Тәуелсіздік жылдары ел өмірінің ең қиын да күрделі кезеңдерінде мен кез келген мәселені қадірменді отандастарыммен бірге бүкпесіз, ашық талқыға салып, туған халқыммен үнемі ой бөлісіп келемін. Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте де баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырып, тағы да жұртыма ақ тілеулі сөзімді арнағалы отырмын.
Тұтқиылдан келген жаман індет – коронавирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіруде. Қазірдің өзінде дүние жүзі бойынша 1,4 миллионнан астам жан осы сырқатқа шалдығып, ондаған мың адамның өмірі қиылды. Сондықтан әлем мемлекеттері қатерлі дертке бірлесе дауа іздеп, бүгінгі заманның бар күш-қуатын, ақыл-ойы мен ғылым-білімінің жетістігін ортақ мақсат жолына бірлесе жұмылдырып, ынтымақтаса әрекет етуде.
Қазақстан қауіпті дерттің алдын алуға әлем елдерінің ең алғашқыларының бірі болып кірісті. Тиісті сақтандыру шаралары жасалды. Мемлекеттік органдар арнаулы дайындықтан өткізілді. Өзге елдерде вирус қалай пайда болып, пандемия қалай өрбіп, өршігені бақыланды. Соның нәтижесінде індеттің етек алып кетуіне мүмкіндігінше жол берілмей, ахуал күн сайын тұрақты назарда ұсталып отыр. Жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын болады. Игі мақсаттағы іс-шаралардың бәріне жер-жерлерде бүкіл халық болып қолдау көрсеткеніміз жөн.
Тәуелсіздіктің ең алғашқы күндерінен бастап мен ұлы Абай атамыздың «Кімге достығың болса, достық достық шақырады»деген дана қағидасын басшылыққа алып, әлемнің барлық мемлекетімен арадағы келісім мен достыққа, өзара сенім мен ықпалдастыққа негізделген саясат ұстандым. Егемендіктің бастапқы жылдарында іргелес елдердің бәрімен тату қарым-қатынас орнатып, шекара мәселесін түбегейлі шешкеннен кейін түрлі деңгейдегі ынтымақтастық ұйымдарын құруға бастамашы болғанымның басты себебі де сол еді.
Еуразия экономикалық одағын, Шанхай ынтымақтастық ұйымын, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құрып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихи саммитін, Астана экономикалық форумы мен бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесін өткізу шараларының бәрі – Қазақстан мен дүние жүзі мемлекеттері арасындағы өзара достық пен сенімге негізделген байланысты, экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін жасалды.Өмірдің өзі, дәл бүгінгі қалыптасқан жағдай біз ұстанған бірігу мен бірлесуге негізделген саясаттың бірден-бір дұрыс жол екендігіне көзімізді жеткізіп отыр.
Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия бүкіл әлемде жаңа экономикалық дағдарыс туғызды. Алып кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, көлік атаулының қозғалысы шектелді. Мұнайдың бағасы құлдырады. Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс тыйылды. Мұның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкеліп соқтырып, жұмыссыздықты көбейтіп отыр.
Біздің Отанымыз Қазақстан – қазба байлықтарға, оның ішінде мұнайға бай ел. Мен «Бізде мұнай мен газ бар екен деп үнемі соған тәуелді болған дұрыс емес» деп талай мәрте айтқанмын. Сондықтан егемендік жылдары біз ел экономикасын әртараптандырумен болдық. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін «Қазақстан-2050» стратегиясын жасап, «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 1000-нан астам жаңа кәсіпорын аштық. Соның арқасында әлемдік бәсекеге қабілетті өнімдер шығарылып, елімізге жаңа технологиялар келді. Бұл еліміздің үшінші технологиялық жаңғыруына жол ашты.
Ел аумағында бұрын-соңды болмаған теміржол, автокөлік жолдары салынды.
Жүйелі жүргізілген реформалар нәтижесінде ауыл шаруашылығы да айтарлықтай дамып, Қазақстан өзін ет, сүт және тағы басқа да азық-түлік өнімдерімен емін-еркін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдегі астық экспорттаушы алғашқы алты мемлекеттің қатарына қосылды.
