Алғы шептегі өшпес ерлік

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 75 жыл өтсе де, соғыс зардабы ұмытылмайды.
Осы соғысқа қатысқан Бірмағамбет Байжанов 1922 жылы Шалқар қаласында дүниеге келген. 1937 жылы сол кездегі саясаттың әсерінен оның әкесі Байжан Данабеков ұсталып кетіп, содан хабарсыз кетеді. Шешесі де осыдан кейін ерте өмірден өтеді. Әкем нағашылардың қолында тәрбиеленіп, 20 жасында 1942 жылы сол жерден аудандық әскери бөлімінен әскер қатарына шақырылып соғысқа аттанды.
Әкемнің соғысқа байланысты кезіндегі құжаттары көшіп қонып жүргенде жойылып кеткен. Үнемі сол құжаттарды тауып, әкем туралы көп білсем деп ойлап жүретінмін… 2014 жылы ғаламтор арқылы Ресей сайттарынан бірінен әкем туралы маңызды құжаттарды таптым. Сол кездегі қуанышымда шек болмады, тіпті әкем тіріліп келгендей болдым. Міне, соғыс кезіндегі басынан өткен ерекше оқиғалараның бірі: «Екінші атқыштар ротасының атқыш қызыл жауынгері Бірмағамбет Ленинград облысы Порхов қаласы үшін шайқаста 1944 жылы 25-26 ақпанда өзін Отан үшін батыл және жанқиярлық жауынгер ретінде көрсетті», деп баяндалады. «1944 жылы 25 ақпан…
Байжанов Бірмағамбет Заходы Киевка кентіндегі шайқаста қазақтардан құралған взвод жауынгерлеріне командир бұйрығын орыс тілінен қазақ тілін де аударып жеткізді. Осы-лайша жеке айрықша ерлігі мен жауынгерлердің ал ды на түсіп, оларды өз артынан ертті».
Әкем осы шайқаста 6 неміс солдатының көзін жойыпты. Осы ерлігі үшін «За отвагу» медалімен Советтер Одағының Жоғарғы Кеңесінің Президиумы атынан марапатталды.
Тағы бір оқиға: Сержант Байжанов Бірмағамбет 1944 жылдың 9 шілдесінде Вуокси өзенін еңсеру кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы — екінші рейспен зеңбіріктерді тасымалдау кезінде өзеннің ортасында паром аспаннан бомбалық соққыға ұшыратты. Суда шебер бағыттаудың арқасында паромды от аймағынан алып шықты және паромның оқ тиген тесіктерін ағаш жаңғаларымен бітейді. Нәтижесінде жүк қарсы жағалауға уақытылы жеткізілді. Үш күн үздіксіз жұмыстың арқасында 39 рейс жасалды, көп жауынгерлік техника, оқ-дәрілер, жаяу әскер тасымалданды.
Вуокси өзенінің еңсеру кезінде тапсырманы үздік орындаған үшін, сонымен қатар көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін әкеміз ІІІ дәрежелі «Данқ» орденіне лайықты деп танылып, оған қол жеткізді.
Соғыстан кейін 1949 жылы үйленіп, өмірге бес бала келді. Сол кезде Шалқар ауданында мал шаруашылығын өркендетуге атсалысып, зоотехник болып қызмет атқарды. Соғыста үш рет алған жарақаттары асқынып, 1963 жылы ұзаққа созылған аурудан Шалқар қаласында қайтыс болады. Өмірден өткендігі туралы куәлігінде ауруы майданда болуымен байланысты деп жазылған.
Анам Елемесова Қамаш тыл ардагері, соғыс кезінде 13 жасынан бастап Арал қаласының балық зауытында сұрыптаушы болып еңбек еткен.
Әкеміз қайтқаннан кейін 1 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Еңбек жолын Шалқар ауданаралық базада койма меңгерушісі болып, сол жерде зейнеткерлікке шықты. Өмірдің соңына дейін Шалқар қаласында тұрды. 2015 жылы өмірден озды.
Балалары Шалқар, Ембі өңірлерінде темір жол және басқа салада еңбек етіп, қазір құрметті демалыста.
Әкеміз небәрі 41 жыл өмір сүрген. Қырғын соғыстың алғы шебінде жүріп, өшпес ерлік көрсеткенін, ауданның мал шаруашылығын өркендетуге үлес қосқанын артындағы ұрпақтары мақтан тұтады.

Қызы Қалаужан Байжанова,
Нұр-Сұлтан қаласы.