Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кешегі мәлімдемесінде індетпен тікелей арпалысып жатқан дәрігерлерді қаржылай қолдау мақсатындағы ойын ашық жеткізді. ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысында коронавирус жұқтырғандарды емдеумен айналысып жатқан медицина қызметкерлеріне төленетін үстемақы көлемі бекітілді.
Мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайынғы үстемақы белгілеу туралы шешімді бекітті.
Төлем коронавирусты жұқтыру қаупі бар үш топ бойынша 3 ай ішінде төленетін болды:
Ауру жұқтыру қаупі аса жоғары топ — реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекция стационарлары дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемақы мөлшері 20 еселенген ең төменгі жалақы — 850 мың теңге.
Ауру жұқтыру қаупі жоғары топ — провизор стационарлары мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемақы мөлшері 10 еселенген ең төменгі жалақы — 425 мың теңге.
Ауру жұқтыру қаупі орташа топ карантин стационарларындағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитар дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және басқалар. Үстемақы мөлшері 5 еселенген ең төменгі жалақы — 212,5 мың теңге берілетін болды.
Медицина қызметкері коронавирус инфекциясымен ауырған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 миллион теңге, ал қайтыс болған жағдайда 10 миллион теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік төлем төленетінін айтты.
Біз еліміздің қиын кезеңде еңбек етіп жатқан дәрігерлерді қаржылай қолдаған үндеуін қолдаймыз.
Гиппократ антын берік ұстап, еліміздің денсаулығын сақтау, халыққа қолдау көрсету біздің міндетіміз. Қандай жағдай болса да біз сіздермен біргеміз.
Маржан Төлебаева,
аудандық аурухананың
инфекционист-дәрігері.