Болашақ үшін, алда күтіп тұрған осындай алмағайып замандар сынағын еркін еңсеру үшін көп қаржы-қаражат салып, зор жауапкершілікпен атқарылған бұл реформалардың дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеді.
Біздің Ата заңымыздың бірінші бабында «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» деп нақты жазылған. Сондықтан елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, барлық өңірде бұрын болмаған жүздеген заманауи аурухана мен емхана салдық. Елордада әлемдік деңгейдегі ең озық техникалармен жарақталған аса ірі ғылыми-медициналық орталықтар ашып, оның мамандарын әлемнің ең дамыған елдерінде тәжірибеден өткіздік және «Болашақ» бағдарламасы аясында оқыттық. Осылай алдын ала қамданудың нәтижесінде ұлт денсаулығына қатер төндірген бүгінгідей қиыншылық заманда жұқпалы дерттің дәл диагностикасын жасау, оның алдын алу, науқасты емдеу сияқты тиісті шараларды біздің дәрігерлеріміз жоғары кәсіби деңгейде атқаруда.
Әрине қалыптасып отырған жағдай оңай емес. Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ.
Әдетте жұрт көңілі алаң осындай кезде ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Мен халықты әртүрлі сондай азғырынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал.
Бүгінгі күрес даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды»деген қанатты сөзін еске салады және соны бекем ұстануды талап етеді. Өздеріңіз білесіздер, бұл пандемияны көршіміз Қытай елі ұйымшылдығы мен темірдей берік тәртібінің арқасында ауыздықтай алды.
Қазіргі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған таяудағы үндеуінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақты мағлұмат берді. Егер Қазақстанның ұлттық экономикадағы қол жеткізген табыстары мен жоғарыда аталған қор құрылмаса, мұның бірі де болмас еді. Кезінде соның бәрін таратып берейік дегендер де болған, бірақ өмір біз қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көрсетті.
Енді Үкімет пен жергілікті атқарушы органдары соны үнемді түрде, рет-ретімен орындауға кірісуі керек. Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. Nur Otan партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуы тиіс.
Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан,әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі.
Дәл осы тұста бәрімізге халқымыздың әрдайым үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болатын абзал қасиеттері септігін тигізеді деп сенемін.
Адамның өзіне деген сенімі – үлкен күш. Бұл бойымызға – қажыр, денемізге – қуат, жүрегімізге сенім ұялатады. Біз қазір көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерімізді, көпбалалы аналарды, әл-ауқаты төмендерді, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуымыз керек. Халқымыздың бойындағы ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жеткен ең ізгі қасиеттер бізді осыған үндейді.
Дәл қазір бүкіл адамзат жолайрықта тұр. Әлемдік геосаясатты, экономиканы, экологияны, қоғам өмірінің сан алуан саласын қамтып, тізбектеле келген, бұрын-соңды болмаған проблемалар әлем мемлекеттерінің қарым-қатынасын да өзгерте бастады. Үнді халқының ұлы гуманист қайраткері Махатма Ганди: «Әлемді өзгерту үшін әуелі өзіміз өзгеруіміз керек»,деген екен. Кеше ғана бір-бірін аяқтан шалып, жағадан алып, «санкциялық соғыстарға» жол ашқан мемлекеттер енді өзара көмек қолын созысуда. Бұл – жаһандық деңгейдегі үлкен өзгерістердің бастауы.
Әлем тарихында ондаған жылға, тіпті жүз жылдан да астам уақытқа созылған талай соғыстар, шиеленісті жағдайлар мен кикілжіңдер орын алған. Миллиондаған адамды баудай түсірген індеттер де аз болмаған. Адамзат соның бәрін жеңген. Жан алқымнан алып тұрған бұл шырғалаңнан да шығамыз. Әлемнің ең алпауыт мемлекеттері осы қиындықтан сабақ алуы керек.
Кезінде Әйтеке би бабамыз: «Ел мұраты – көрешек, ер мұраты – келешек. Осыларды ойлаған – қоймас түбі сүйінбей», деген екен. Қандай керемет айтылған сөз! Дәл қазір бізге бүкіл адамзат өркениетін сүріндіретін емес, барша әлем халқын сүйіндіретін жаңашыл саясат керек.
