Ыбырайым ата — мақтанышым

Жыл өткен сайын ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарына аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады. Сондықтан Ұлы Жеңіс майдангерлерін сыйлап, оларды құрметтеу, оларды еске алу, қамқорлық жасау — басты борышымыз.
Осы мақсатта №2 мектеп-гимназиясының 6 «а» сынып оқушысы Дияра Ыбырайымова соғысқа қатысқан атасы Ыбырайым Мырзалин туралы естеліктерін былай деп әңгімелейді:
— Атам Ыбырайым — Ұлы Отан соғысына қатысушысы. Менің тегім атамның атына жазылған. Атам 18 жасында 1942-44 жылдары Ұлы Отан соғысында Солтүстік батыс майданында Старый русь жерін қорғауда болады. 1944 жылы осы соғыстан ауыр жараланған. Атам әділдікті жаны сүйетін абзал адам болыпты. Өз басындағы қиындықтарды жеңіп, ісіндегі адалдық пен шыншылдықты айналасына да көрсете білген екен. Бейбіт елдегі еңбектері бағаланып, «Ұлы Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдарымен наградталған. Әкемнің айтуынша, атамыз неміс фашистеріне аяусыз соққы беріп, айбынды Қызыл Армияның қатарында жүрген. Батальон шабуылында жүрген атамның күл-талқаны шыққан атыс ішінде зеңбірекшілер арасында жау шебіне қалай лап қойғанын әкем ылғи айтып отыратын. Атам Ыбырайым үлкен ротаның жауынгері, сержанты болған.
Атам құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін аудандық білім бөлімінде бас есепші болып 40 жыл қызмет атқарды. «Қазақ ССР-нің білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. Атамның өшпес осындай ерліктерімен мақтанамын, — дейді Дияра.
Аталар ерлігімен мақтанатын бейбіт заманның ұрпақтары жасасын! Келер ұрпақтың көңіліне еш кірбің түспесін деп тілейміз.

З.Еспембетова,
№2 мектеп-гимназиясының ғылыми ұйымдастырушысы.