Ұлы Жеңістің мерекесіне міне, биыл 75 жыл толып отыр. Осы айтулы мереке күндері соғысқа қатысқан майдангерлермен еңбек майданында тер төккен ардагер ағаларымыз бен апаларымыздың омырауларындағы наградалардың жарқылы мен келбеттерінен орасан зор бақыт пен
тебіреніс сезінеміз.
Иә, Ұлы Отан соғысының зияны мен зардабын біздің қазақ халқы да аз тартқан жоқ. Ерлеріміз қан майданға аттанса, әйел-аналарымыз елде қалып, тылда аянбай еңбек етті. Сол Отан соғысының нүктесін қойған Ұлы Жеңіске биыл 75 жыл. Қаншама отбасының басына қайғы қасырет әкелген тарихтағы ең ауыр соғысқа біздің Шалқар өңірінен көптеген азаматтарымыз қатысып, ерлік көрсетіп, өз үлестерін қосты.
Соғысқа қатысқан сондай ардақты ардагерлеріміздің бірі марқұм Бейсенбі Умашев. Ол 1917 жылы Шалқар ауданының №1 ауылында дүниеге келген. Ұлы отан соғысына әкесі Тауман екеуі бірдей аттанған. Екі бірдей арысын 1941 жылы маусым айында өз қолымен қан майданға аттандырған анасы Ақыш ұлының артындағы қалған жалғыз қарындасы Зада және жалғыз інісі Жансерікпен қала берді. Бейсенбі Тауманұлы сұрапыл соғыс жылдары Сталинград, Украина, Владивосток, Белоруссия, Смоленск, Хобаровск, Киев, Ромный, Москва қалаларын жау қолынан азат ету соғысына қатысқан. 1943 жылы Воронеж шайқасында №167-дивизияның 465-полкінде командир қызметін атқарған марқұм нағашым Ұлы Жеңісті Праганың қасындағы Оломуцте қарсы алыпты.
Зайыбы Қаншайым Төлегенқызы екеуі 49 жыл отасып өмірге 5 ұл, 4 қыз әкеліп тәрбиелеп өсірген ардақты ата-ана. Олар: Қабыл, Ғалымжан, Бектас, Нұрлан, Сәкен, Сәкүл, Гүлжи, Гүлжамал, Гүлзира. Балаларының барлығы дерлік жоғарғы білімді азаматтар. Марқұм нағашымның өзі де өмірлік зайыбы да мұғалім жандар. Өз заманында халқының қалаулысына айналған қос педагогтың ұстаздық еңбектері ескеріліп, 1965 жылы «Халық ағарту ісінің озық қызметкерлері» белісімен мараптталған. Қазір өкінішке орай, мен үшін бұл аса қымбат жандар мына фәниде жоқ. Дегенмен де «орны бар оңалар» демекші, сол 9 баладан ошағын өшірмес 38 немересімен 39 шөберелері бар.
Ал марқұм нағашымның бір анадан туған жалғыз қарындасы, теңестірілген тыл еңбеккері Зада Тауманқызы қазіргі таңда Тоғыз стансасында тұрады. Ал інісі ауданның сыйлы азаматы атанған, марқұм Жансерік Тауманұлы Шалқар қаласында тұрған.
Бүгін міне, сол Жеңістің арқасында егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болып өркендеп, өсіп, қарыштап дамып, көк туымыз дүние жүзі алпауыт елдерімен теңесуде. Осындай жанкешті батыр аға-апаларымыздың ерліктері ұрпақтар жадында сақтала бермек. Оны біз ұмытпай айта жүруіміз қажет.
Жұмабай Әбішев, кітапханашы.
Тоғыз стансасы.