Кез келген қиындық адамды тығырықтан шығуға, өзгеше ойлауға, қалыптасқан жұмыс тәсілдерін жетілдіруге бастайды. Ал бұл ғылым мен технологияны дамытуға, сергек өмір салтын қалыптастыруға алып келеді. Бүгінде еңбекті ұйымдастырудың креативті әдістері, тіпті жаңа кәсіп түрлері шыға бастады. Қазір адамдар біртіндеп қағазбастылықтан арылып, қашықтан жұмыс істеу режіміне көшті. Осының бәрі бір кезде алдын ала жоспарланып, кеңінен ойластырылған шаралардың арқасында ғана мүмкін болып отыр.
Рухы мықты, өзіне сенімді адамды қиындықтар шынықтырады. Сондықтан біз бойкүйездіктен, сарыуайымнан, енжарлықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеген бүкіл әлем халқымен бірге ширыға, шыңдала түсуіміз керек.
«Бірлік жоқ жерде тірлік жоқ», деген екен әйгілі данышпан Төле би. Береке-бірліктің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайды. Біз үшін ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап күткен, 30 жылға жуық уақыт бұрын қолымыз жеткен азаттықты мәңгі баянды етуден асқан мұрат жоқ. Қазақстан – халқымыз тату-тәтті және келісімде өмір сүріп жатқан ортақ шаңырағымыз. Алуандығымыз – бәсекелі және жаһандық әлемдегі біздің баға жетпес байлығымыз бен артықшылығымыз. Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген барлық табысымыздың қайнары – ең алдымен халқымыздың береке-бірлігі. Алла тағала бізді осы бірлігімізден де, тірлігімізден де айырмасын.
Мен сөзімді алдымен аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне арнаймын: халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеңіздер.«Ырыс алды – ынтымақ»екенін ұмытпаңыздар. Жастарды еңбекке, білім алуға, қатарының алды болуға тәрбиелеңіздер. Ұрпақ алдындағы жауапкершілік бізді осыған міндеттейді.
Жаңа өскін – жас ұрпаққа айтарым: тәуелсіздік жылдары дүниеге келген сендер келер жылы орда бұзар отызға толасыңдар. Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді. Жамандықтан, жат әдеттен сақтанып, игі істер жасауға ұмтылыңдар. Үлкенге – ізетті, кішіге – қамқор, бір-біріңе дос болыңдар. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген Абай аталарыңның өсиетінешқашан естен шығармаңдар.
Кәсіпкерлерге де арнайы айтарым бар: сіздер тәуелсіздіктің арқасында өз істеріңізді қалыптастырып, аяқтарыңызға нық тұрдыңыздар, мол дәулетке кенелдіңіздер. Енді «Мен еліме не беремін?» дейтін кездеріңіз де келді.
Осы орайда, менің өтінішім бойынша өз отандастарына қол ұшын беріп, қаржылай, заттай көмектесіп жатқан кәсіпкер азаматтар баршылық. Осы бір жарасымды үрдіс, игі іс одан әрі жалғасын табады деп сенемін.
Ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы болған жерде ғана игілік пен ізгілік қатар өркен жаяды. Осы қасиетті қағида әрбір қазақстандықтың жадынан, жүрегінен орын алуы керек.
Маған небір қиын-қыстау күндерде ешқашан намысын бермеген,қашанда бірлігі бекем, пейілі кең, құшағы ашық, бауырмалхалыққа басшылық ету бақыты бұйырды. Сондықтан қазіргідей алабұртпа көңіл жағдайында данада дарқан халқыма – баршаңызға зорризашылыққа толы осы сөздерімді жолдадым.
Біз тәуелсіздік жылдары сан алуан қиындық пен дағдарысты бастан өткердік. Соның бәрінде мен анық жағдайды, түйткілді проблемаларды ашық түрде алдарыңызға жайып салып отырдым. Сіздер маған үнемі сенім арттыңыздар, мен туған халқымның сол сенімінен ұдайы күш-қуат алдым. Сол үшін сіздерге тағы мың да бір алғысымды білдіремін.
Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен етене, егіз ұғымдар. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды.
Біз – біртұтас ел, бірлігі берік жұртпыз. Мен әрқашан халқыммен бірге болғанмын, бұл жолы да сіздермен біргемін.
