ЕСЕТ БАТЫРДЫҢ БАУЫРЫ МЕН ЗАЙЫБЫНЫҢ ҚҰЛПЫТАСЫ ОҚЫЛДЫ

Дарқан дала төсіндегі ескірмеген ескерткіш тастар мен көне қорымдардың беймәлім сырына әлі терең бойлай алмай жүрміз. Қазақстан аумағында 900 жыл бойы, яғни ХХ ғасырдың басына дейін қолданылған араб әліпбиін оқитындар қазір сирек. Шежіре айтатын дуалы ауыз қариялардың қатары да азайған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы руханияттағы олқылықтардың орнын толтыру тұрғысында өткенімізді өшірмей, барымызды бағамдауға негізделгені аян.
Жазушы Тауман Төрехановтың еңбектерінде қазақтың айтулы батыры Көтібар Бәсенұлының алты ұлының бірі — Сатайдың бейіті Қауылжыр өзенінің Шалқар көліне құяр сағасындағы Сулыкөлдің «Қостам» қорымында екені айтылады. Бірақ арап қарпімен жазылған құлпытасы көп қорымнан Сатай баба бейітін дөп табатындар қазір әсіресе жастардың арасында мүлде жоқтың қасы.
Есімі ел есінде сақталған батырдың бейітін нақты анықтау үшін жуырда көне жазуларды оқитын Самат Әлжанов және ақтөбелік ардагер ұстаз Құдайберген Жетпісбаевтың бастамасымен, шалқарлық бір топ азаматтар болып бірігіп Сулыкөлдегі қорым басына бардық. Ескі шағын қорымның күншығыс беткейінде қара таспен кіндік тұсқа шейін өрілген қосарланған созылыңқы бейіт тұр. Онда бір құлпытас сыртына, енді бірі іш жағына қойылыпты. Алдымен, сыртқы құлпытастың бетін тазалап, жазуларына анық көз жеткізудің қамын жасадық. Самат Әлжанов оны бірнеше қайтара оқып, «Руы Қарабас, Жапақ тайпасы Көтібар баласы Сатай 40 жасында 1862 жылы қайтыс болған» деген дерек жазылғанын анықтады. Арамыздағы көне әріптерді ажырататын тағы бір серігіміз Нұрлыбек Бекжановтың пікірі де осы болды.
Ал іштегі екінші белгітастағы жазулардың бір тұсында: «Батыр деген сөз анық бар»,—деді Самат Әлжанов. Демек, бұл құлпытастың да бір тарихи дерекке нұсқап тұрғаны ғой?
Біз қос құлпытасты суретке түсіріп, осы деректерді әлде де нақтылай түсу үшін Алматы, Ақтау қалаларындағы көне қаріптерді оқитын мамандарға жолдадық. Оның ішінде Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры Нұрлан Құлбай да бар. Мамандардан келген жауаптар, күткеніміздей, алғашқы оқылыммен сәйкесті. Яғни бірінші (бейіт сыртындағы) құлпытаста: «Қарабас руы Жапақ тайфасы Көтібар баласы Сатат (Сатай) уфат қырық жасында 1862 сәнәдә қылдырды баласы Әннет» деп жазылса, екіншісінде: «Қабақ руы Қарабас тайфасы Есет батыр халалы Балсары уфәй алпыс йашында 1869 қылдырды баласы Дәу мырза батыр» делінген екен.
«Тасын түртсең, тарихтан сыр шертетін» қазақтың қай жерін алып қарасаң да, сыр-құпияға толы деген осы. Көне қорымдарда әлі де танылмай жатқан бабалар бейіті қаншама?!

Мұхтар МЫРЗАЛИН.