.
Жақында редакция телефонына ағамыз хабарласып: «Саған айтарым бар еді, үйге соғып кете аласың ба?» — деп өтінді. Ағаның сөзін желге ұшырмастан көп ұзамай шаңырағына бас сұқтым. Аман-саулықтан кейін ол Қазанғапты зерттеу жолы, әсіресе, оның мұрасын бірден бір таратушы шәкірттерінің бірі Кәдіралы Ержанов, Жәлекеш Айпақов, Шүрен Сартовпен болған кездесулерін есіне алып, мені шақыртудағы басты мақсатына ойысты.
— Осыдан жиырма жылға таяу уақыт бұрын Алматыдан біздің үйге: «Қазанғап күйлерін зерттеушімін», — деп Аягөз есімді бойжеткен бала келіп, менен көп мағлұматтар алғаны бар. Өнерге қаршадайынан жақын өскен қыздың ізденісіне зер салсаң, шығармашылықтың шыңына деген ұмтылысын ғана байқайсың.
Маған мәлімі бұл бала — Сыр елінің тумасы. Қызылордадағы Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы музыкалық колледжін және Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын домбыра және этно-музыкатанушы мамандығы бойынша үздік дипломдармен тәмамдаған. Әр кезеңдерде Нұр-Сұлтандағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасында, Қазақ Ұлттық өнер университетінде жұмыс жасаған. Қазанғаптың күйі десе ішкен асын жерге қоятын қазақтың өнерді сүйген бір баласын сол сапарда алғаш көріп, танысқан едім. Одан кейін онымен байланыс болмады. Дегенмен, қанша жылдар өтсе де мені ұмытпаған, таяуда телефон арқылы хабарласып, көңілімді көтеріп тастады. Қазір отбасы жағдайымен өзі Иран Республикасының астанасы Тегеранда тұрады екен. Тілдесу барысында ол менің сапалы суреттерімді өзіне жіберуін сұрады, біз де алыстан айтылған тілекті орындадық. Бірнеше күн өткесін қарындасымыз тағы да хабарласып: «Ағатай кезінде Шалқарға барғанымда сіз маған көп қамқорлық көрсеттіңіз, екеуіміздің де зерттеуіміз ортақ тұлға, мен сіздің белгілі күйші хақындағы мол мәліметтеріңізбен сусындадым. Сол ізетіңізге деген менің шынайы алғысымның кішкентай бөлшегі деп осыны санарсыз», — деп ирандықтардың қолымен кілемшеге тоқылған менің суретімді телефоннан көрсетіп тұр. Төтенше жағдай талаптары реттелісімен үйіңізге дейін жеткізіп беруді өз мойныма аламын деп уәдесін беріп, нақтылап қояды.
Осы жасыма шейін ешкімнен сыйлық та, жазған дүниелеріме құрмет те дәметкен емеспін. Бұны өнердің құдіреті деп есептедім… Алыстан ат арылтып, жерлес күйшіні зерттеушімін деп ағалап алдыма келгесін, шамамша жол көрсеткенім рас. Соны ұмытпай елегеніне мен де марқайып, осы қуанышымды сенімен бөлісейін деп шақырғаным ғой, — дейді жетпістің жон ортасына шыққан Қазанғаптанушы ағамыз риза кейіппен.
Мен де жазарымды нақтылау үшін үлкен орталарда өзін Ақтөбе, Сыр бойы күйшілік мектептерінің белді өкілімін деп таныстыратын, белгілі күйші, өнер зерттеушісі Аягөз Нұрсұлтанмен хабарласып, бірер сауалыма жауап беруін өтінген едім. Айтуынша, жолдасы Иран Республикасында дипломатиялық қызмет атқаратындықтан, 14 жылдан бері елімізден тыс жерлерде жүр екен. Оның Қазқстанда осыған дейінгі соңғы қызмет жасаған орны — Қазақ Ұлттық өнер университеті. Ұстаз болып шәкірт тәрбиелеп, өрендерді дәстүрлі өнерге баулуға үлес қосқан күйші қыздың Қазанғап күйлеріне деген құрметінің жоғары екенін әңгімесінен бірден аңғардым.

