АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ, ШЕКТІ БАҒА САҚТАЛАДЫ

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында түрлі ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Оның ішінде тұрғындардың азық-түлікке деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз ету күн тәртібінен түскен емес. Осы міндеттерге орай ауданымызда да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тоғыз атауы бойынша шекті бөлшек сауда бағасын тұрақты ұстау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Арнайы бекітілген штаб құрамы аталған маңызды азық-түлік тауарларының бағасына жиі мониторинг жүргізіп, азық-түлік дүкендерінің иелерімен тығыз байланыс орнатуда. Біз осы ретте аудан халқын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған сауда орындарының басшыларымен тілдесіп, төтенше жағдайға байланысты уақытша қойылған талаптарға деген пікірлерін білдік.

Азамат Оразымбетов, «Қанағат» супермаркетінің иесі:
— Әрине, бұндай әлем жұртшылығы алаңдаған сын сағаттарда қандай да қойылған міндеттер мен талаптарды орындау азаматтық парызымыз деп білемін. Өзіміздің тарапымыздан азық-түлік тауарларына, оның ішінде халық көп тұтынатын аталған тоғыз атау бойынша белгіленген тағам түрлеріне қойылған нақтылы бағадан асырмауға біз де толығымен келісеміз. Тұрғындар арасында азық-түлікке деген әзірге кереғар пікірлер жоқ, тағам түрлерімен толығымен қамтамасыз етіп отырмыз. Осындай кезде біз бағаны негізсіз өсіріп, пайда ойлауды бұрыс санаймыз. Уақытша тоқтаулардан ауызбіршілікпен өтіп, сынақтарды жеңетінімізге сенімдімін.

Мира Дәрменқұлова, «Гауһартас» азық-түлік дүкенінің сатушысы:
— Халық біздің дүкенімізге үздіксіз келіп, саудасын емін-еркін жасауда, шағымданушылар жоқ, жағдай тұрақты. Бірқатар азық-түліктеріне қойылған шекті бағамен біз жақсы таныспыз, ол талаптарды орындауға құқылымыз да. Сондықтан жерлестерімізді сабырлылыққа шақырып, қандайда алынған шараларға түсіністікпен қарауға шақырамын. Азық-түлік қоры жеткілікті, тасымал жолға қойылған, сондықтан алаңдауға негіз жоқ.

Арман Әлімбаев, «Тұғыр» маркетінің иесі:
— Осы уақытша шектеулерді сабырмен күтіп, жеңе білуіміз керек. Күнделікті сауда барысында байқағанымыздай, қазір тұрғындардың жүзінен бастапқы кездегідей емес, сабырлылықты, ертеңге сенімді аңғарамыз. Біз де ортақ талаптарды орындап отырмыз, бағаны негізсіз өсіруге жол бермейміз. Біздің кәсібіміз осы халықтың арқасында, көптің сұранысымен ілгерілеп отыр. Ендеше, қысылтаяң тұстарда көппен бірге болмау азаматтығымызға сын болары даусыз.
Осындай бір тоқтамға ұйысқан пікірлерді қаламыздағы «Бек-Аслан» азық-түлік дүкенінің иесі Бекберген Орынбасаров, «Сұңқар» сауда үйінен Жұлдыз Қорғанова, «Дулат» шағын маркетінен Сәнімгүл Жұбанышова есімді сатушылардың да өз аузынан естідік. Штаб мүшесі ретінде аудан орталығындағы азық-түлік дүкендеріне жиі бас сұғып, бағаларға назар салып жүрген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Князбаевтың пікірі де осыған саяды.
— Елдің елдігі осындай сәттерде айқын көрінеді емес пе?! Елге аталы сөз айтып жүргендердің сапынан болғандықтан қазіргі күн мен өткен шақты ойша саралаймыз. Қазақ елі бұдан да қиын күндерден аман-есен өтті емес пе? Бәріне де ауызбіршілік пен төзімділік қажет. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қабылдаған шараларын қуаттап, жергілікті биліктегі азаматтармен қоян-қолтық жұмыс істеуіміз қажет. Халық көп тұтынатын белгіленген азық-түлік түрлеріне негізсіз бағаның қойылып жатқанын мен әзірге байқамадым. Алда да кәсіпкерлеріміз ортақ талап үдесінен шыға беретініне сенемін, — дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы.

М.КӘДІРБЕРДІҰЛЫ.