ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН ШУДАБАЙ АТА

Шалқар ауданынан соғысқа 7200-дей жауынгер аттанып, 1500-ге жуығы ғана елге аман-есен оралған. Ал  алдағы Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесін аудан бойынша жалғыз ардагер тойлағалы отыр. Оның есімі тоқсаннан асса да  салтанатты шаралардың сәнін кіргізіп, шаршы топта көпке батасын беріп жүрген Шудабай Тақаев. Уақытында қария тыл мен майданда тең жүріп тер төгіпті. Бұлай деуге оның өмір жолының өзі дәлел. Шудабай ата 1926 жылы ауданға қарасты Жаңажол колхозында дүниеге келеді.  Ол  кішкентайынан ат жалында ойнап өседі. Өйткені оларды заманы солай ыңғайлап, бұғанасы бекіместен ауылға тән қара жұмысқа жегеді.
— Соғыстың басталғанын біз Қарашеген деген жерде отырғанымызда ауылымызда пошташы болып жұмыс істейтін кісіден естідік. Соғыстың не екенін де білмейміз. Бірақ сол хабар жеткенде  үлкен кісілердің өңдерінің бұзылғанын көріп, бір жамандықтың болғанын жас болсақ та сездік. Әркімнің майданға аттанып жатқанын көзбен көрдік. 1942 жылдың күзінде жоғарының шешімі бойынша, біздің Жаңажол колхозының қоғамдық малын  Талдықорған облысына көшіретін болды. Мен осы мал айдасушылардың қатарына ендім. Жолда Қызылорда облысының Тереңөзек станциясына табан тіредік. Осы жерге келген кезде жоғарыдан көшке тоқтау салып, алдымыздағы малды осында бір жылдай қыстататын болдық. Қыстаққа түскен сол кездегі мал саны — 600 қой, 80 жылқы, 80 сиыр және 9 түйе. Сөйтіп, 1943 жылдың маусым айында малды түгелдей Шалқарға қайта айдадық. Артынан білгеніміздей,  бұл ерсілі-қарсылы мал айдауымыздың себебінің өзі — соғыстан сақтанудың бір шаралары екен, — дейді майдангер қарт.
Он сегіз жастағы Шудабай 1944 жылы аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен әскер қатарына алынады. Онымен бірге Шалқардан Бақыт Әбуов, Сермұхан Сайымов, Қойшыбай Есенқұлов, Күзенбай Мақашов, Жұмабек Құдияров есімді азаматтар бірге кетеді.
Олар Ресейдің Чкалов (қазіргі Орынбор) қаласында запастағы 92-дивизияның құрамында болып, төрт ай арнайы әскери дайындықтан өтеді. Майдангердің айтуынша, сол кезде олар Берлин үшін ақтық шайқасқа дайындалыпты. Нағыз қақтығысқа сайдың тасындай жауынгерлер іріктелген. Сол Берлин түбіндегі шайқаста Шудабай Тақаев та болады.
— Сөйтіп, бізді Берлинге әкелді. Бұл  1945 жылдың сәуір айы болатын. Кеңес жауынгерлері осы айдың аяғында Германия астанасын қоршауға алды. Ең алғашқы болып 57384-артиллерия полкы ұрысқа кірісті. Мен осы полктың құрамында  зеңбірек көздеушісі болдым. Берлин қаласына қуаты мықты артиллериядан қатты соққылар беріліп жатты. Немістердің бас қаласына бірінші болып генерал Сухов бастаған бронды танк жауынгерлері басып кірді. Сол жерде көптеген достарымыз ерлікпен қаза тапты. Мен де сол қолымнан ауыр жарақат алып, екі айдай Бранденбург қаласындағы №3253 госпиталына таңылдым. Жеңіске жеткенімізді осы госпитальда жатып естідім. Қалай десек те, соғыстың жарасы жүрегімізде әлі тұр. Осы соғыс салдарынан ІІ топ мүгедегі атандым. Өскелең ұрпақ бұндай қасіретті көрмесін, — деп өткенді ауыр күрсініп есіне алды кейіпкеріміз.
Соғыс аяқталғанымен, ол елге бірден оралмайды. 1946-47 жылдары Бранденбург қаласындағы артиллерия полкінде училищеде оқып, аға сержант шенін алады. Содан жас жауынгерлерді 1950 жылдың 13 қарашасына дейін кәнігі артиллерист мамандығына оқытып, полк құру ісіне белсене атсалысады. Осы жерде жауынгердің еңбегі еленіп, бірқатар марапаттарға ие болады. Соның бірі 1950 жылы полковник Юдкиннің қолы қойылған «Үздік артиллерист» төсбелгісі болатын.
Майдангер соғыстан елге оралғанда Шалқар ауданында халықтың тұрмысы, әлеуметтік  жағдайы  ауыр кезеңде еді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы тұралап жатты.  Ол осы мал шаруашылығын бір жолға қою жұмысына белсене атсалысады.
Майдангер Шудабай Тақаев «Германияны жеңгені үшін», «Польшаны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін», маршал Жуковтың медалін,  Ұлы Отан соғысының ордендерімен, Жеңістің әр жылдардағы мерекелік медальдарымен марапатталған. Отбасында әлі күнге дейін шүйіркелесіп отырған қосағы  Бәдигүл әжемен 11 бала өсіріп, одан 20 немере, 10 шөбере сүйіп отырған өнегелі қариялар. Жылда үрім-бұтақтары Ұлы Жеңіс мерекесін осы ата мен әже отырған киелі шаңыраққа келіп тойлайды.
Ардагер жастар алдында берген батасында ылғи өскелең буынның өмірлері соғысқа ұрынбауын, мәңгілік бейбітшілік болуын тілейді.
 

Мұхтар МЫРЗАЛИН.