— Менің шыққан әулетім — Сыр еліне танымал күйшілер. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы, Талап кеңшарында 1974 жылы өмірге келдім. Қаннан берілген қасиет болар, ес білгеннен күйге құмартып өстік. Әсіресе, Қазанғап күйлеріне деген құрметім айырықша. Оның күйлерінің орындалуындағы стильдік ерекшеліктеріне тәнтімін. Ойын баласы кезімізде ауылымыздың ортасындағы биік бағаналардың біріне ілінген радионың дауыс зорайтқышынан ара-тұра қазақтың ән-күйлері беріліп жататын-ды. Кейде Қазанғап күйлері орындалады. Оны айна-қатесіз жеткізушілердің бірегейі Сәдуақас Балмағамбетов екенін де жастайымнан білемін. «Армансыз адам, қанатсыз құспен тең» дегендей, менің де арман мақсаттарым көп еді. Сол ұлы мақсаттардың басында «Әттең, Қазанғап күйлерінің шебер орындаушысы болсам, осы күйді таза күйінде алып жүрген Сәдуақас ағамен кездесіп, дәріс алсам», — деген ой еді. 1995 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға қабылдандым. Бұл оқу орнына ол кезде түсудің өзі өте қиын, талапкерлердің дені он жылдап арнайы өнер мектебін бітіргендер, орын санаулы, бір орынға бес адамнан таласады. Әуелі Алла қолдап, музыкалық колледжден алған біліміме, өнеріме сүйеніп, өз күшіммен осы оқу орнының студенті атандым. Бірақ, армандағы ұстазымның сыныбына қабылдана алмай, жасы 70-тен асқан профессор Құбыш Мұхитов деген ағайдың тобынан дәріс алуыма тура келді. Бір күні оқу ордасының дәлізінде музыка зерттеуші, күйші-композитор Сәдуақас ағаны алғаш кездестірдім. Шағын денелі, үлкен көзілдірікті ұстазға менің батылдыққа салынып:
— Садуақас ағай сіз боласыз ба? — деген сауалым ұнамай қалса керек.
— Болсақ болармыз, — деп жүре жауап беріп, кідірмей өте шыққаны бар.
Бәрібір мен «осы кісіден дәріс алсам» деген о бастағы ұстанымымды жоғалтпадым. Бірақ ағай ол кезде күйшілерге емес, әншілерге дәріс беретін еді. Оның класына қабылдануға ниетті екенімді Құбыш ағайыма да ауылға хабарласып, әкеме дейін бірнеше мәрте ескерттім. Олар бұлай болудың реті жоқ екенін айтып, қайтарып тастап отырды. Уақыттар өте дегенім орындалып, екі ұстаздан да қатар дәріс алуға мүмкіндік алдым. Шығармашылығын үлгі тұтқан марқұм ұстазым Сәдуақас ағайдан үйренгенім көп, тәлімгерлік еңбегін ерекше бағалаймын, оның соңғы шәкірттерінің бірімін деп өзімді есептеймін, — дейді Аягөз Нұрсұлтан.
Жаңақорғандық студентке консерваторияның 3 курсына келгенде ұстаздары бір тақырып бекітіп, соған күй шығаруды міндеттейді. Бұл жалғыз бір студентке ғана емес, топтағы жалпы білім алушыларға берілетін үлкен тапсырма еді. Аягөз шығарған күйлерін Қазанғаптың мақамымен орындап, ұстаздар көңілін бір марқайтады. Болашағынан үміт күткен ұстаздары оған Қазанғап күйлерін, оны орындаушылардың шеберліктерін зерттеуді тапсырады. Бұл тапсырмаға да асқан жауапкершілікпен қарап, алдымен Сәдуақас Балмағамбетовтың күйлерін нотаға түсіріп, одан дипломдық жұмысын үздік қорғайды. Консерваторияны жаңа ғана бітірген жас маманға ғылыми жетекшілері енді Қазанғапты зерттеуді тапсырады. Бұл жауапкершілігі мол жұмысты да бар ынта-жігерімен қолға алып, 2000 жылы Ақтөбе өңіріне келіп, сол кездегі «Облтрансгаз» ЖАҚ «Ақтөбегаз» ЖАҚ-ның басқарма төрағасы, қазіргі облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалиннің демеушілігімен аймаққа есімдері елеулі Қожагелді Аманов, Жұмабай Жансүгіров, Нұрболат Жанаманов, Ақмырза Мұратов, Теңел Көлбаев, Бақыт Басығараев, Жайлау Асылханов сынды күйшілермен жүздесіп, елді аралап, мәнді мәліметтер жинайды. 2002 жылы Шалқарға келіп, Қазанғап Тілепбергенұлының сүйегі жатқан Ақбауырдағы бейітіне барып тәу етеді.
