Ақтөбе облысының әкімдігі жанындағы Жедел штабының ақпараттық хабарламасы

Құрметті ақтөбеліктер!
Ақтөбе облысында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында, Ақтөбе облысының Бас Мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 29 наурыздағы Қаулысына сәйкес, облыс аумағында 2020 жылғы 31 наурызы сағат 00:00-ден бастап санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүзеге асырылады және жеке, заңды тұлғаларға арналған шаруашылық және өзге де қызметінің ерекше жағдайлары енгізіледі.
Қаулыға сәйкес:

1.Транзиттік көліктерді, сондай-ақ тамақ өнімдері, дәрі-дәрмектер және медициналық мақсаттағы бұйымдар, Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласының өнеркәсіптік, ауылшаруашылық кәсіпорындарының үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған тауарлар мен материалдарды таситын көліктерді қоспағанда, көлік құралдарының барлық түрлеріне және азаматтарға Ақтөбе облысы мен Ақтөбе қаласының аумағына кіруге және шығуға тыйым салынады.

2. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан заңды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге және жеке тұлғаларға (адамдар көп жиналатын объектілердің иелері мен жалға алушыларына) техникалық және ұйымдастырушылық мүмкіндігіне орай, жұмысшыларды қашықтықтан жұмыс режиміне ауыстыру ұсынылады.

3.Төмендегідей қызметтер  тоқтатылады:
– барлық мемлекеттік және жеке меншік балабақшалардың жұмысы;
– ірі сауда орталықтарының (азық-түлік дүкендері мен оларда орналасқан дәріханалардан басқа), саябақтар, зоодүкендер, монша кешендері (жеке кабиналармен бірге), санитариялық-курорттық нысандар, әсемдік салондары, шаштараздар, сауналар мен массаж бөлмелері, бильярд бөлмелері, компьютерлік, интернет-клубтар, ойын бөлмелері, боулинг орталықтары, букмекерлік конторалар, лото, спорттық кешендері (үйірмелер, секциялар), футболдар алаңдары, балалардың даму орталықтары және басқа да халық көп шоғырланған нысандардың жұмысы;
– азық-түлік, мал, автомобиль, киім-кешек, құрылыс базарлары;
– азық-түлік тауарларының жәрмеңкелері;
– үйлену салондары, мерекелік залдарының жұмысы;
– ұялы телефондарды сататын және жөндейтін дүкендердің жұмысы.

4.Қоғамдық тамақтану орындары (кафелер, мейрамхалар, барлар, асханалар және т.б.):
– азаматтармен кәсіпорындардың үй-жайларына бармай-ақ, алып кету және апарып беруді тәулік бойы жүзеге асыратын қызметтерді қоспағандағы, тамақтану орындарының жұмысы тоқтатылады;
– алкомаркеттердің жұмысы тоқтатылады;
– супермаркеттер мен гипермаркеттер, азық-түлік дүкендері сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс жасайды. Сағат 20.00-ден кейін үй-жайларына бармай алып кету және апарып беру жұмысы тәулік бойы жүзеге асырылады.

5.Ақтөбе облысы және Ақтөбе қаласының тұрғындарына:
– азық-түлік, бірінші кезекте қажетті заттарды, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды, медициналық көмекке жүгінудіқоспағанда, тұрғын үйден шығуды шектеу қажет;
– отбасы мүшелерін қоспағанда, үш адамнан көп топтарда адамдардың қозғалысына жол берілмейді;
– 65 жастан жоғары азаматтарға оқшаулау тәртібін сақтау қажет.
6.Құқық қорғау органдары меншік түріне қарамастан барлық жеке және заңды тұлғалардыңҚаулының орындалуын қамтамасыз етсін.

7.Барлық сұрақтар бойынша 906-606 нөмірі бойынша Call-орталыққа хабарласуға болады.