Сынақтан сүрінбей өтеміз

Жалғыз қазақ елін ғана емес барша әлем халықтарына сынақ болып келіп, адамзат баласын тығырыққа тіреген індеттің алдын алу шараларын халыққа түсіндіру мақсатында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы осы мәселеге байланысты екінші рет ел алдында мәлімдеме жасады.
Әлем елдерін жайлаған індеттің бүгінгі таңда 177 мемлекеттің 800 мыңға жуық адамын қамтығанын айтқан Мемлекет басшысы осы дерттің біздің елімізге тигізіп отырған залалын айта келіп, оның одан әрі өршімеуі үшін ел аумағында жарияланған карантин талаптарын қатаң сақтауды міндеттеді.
Ел Президентінің мәлімдемесіндегі ақ халатты абзал жандарға жасалатын көптеген жеңілдіктер де халықтың ойлаған ойымен астасып жатыр. Өйткені бүгінгі алмағайып заманда бастарын қатерге тігіп, жаппай індетке тосқауыл қойып жүрген біздің заманның батырлары — дәрігерлерге қандай жағдай жасаса да артық емес. Адам жанының арашашысы дәрігердің жағдайы жасалмай аурудың құрығына түскен жандардың жағдайы жақсармайтынын әлем мойындап отыр.
Тағы бір қуанарлық жәйт, ауыл шаруашылығы саласына, оның ішінде аграрлық шаруашылықтарға бөлінген жеңілдіктер мен көмектер болды. Шынын айту керек, бүгінгі жағдай көктемгі егін егу науқанымен қатар келген соң биылғы астық жағдайы қалай болар екен деген көпшіліктің қобалжуы да бар еді. Мына жағдайдан соң диқандар алаңсыз егіндерін егуге күш салары сөзсіз. Ал «Нан болса ән де болады» деген даналық сөзді басшылыққа алсақ, еліміздің алдағы күндері думанды болатынына сенемін.
Көпке осы уақытша сынақ кезінде аузымыз бір болып, сабырлылық танытып, елдігіміз бен бірлігімізді дәлелдеп шығайық демекпін.

Қонысбай Дәулеталин,
ішкі істер саласы ардагерлері аудандық кеңесінің төрағасы.