1 МАМЫР — ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ

Бірлігі ажырамаған ауыл

Талайдың еңбегі бар тері сіңген.
Кешегі өткен Кеңестің заманында,
Мекендеген орыс пен неміс, дүңген.
Жүзге де, руға да бөлінбеген,
Аузы бір, қолда барды бөліп жеген.
Қуаныш та, қайғы да бәріне ортақ,
Бозойда өмір сүру өмір дер ем, — деген өлең жолдарынан-ақ Бозойдың берекесі мен бірлігі ондағы отырықшы халықпен өзге ұлт өкілдері арасындағы достықтың алтын діңгегіне айналғандығының айғағы іспетті. Бозой — құт дарыған киелі мекен. Ұшқан құс пен жүгірген аң кездеспейтін иен далада жаратқанның қазақ деген ұлы халыққа беріп қойған сыйы деп түсінуге болады.
Бозой — аудан орталығынан 220 шақырым, облыс орталығынан 600 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдық округтің орталығы. Бұхара-Орал газ тасымалдау желісінің осы өңірде орналасуына байланысты 1961 жылы Бозой Газшылар қалашығы пайда болды. Бұл жерде ауылшаруашылығы бұрын болмаған. 1997 жылы Бозой селолық атқару комитеті Бозой ауылдық әкімшілік округі болып қайта құрылды. Округ оңтүстігінде 40 шақырым қашықтықта Арал теңізімен, шығысында 60 шақырым қашықтықта Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды елді мекенінен, оңтүстік батысында 67 шақырым қашықтықта Өзбекстан Республикасы, Қарақалпақ елімен, батысында 120 шақырым қашықтықта Маңғыстау облысы елді мекендерімен шектесіп жатқан шекаралық аймақ болып табылады. Қазіргі таңда 41 шаруа қожалығы бар. Мұнда 11 жылдық мектеп, балабақша, 300 орындық мәдениет үйі, күндізгі стационар-амбулатория, «Қазпошта», обаға қарсы күрес бөлімшелері жұмыс жасайды. Отыздың үстінде шағын кәсіпкерлікпен айналысатын азық-түлік, күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар мен жанар-жағар май бекеті, 3 монша, 2 ресторан, 2 наубайхана, 2-3 шағын кафе-бар, 2 үлкен қонақ үйі, 3 шаштараз, тағы басқа нысандар жүйелі түрде жұмыс жасайды.
Бозойда 3000-ға жуық халық тұрады, барлығы дерлік жұмыспен қамтылған. Халықтың әл-ауқаты жақсы. Қазіргі таңда ауылда 7-8 ұлттың өкілдері (неміс, украин, орыс, еврей, татар, чуваш, әзербайжан, хахол) өмір сүруде. Бүгінгі әңгімемізге арқау болатын жандар да сол ұлттың өкілдері.
Әңгімемізді сонау 1960-61 жылдардан бастап көрейін. Бозойда алғаш газ құбыры тартылғаннан бастап, бұл жерге жан-жақтан жұмысқа арнайы білімі бар мамандар келе бастады. Олардың көпшілігі өзге ұлт өкілдері болатын. Біздің қазақ халқы қай кезде де қонақжай халық ешбірін жатсынбай қабылдады. Сол жылдары еңбекші елдің 80 пайызын өзге ұлт өкілдері құрады. Елдегі ауызбірлік пен қатар татулық пен достық деген ұғымдарға баса назар аударылды. Әрі-беріден соң жастар ұлт айырмашылығына қарамастан бір-біріне үйленіп отау құра бастады.

Кешегі 1997-98 жылдары қайта құру заманы кезінде өзге ұлт өкілдері өз елдерінде үдере көшкен кезде отырған орынын суытпай Бозойда қалған жанұялар жеткілікті. Олар осы күнге дейін қазақтармен қоян-қолтық араласып, құдандалы болып кеткен жандар. Өздері де балалары да қазақ тілінде еркін сөйлейді, балалары қазақ мектебінде оқиды. Ұлдары қазақ қызына үйленсе, қыздары қазаққа тұрмысқа шықты. Олар қазақтың ұлттық құндылықтарын бағалап, салт-дәстүрлерін бойларына сіңіріп, оған құрметпен қарауды үйренді.
Солардың бірі Нұрия Төрениязқызы. Ол 1961 жылы осы Бозой топырағында дүниеге келген. Әкесі Төренияз Аланиязұлы ұлты қазақ. Анасы Забира Ибрай-қызының ұлты башқұрт. Ерлі-зайыпты екеуі де осы Бозой газ құбырында еңбек демалысына шыққанша еңбек етті. Нұрия балаларының үлкені. Мектепті бітірісімен Ақтөбе қаласындағы педучилищеге оқуға түседі. Оқып жүріп болашақ жары Айдынмен танысып, көп ұзамай екеуі үйленді. Жары Айдын Мурадов ұлты Әзербайжан. 1953 жылы Бакуде дүниеге келген. Сол жылдары ол Ақтөбедегі көпірдің құрылысын салысып жүрген жас маман болатын. Екеуі 1978 жылы үйленіп Баку қаласына кетеді. Сол жақта тұңғыштарын дүниеге әкелді. 1982 жылы Бозойға келіп, еңбекке араласты. Айдын екеуі бес ұл, екі қыз өмірге әкеліп, Нұрия «Алтын алқа» иегері атанды. Бала санымен зейнеткерлікке шықса да еңбектен қол үзген емес. Үш ұлы да қазақ қыздарына үйленді. Қазіргі таңда Нұрия 8 немеренің әжесі, бақытты ана. Балаларының есімдерін қазақша атады. Келіндері ибалы, инабатты.