— Ол кезде менің жасым 25-те болатын. Шалқарда болған бірер күнде Мұқамбетәли ағаның Қазанғапты зерттеу жолында жинаған еңбектерінің нобайымен таныстым. Жергілікті кітапханалардан күйші туралы мағлұматтар іздестіре қалсам, үнемі осы ағамыздың мақалалары алдымнан шыға берді. Бұл кісінің жазу стилі дара екен, байырғы тілмен суреттеп, өзіңді оқуға ынталандырып тұрады.
Алмақтың да салмағы бар, арнайы жасатқан кішкене осы сыйлығымды ағаның сол еңбектеріне арнадым. Әзірге, кілемше Тегеранда төл өнерді, әсіресе, Борсық құмының бауырайынан шалқып, күмбірі жалпақ елге естілген Қазанғап күйлерін жанындай қастерлейтін қазақтың бір баласының үйінің төрінде тұр деп есептерсіздер, — деді ол.
Аягөздің күй орындау шеберлігіне кезінде Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдік, Өмірбек Байгелді, марқұм Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбековтей еліміздің зиялылары жоғары бағасын беріпті. Осы көрнекті тұлғалардың қалауымен алдарында күй тартып талай мәрте ризашылықтарына бөленгенін, кей жерлерде сол ағаларының қамқорлықтарын да көргенін айтады. Жиырма жылдай үлкендік мейірімімен әкесіндей ақылшы болған Мырзатай Жолдасбеков ағасы: «Қазанғап күйлері сендей шәкірттер барда өшпеуі тиіс» деп әрдайым оны қуаттаса, қазақтың Ақаңы — Ақселеу Сейдімбеков: «Аягөз кез келген күйді сұлу орындайды, бармақтарының сиқыры бар» — деп көзі тірісінде батасын берген екен.
Осындай есімдері елеулі тұлғалардың көңілін күйімен дөп басқан өнерлі қыздың әңгімесінен аңғарғаным, Иран қазақтары да төл мәдениетіміз бен өнерімізді жоғары бағалайды. Мәселен, Тегераннан 5 шақырым қашықтықтағы Горган деген қалада 100 шақты қазақ отбасының үйі бар екен. Ондағы қандастар талай Аягөзді іздеп келіп өздеріне күй үйретуін сұрапты. Араларында Сүгірдің термелерін домбырамен сүйемелдей алмаса да жатқа білетіндері бар деседі. Алайда, бұл өтініштерін қанағаттандыру үшін де сол елдің шарттары бойынша арнайы рұқсаттар қажет көрінеді.
«Күй құдіреті қастерлі, оның астарында аңыз бен әфсана жатыр, біреудің зары мен жұбанышы тұр. Тақырыпқа терең бойламай домбыраны шерте беруден саф күйшілік шықпайды. Күй өнері, оны шығарушы тұлғалардың шығармашылығы — бар қазаққа ортақ рухани дүние. Оны қызғануға, біздікі, сіздікі деп бөлуге болмайды. Бұл ұлттық өнерге жасалған қысастық, мәдениеттің өрісін тарылту болып саналады». Міне, бұл жалпы күй әлемін шексіз құрметтейтін жырақта жүрген өнертанушы Аягөз Еркінбекқызының ұстанымы.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.