Біз біргеміз. Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айрылмайық. Сонда ғана біз қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақстанды Мәңгілік ел болуға лайықты ете аламыз.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы
Дәулетжан Елеусізов, Шалқар ауданының Құрметті азаматы
Адам баласының арман мақсатына барар жол тақтайдай тегіс болғанба?! Мақсаттар биігіне жету үшін түрлі асуларда бір қиындықтың кездесері хақ. Дегенмен біз жолда қандай да кедергілер кездессе оны жеңе білуіміз қажет. Оны қалай еңсереміз?! Әрине ол ауыз біршілік пен бір бірімізге деген мейірімділіктің асқан ықыласы мен бойдағы білімімізбен келеді. Әлемді жайлаған қазіргі індет кеселінде сөйтіп жеңуге болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елді бірлікке үндеген мақаласында осыны өскелең ұрпаққа нақтылап берді. Әрине, біріксек алынбайтын қамал бар ма?! Қазақ та «Бұдан да жаман күнде тойға барғанбыз» -деген тағылымды тіркес бар. Алайда бұндай қанатты сөздерді өзімізге бағдаршам етіп, жайбасарлыққа салынуға тағы да болмайды. Десек те өткен күндердің қиын сәттерін санамызда елеп екшеп, алдағы жарқын болашақтан жастарымыз үміттерін үзбеуі қажет. Бұл ретте Елбасы осы мақаласында келтіргендей «Ырыс алды—ынтымақ» деген сөзді әрбір ізбасар буын өзіне шамшырақ етіп ұстаулары қажет. Ал менің замандастарым, тағдыр талайын бастан өткізген тұстастарым жастарға һәм өзіңнен аталы сөз дәметкен кіші буынға сабырлыққа үндесетін салиқалы сөз айту жолында ауытқымауымыз қажет. Қазір әлем халқы індеттен үрейленіп, санасы сан саққа кетіп тұр. Бұл кеселдің ауыртпалығы біздің елімізді де айналып өтпеді. Елдің жасы үлкен ақсақалы ретінде айтарым Үкімет қолға алған міндеттерді бәріміз де бір кісідей қуаттап, елдіктің сөзін сөйлеп, бірлігімізді нақ көрсететін кез келді. Қазақ елін әлемге танытқан саясаткер Елбасымыздың халыққа артқан бүгінгі сенімі де осыған саяды. Олай болса күдікті үмітке жеңдіріп мәңгілік қазақ елінің тұғырлы Тәуелсіздігі үшін бірігіп еңбек етейік.
Абай Ноғаев ,кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мәлімдемесімен таныстым. Қазіргі барша әлемге төніп тұрған сын сағаттың отандастарымыз үшін тигізер әсері мен одан шығар жол туралы Елбасымыз өте дәлдікпен баяндаған.
Өзінің жүріп өткен жолдарында еліміз талай нәубет пен сынақты бастан кешірді. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы соның баршасынан аман шықты. Сол қиыншылықтардың барлығы халықты ыдыратып жіберген жоқ, керісінше ширатып, тұтастандырып, оларды бір мақсатқа ұмтылдырды, бірлікке бастады. Сол бірліктің арқасында қазақ елдігін, егемендігін сақтады.
Әлемдік індеттің кезеңімен келген қазіргі қиындық шақта да біз сол бірлігімізді сақтап, «Біз біргеміз!» деп бастама көтердік. Сол бастаманың нәтижесінде көп бірігіп, көлдей қайырымдылықтар жасалып жатыр. Елбасымыздың мәлімдемесі осы ізгі істің қолдауы, сауапты жұмыстың демеушісі болып көрінеді.
Елбасы кәсіпкерлерге арнап: «Сіздер тәуелсіздіктің арқасында өз істеріңізді қалыптастырып, аяқтарыңызға нық тұрдыңыздар, мол дәулетке кенелдіңіздер. Енді «Мен еліме не беремін?» дейтін кездеріңіз де келді.
Осы орайда, менің өтінішім бойынша өз отандастарына қолұшын беріп, қаржылай, заттай көмектесіп жатқан кәсіпкер азаматтар баршылық. Осы бір жарасымды үрдіс, игі іс одан әрі жалғасын табады деп сенемін» – деп, Елбасы зор сеніммен айтты.