Енді бірі Пудалов Владимир Борисович.1960 жылы Нижний Новгород қаласында дүниеге келген. Ұлты еврей.1984 жылы жолдамамен Бозойға келген ол осы ауылдан өмірлік серігін кездестіріп, қазақ қызына үйленіп қалып қояды. Жары Балдырған Қалешқызы.1961 жылы осы Бозой топырағында дүниеге келген. Балдырғанның ата-анасы Қалеш ағай мен Қарашаш апай көп бала тәрбиелеп өсірген, елге еңбегі сіңген жандар болатын. Қалеш ағай өмірінің соңына дейін Бозой газ құбырында еңбек етті. Қарашаш апай орталық дүкенде ұзақ жылдар қызмет атқарады. Балдырған мен Владимир 1985 жылы үйленіп, бас қосты. Балдырған ұзақ жылдар аэропортта кассир болып қызмет атқарды. Володия екеуі 2 ұл, 2 қыз сүйді. Балалары қазақ мектебінде оқып, кейін жоғары оқу орындарында білім алып, мамандықтары бойынша еңбек етуде.
Бір қызы қазаққа, енді бірі италиялық азаматқа тұрмысқа шықты, балалы-шағалы. Екеуі де Атырау қаласында тұрады. Ал екі ұлы Ақтөбе қаласында, «Тенгиз-Шевройл» компаниясында мамандықтары бойынша еңбек етуде. Володия да осы мекемеде басшылық қызметте вахта әдісімен еңбек етуде. Балдырған үй шаруасымен айналысады. Ата заманнан күйеуді сыйлаған қазақ елі Володяны өз баласындай қабылдап, төрінен орын берді. Түсінген жанға бұдан артық қандай құрмет керек деп ойлаймын.

Ойлап отырсақ өмір өзі қызық қой, «Адамның басы Алланың добы» дегендей, жер шарының бір бөлігінде дүниеге келіп, саналы ғұмырын сол жердің екінші бір бөлігінде өткізіп жатқан жандар қаншама десеңізші. Сондай жандардың бірі біздің келесі кейіпкеріміз Васильева Елизавета Михайловна, ұлты чубаш. 1937 жылы Татарстан-Казань қаласында дүниеге келген. 1972 жылы немере апа-жездесі Халимова Лиза мен Халимов Бористің шақыруымен осы Бозой ауылына келеді де осында тұрақтап қалады. Ұлы Сергей мен қызы Елена Бозой орта мектебін бітіріп, Ресейге қоныс аударады. Лиза апай Бозойда құрылыста сылақшы болып ұзақ жылдар еңбек етіп, 1993 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Кешегі жылдары өзге ұлт өкілдері жаппай өз елдеріне көшіп жатқанда ол Бозойдан көшпей қалып қойған көрінеді. Бұған себеп Бозойға бауыр басуында болуы мүмкін.
— Лиза апай еліңізге қайтқыңыз келмей ме? — деп сұрағанымда.
— Жоқ. Әзірге ондай ойым жоқ деп жауап берген болатын.
Осы бір ауыз сөзімен-ақ қазақ халқына, Бозойға деген ризашылық сезімін жеткізе білді деп ойлаймын.

Қазақта қаймағы бұзылмаған ел деген ұғым бар. Осы бір сөз Бозой жері туралы айтылған сияқты болып көрінеді маған. Бұл сөзімізге Шарипов Халил Фанихович пен Шарипова Татьяна Борисовнаның отбасының жарастығы дәлел. Халилдің ұлты татар.Татьянаның ұлты орыс. Екеуінің де ата-аналары 1971 жылдары жолдамамен Бозойға келген көрінеді. Халилдің әкесі дәнекерлеуші, анасы балабақшада аспазшы болып жұмыс істеді. Татьянаның әкесі байланыс бөлімінде, анасы орталық жылу қазандығында оператор болып еңбек етті. Кейін Таняның ата-анасы туған жерлеріне көшті. Халилдің ата-анасы осы жерде дүние салып, осы елден топырақ бұйырған екен.
1983 жылы Халил мен Таня жүрек қалауымен үйленіп, шаңырақ көтереді. Екі қыз, бір ұл дүниеге келеді. Балаларының бәрі Бозой орта мектебін бітіріп, жоғары білім алып, мамандықтары бойынша еңбек етуде. Риммасы Россияда, Маргаритасы Ақтөбе қаласында. Ұлы Денис қолында. Халилдің өзі трубокладчик болып еңбек етуде. Татьянасы мектеп жанындағы интернатта тәрбиеші болып еңбек етуде. Екі немере сүйіп отырған ата-әже.
Осы жоғарыда аттары аталған азаматтар мен азаматшалардың барлығы Бозойдың топырағынан нәр алып, өсіп-өнген өзге ұлт өкілдері. Олардың бәріне ортақ бір ғана шынайы сезім туған жерге, өскен ортаға деген перзент махаббаты тұр. Бұл сезім ғасырлар бойы тамыры тереңде жатқан халықтар достығының жемісі екені де даусыз.

Гүлжан Сәкенова, Бозой ауылы.