Екі қолынан айырылған жігіт кәсіп ашып, жұртқа көмектесіп отыр

«Мен мүгедек емеспін. Ең бастысы, ойлай аламын. Керісінше, өмірге деген құштарлығым мықты болуы керек. Халыққа титтей болса да пайдамды тигізуім қажет», — дейді осыдан он сегіз жыл бұрын екі қолынан айырылған бірінші топ мүгедегі Тайбек Өтегенов.
Қазір ол құрылыс саласында халыққа пайдасын тигізіп жүр. Өмірдің осындай қатал сынына төтеп берген шалқарлық жігіттің бизнесте алға қойған жоспары
да бар.

«Тауық аяқ» туралы әңгіме

«Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы Шалқар аудандық филиалы мамандарының азаматтарды «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерліктің қыр-сырына үйретіп, оқытып жатқанына биыл төртінші жыл. Курс тыңдаушыларының көпшілігі бүгінде жеке кәсіпкерлігін ашып, өз бизнестерін жүргізіп жатыр.
— Осыдан екі жыл бұрын кәсіпкерлер палатасы арқылы арнайы санаттағы адамдар үшін мемлекеттік грант бөліне бастады. Алғашында жалпы сомасы 1 миллион 924 мың теңге көлеміндегі грант 12 адамға бұйырды. Олардың қатарында бірінші топ мүгедегі Тайбек Өтегенов те болатын, — дейді палатаның Шалқар аудандық филиалының директоры Бақытжан Анапин.
Оның Тайбекпен таныстығы Рамазан айы кезінде Шалқардағы аудандық Мәтей Қоқанұлы атындағы мешітте кездесуден басталады. «Мешітте қасыма келіп амандасқан жас жігітпен сөйлесе келе, одан жұмысы туралы сұрағанмын. Сонда ол: «Менде қандай жұмыс болсын…», — демесі бар ма?! «Егер сенде жұмыс болмаса, онда саған жұмысты мен тауып беремін. Сен мүгедек емессің, іс бастауға мүмкіншілігің зор адамсың», — дедім. Маған Тайбекке бұл сөзді айтуға себеп болған жағдайды да өзіне сол жерде баяндадым. 2017 жылы «Бастау Бизнес» жобасын аяқтағаннан кейін еліміздің әр өңірінен жиналған бизнес-тренерлер Алматыда бизнес форумға қатыстық. Сол жиында әйгілі боксшы Майк Тайсон мен аяқ-қолы жоқ, туабітті тетра-амелия кеселіне шалдыққан атақты Ник Вуйчичпен кездесу ұйымдастырылды. Залдағы үстелге екі адам көтеріп мінгізген Ник өзі «тауық аяқ» атап кеткен бойындағы екі саусақпен барлық істі тындыратыны туралы әңгімені Тайбекке сол жерде айтып бердім. Ник сияқты екі қолы, екі аяғы жоқ адамға мүгедек деп қараудың өзі әбестік екенін түсіндіріп, оған палата арқылы бизнес бастаудың мүмкіндіктерін айтқан едім. Осы әңгімеден соң көп кешікпей Тайбекті біздің филиалдың кеңсесіне жолықтырдым», — дейді Бақытжан Анапин.
Осылайша әлгі әңгімеден кейін бар ынта-ықыласымен палатаға келіп, «Бастау Бизнес» жобасының курс тыңдаушысы атанып, кәсіп ашудың қыр-сырын үйренген Тайбек Өтегенов ойда-жоқта кәсіпкер боп шыға келді. Әуелі жеке кәсіпкерлігін құрды. Тайбектің таланына сол жылы палата арқылы мемлекеттік гранттар да бөліне бастады. Бірінші топтағы мүгедек санатымен ол 250 мың теңге қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізді.

Ораза айындағы оң қадам

— 2018 жылы қасиетті ораза айында аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы Бақытжан Анапинмен Алланың үйінде кездесіп, сол кісінің ақыл-кеңесімен «Бастау Бизнес» жобасы арқылы курстан өттім, грантқа қол жеткіздім. Сол қаражатқа алған қуаты 280 вольттық генератор мен бетон айналдырғыш құрылғымды құрылыс жүргізушілерге жалға беремін. Бұл кәсіппен айналысып жатқаныма екі жылдай уақыт болды. Алайда құралдарым ескіріп қалды. Оның үстіне құрылысшылар қуаты 380 вольттық генератор мен көлемі үлкен бетон айналдырғышты жиі сұрайды. Бұл ұсынысымды кәсіпкерлер палатасындағыларға да айттым. Егер палата тарапынан тағы да қолдау болса, осы құрылғыларды алу жоспарымда бар, — дейді кәсіпкер жігіт.
Қазір ол көлемі кіші бетон айналдырғыштан күніне 5-6 мың теңге табыс табады. Жарық жүргізілмеген жерде құрылыс жүргізушілер көп жағдайда одан генераторды қоса жалға алып жатады. Бұл кезде табыс көлемі де артады. Тайбектің айтуынша, көлемі үлкен бетон айналдырғыштың нарықтағы бағасы 600 мың теңгеге жуықтайды. Бұған сәйкес қуаты жоғары генератордың бағасы да сол шамалас. Іске өнімді бұл құралды құрылыста пайдалансаң, бір мезетте 10 қап цементті езуге мүмкіндік бар. Тайбек «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы 2 миллион теңгеге жуық қаражат алуға ұсыныс білдіріпті. Оның бұл жоспарына облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова да қолдау білдіретінін айтып, сендірген.
— Егер осындай қымбат қондырғыға қол жеткізсем, онда тендер арқылы құрылыс жүргізетін компаниялармен келісімшартқа отырамын. Қазіргі күні қолда бар құрылғыларымды қарапайым халық құрылысқа пайдалану үшін жалға алады, — дейді кәсіпкер жігіт.
Болашақта ол кәсібін осылайша кеңейткісі келеді. Бүгінде аз қаражатты қанағат тұтып жүрген Тайбек тапқан табысына мал алып, оны көбейтуді де көздейді.