Ендігі кезекте кәсіпкерлер ел сенімі мен Елбасы сенімін ақтау жолында іс жасап бірлігімізді көрсетейік демекпін.
Башан ШАКАЕВА, кәсіпкер
Менің кәсіпкерлік жолға түскеніме ширек ғасырдай уақыт болыпты. Сонау 90-шы жылдардағы оңтайландыру тұсында тиыннан теңге құрау қамымен бала-шағаның ертеңгі жарқын болашағы үшін деп кәсіпке бет бұрып содан бері, осы саладан қол үзбей келемін. Сондықтан болар жалпы елімізде кәсіпкерлердің әлеуеті қалай өрбігені маған жақсы таныс. Бірден айта кету керек, бұл жерде үкіметтің де көмегі басым болды. Қарыштап қадам басқан кәсіп иелерін керек кезінде демеді, жеңілдіктер қарастырды. Сан алуан бағдарламалар арқылы несиелерге қол жеткізу мүмкіндігін жасалды.
Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың халыққа арнаған әрбір Жолдауындағы кәсіпкерлерге негізделген қолдаулары біздерге жылы тиетін, біз сол сәттерді асыға күтіп, одан үлкен серпін алып, ісімізге құлшына кірісетінбіз.
Қазіргі әлем елдерін жаппай індет жайлаған тұста мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың да халыққа жасап жатқан қамқорлығын көріп отырмыз. Бүгін Елбасы Н.Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы жарияланды. Бұл дер кезінде жұртшылыққа жолданған елді ауызбіршілікке үндеген құнды дүние болды. Ынтымақ пен ырысты баса айтқан Елбасымыз отандық кәсіпкерлерге де үлкен жауапкершілік жүктеуі орынды деп білемін. Қазір бір-бірімізге қолдау білдіріп, елдігімізді көрсететін сәт. Сондықтан өзім секілді бір-бір кәсіптің тізгінін ұстаған азаматтарға айтарым, енді «Мен еліме не беремін?» деген сауалға жауап беретін кез келгенін ұғынуымыз қажет.
Өзім осыған дейін де жергілікті жерде өткізіліп жатқан қайырымдылық шараларынан қалыс қалған емеспін. Алда да осы үрдіс жалғаса береді. Ғасырдан астам тарихы бар иелігіміздегі моншамыз бен «Ырысбике» сауда үйімізбен халыққа қалтқысыз қызмет етіп, ел игілігі үшін қандай бастамаға да біркісідей жұмылуға әзірмін.
Елбасының бұл мақаласындағы мәселелердің бәрі орынды. Ендеше біз бағдарлы мақалада көрсетілген міндеттердің орындалуына жұмыла атсалысуымыз қажет.
Асылгүл Темірбаева, №6 орта мектеп мұғалімі
«Дана халқымызда «Кемедегінің жаны бір» деген ұлағатты сөз барын білесіздер» – деген болатын Елбасы өзінің үндеуінде. Сын сағатта ортақ істен ешкім де сырт қалмауға тиіс.Бүгінде бәріміз коронавирустың жаһандық пандемияға ұласқанына куә болып отырмыз.
Елбасы өз үндеуінде аға буын жасаған жетістіктердің жалғасын жастар әрі қарай өрбітіп алып кететініне сенім білдірген. Бұл әрине жастарға тың серпін береді. Осы орайда Елбасымыздың «Еліміздің ең қуатты күші – өздеріңсіңдер» деген сөзі көңілімізге жігер мен батылдығымызды, еселей түсті.
Біз сан қилы заманды бастан кешірген, қандай қиын күн болсада елдігімізді жоғалтпаған халықпыз. Осынау қазынамыздан бір жұтта ажырап қалмауымыз керек. Алмағайып уақытта жолданған Елбасы үндеуі жастардың рухын көтеріп, сенімін оятты.
«Ауру батпандап келеді, мысқалдап шығады» – деп халық даналығы айтқандай, қиындықтың уақытша екендігін бәріміз білеміз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші аға буын өкілдеріне жастар қолдау көрсетсек, бұл сынақтан да өтетінімізге сенімдімін.