Шалқар ауданының Бозой, Кішіқұм, Тоғыз ауылдық округтері аумағында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы

Мен, Шалқар ауданының Бас Мемлекеттік санитариялық дәрігері Гүләйім Бисенбайқызы Құдайсүгірова, «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 Жарлығының 3-тармағы 4) тармақшасы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 150-бабын, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №239 бұйрығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының аумағында шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру қағидасының 2 және 6-тармағын және «Қазақстан Республикасы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасының Бас Мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 1 сәуірдегі №30-ПГВр қаулысын басшылыққа ала отырып, көршілес шекаралас аумақтарында (Қызылорда облысы және оның Арал ауданында) коронавирустық инфекциялық жағдайларының тіркелуіне байланысты, сонымен қатар тұрғындар арасында инфекцияның кеңінен таралуының алдын алу мақсатында, ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

  1. Шалқар ауданының Бозой, Кішіқұм, Тоғыз ауылдық округтері аумағында 2020 жылдың 11 сәуірінде сағат 00-00-ден бастап кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызмет пен халықтың өмір сүруінің ерекше жағдайлары бар шектеу енгізілсін.
  2. Шалқар ауданының әкімі және Бозой, Кішіқұм, Тоғыз ауылдық округтерінің әкімдеріне:
    2.1. Қызылорда облысынан Шалқар ауданының Бозой, Кішіқұм, Тоғыз ауылдық округтері аумағына кіруге шектеу енгізіп, авариялық-құтқару қызметтерінің, жедел медициналық көмектің қолжетімділігін және үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді ескере отырып, аймаққа кіру/шығу пункттері анықталсын.
    2.2. Автокөліктер және азаматтарды өткізу үшін блокпостар орнатылсын және автокөлік құралдарының барлық түрлерінің және азаматтардың кіріп-шығуына тыйым салынсын, мыналарды қоспағанда:
  • жедел медициналық көмек пен санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің, сондай-ақ медициналық қызметкерлерінің автокөліктерін;
  • жұмыс берушінің анықтамасы (жұмыс кестесі/уақыты көрсетілгенде) болған жағдайда жұмысқа бара жатқан азаматтардың жеке автокөліктерін;
  • азаматтық қорғаныс қызметінің, өрт сөндіруші және апаттық-құтқару автокөліктерін;
  • Бозой, Кішіқұм, Тоғыз ауылдық округтерінің өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық кәсіпорындарының тыныс-тіршілігін үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз ететін өндірістік тауарлары мен материалдары, азық-түлік тауарлары, дәрі-дәрмек құралдары мен медициналық бұйымдары бар автокөліктерін;
  • транзиттік автокөліктерін;
  • коммуналдық, авариялық қызметтердің: электрмен, газбен, сумен және жылумен жабдықтау, қоқыс жинау, сондай-ақ байланыс пен коммуникациялардың автокөліктерін;
  • құқық қорғау органдары мен қызметкерлері;
  • мамандандырылған инкассаторлық көліктерін;
  • жерлеу үдерістерінде еріп жүретін адамдардың ең көп саны он адамнан аспайтын автокөліктерін;
  • перзентханалардан босанып шыққан әйелдерді жаңа туылған балаларымен медициналық картадан үзіндісі болған жағдайда.
    2.3. Блок-бекеттерінен өткен кез-келген тұлғаның денсаулық жағдайын тексеру (температураны өлшеуді) қамтамасыз етілсін.
    2.4. Көліктерді кіргізудегі блок-бекеттерді дезинфекциялық тосқауылдармен қамтамасыз ету.
    2.5. Блок-бекеттерге тартылған қызметтердің жеке гигиенасын сақтау үшін қажетті жағдайлармен, жеке қорғану құралдарымен және жабдықтарымен қамтамасыз етсін.
  1. Бозой, Кішіқұм, Тоғыз ауылдық округтері тұрғындарына:
    3.1. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерлерде жүріп-тұруына тыйым салынсын;
    3.2. 65 жастан асқан азаматтарға өзін-өзі изоляциялау режимі сақталсын;
    3.3. Респираторлық инфекцияның алғашқы белгілері (мұрын біту, түшкіру, дене қызуының жоғарылауы) пайда болған кезде 103 нөмірі бойынша жедел медициналық жәрдем шақыру арқылы дереу медициналық көмекке жүгіну қажет;
    3.4. Жерлеу рәсімін жүргізу кезінде кемінде екі метр қашықтықты сақтай отырып, адамдардың шоғырлануы он кісіден аспайтын болсын;
  2. Барлық меншік нысанындағы ұйымдардың басшыларына:
    4.1. Қызметкерлерді ұйымдастырылған тасымалдаумен қамтамасыз етсін;
    4.2. Жұмыс орындарында өз қызметкерлері мен клиенттердің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолғаптар мен бір рет қолданылатын маскалар беру;
    4.3. Дүкендердің, дәріханалардың, медициналық мекемелердің және т.б. кіреберісінде санитайзерлер орнатсын;
    4.4. Үй-жайларда күніне екі реттен кем емес ылғалды жинау және дезинфекциялау жүргізсін;
    4.5. Объектінің аумағын дезинфекциялық құралдарын пайдалана отырып тәулігіне 1 реттен кем емес өңдеу;
    4.6. Объектіге кіретін есіктің алдында дезинфекциялық құралдармен үнемі ылғалдыланатын дезинфекциялық төсеніштер орнатсын;
    4.7. Үй-жайлардың ішінде адамдардың саны бойынша шектеулерді қатаң сақтасын (20 шаршы метрге бір адамнан артық емес);
    4.8. Клиенттер арасындағы қашықтықты кемінде бір метр сақтай отырып, кезектерді ұйымдастыру, сондай-ақ 5 адамнан артық кезектің пайда болуына жол бермеу;
    4.9. Жедел респираторлық инфекцияның белгілері (мұрын біту, түшкіру, дене қызуының жоғарылауы) бар қызметкерлер жұмысқа жіберілмесін.
  3. Шалқар ауданының полиция бөліміне:
  • азаматтардың көшеде жүру құқығынсыз үй карантин режимін сақтауын бақылау;
  • шоғырланған азаматтардың қоғамдық орындарда, саябақтарда, скверлерде болуына жол бермеу мақсатында патрульдеу кезінде шараларды күшейту;
  • отбасы мүшелерін қоспағанда, адамдардың топтармен 3 адамнан артық қозғалуына, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ересектердің еріп жүруінсіз қозғалуына жол бермеу;
  • автокөліктердің аса қажетінсіз қозғалуына жол бермеу;
  1. Осы Қаулының орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
  2. Осы Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

Г.Құдайсүгірова,
Шалқар ауданының Бас Мемлекеттік
санитариялық дәрігері.