«Нұрғасырым — оң қолым»

2003 жылы, яғни жиырма бір жасында әскерден келген жас жігіт жоғары кернеулі 10 мың вольттық токқа түсіп, екі қолынан бірдей айырылады. Тайбек сол кездері өмірден түңіліп, өз-өзіне келмей, ұзақ жыл уайым жетегінде жүрді. «Өмірдің тамашасы мен кереметін ұмыттым. Қатты қиналдым. Шешімі жоқ тығырыққа тірелгендей болдым. Мұндай қиындықты жеңудің оңай емес екенін түсіндім. Ол үшін асқан төзімділік пен сабырлылық қажет екенін сезіндім. Екі қолым кесіліп, кемістіктің зардабын тартқан шақта анам мен бауырларым қолдау танытты. Жанымда болды. Кейін отбасын құрып, балалы болған кезде бұл қиындықтардың барлығы артта қалғандай болды», — дейді Тайбек.
Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық дейміз ғой. Тағдырдың жазуымен Тайбек осыдан төрт жыл бұрын Арайлыммен шаңырақ көтерді. Бүгінде олардың отбасында Нұрбақыт пен Нұрғасыр асыр салып ойнап жүр. Алты жасар Нұрбақытты өз баласындай бауырына басқан Тайбекке оның аутизм дертіне шалдыққаны жүрегіне шаншудай қадалады. Баланың болашағы үшін оның бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. «Менің екі қолымның жоқтығы түк те емес, он екі мүшесі сау бола тұра, әлемді танымайтын баламның бойындағы ауру жаныма қатты батады. Нұрбақытымды өз баламнан да артық көремін. Ұлымның несібесі мол. Мені осы қалпымда қабылдаған келіншегіме ризамын», — дейді ол сөз арасында.
Қазір Тайбектің басында бес бөлмелі үйі бар. Жиһазымен бірге жабдықталған мұндай зәулім үйге ол Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниевтің ықпалымен қол жеткізгенін айтады.
Отбасының кенжесі үш жастағы Нұрғасыр үнемі әкесінің жанынан табылады. Ол туралы: «Нұрғасырым — оң қолым. Үш жасар баладан қандай көмек күтуге болады дейтіндер бар шығар. Алайда ұлым менің көп ісімді тындырып, маған үнемі қолдау танытады, қасымнан бір елі қалмайды. Осындай жанашыр отбасымның барына шүкіршілік етемін. Осы бизнеске келгендегі мақсатым — отбасымды асырау әрі жан-жағыма аз да болса қолдау көрсету. Қазір мен қиындықтан қорықпаймын. Басқа түскен қиыншылыққа бұрынғыдай көзқараспен қарамаймын. Ең бастысы, еңсеңді түсірмесең, әрбір қиындықтың шешімі бар екенін түсінесің», — дейді Тайбек.
Мемлекеттің қолдауымен іс бастап, бизнес жүргізіп отырған Тайбектің өмірге деген құлшынысы осылайша артыпты. Қазір ол көлік те жүргізеді, көлден емес, құдықтан қауғамен су тартып, мал суарады, осындай көп жұмысты бір өзі атқара береді.Екі қолы жоқ жігіт мұндай жұмыстарды қалай атқарады деген сауал туындауы мүмкін. Тайбектің бір қолы иығынан сәл төменірек кесілген. Сол тұстағы бөлік оның көп шаруаны тындыруына ықпал етіп тұр.
Тайбек Өтегенов бір кездері жасанды қолмен де жүріп көрді. Бірақ қазір оған протездің қажеті жоқ. Барлық жұмысты протезсіз-ақ атқара береді. Мемлекет тарапынан оған протез берілгенімен, ол бұл құралдан бас тартып отыр.

Бүгінде рухы биік, жігері мықты, еңбекқор жігітке қолдау танытушылар көп. Алайда ол сондай жандардың қатарында бірінші кезекте палатаның аудандық филиалының директоры Бақытжан Анапинге, сондай-ақ өзіне және баласының емделуіне үнемі қамқорлық танытатын шалқарлық азамат, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті, Социалистік Еңбек Ері Нағым Қобыландин атындағы қайырымдылық қордың президенті Данияр Қобыландинге ерекше алғысын білдіреді.

Арайлым НҰРБАЕВА.
«Ақтөбе» газетінен.