ҚАМШЫМЫЗДЫ ҚАСТЕРЛЕЙІК

ӘКЕДЕН ДАРЫҒАН ӨНЕР

Біздің мәдени-тұрмысымызда ат әбзелдерінің алар орны айрықша. Ер-тұрманмен жұрнақтас өрмелі тобылғы қамшының қазақы танымымыздағы рөлі де жоғары. Сый-сыяпаттың төресі, ер жігіттің серігі, айбыны, шаңырақтың киесі, тіпті, ердің қаруы деп ықылымнан оның қадір-қасиетін асқақтатқан. Бүгінгі күні ат-әбзелдерімен қатар, қамшы жасайтын ісмерлердің қатары сиреп барады.
Осындай сирек кәсіпті жанына серік етіп, қамшы жасау өнерін алып жүрген Мөңке би ауылының тұрғыны Дүйсенбек Зариповпен тілдескен едік.
Ауылдағы ағайынға қарап тұрған тірлік қашанда көп қой. Алдындағы бірді-екілі малын нәсіп еткен Дүйсекең қолы қалт еткенде тобылғы қамшы дайындаудың қамымен шапқылайды. Әкесі марқұм Әділбек жеті жасынан жетімдіктің дәмін татып, анасы Мыңжылқы екеуі жастайынан мал бағып, көптен қалмай тірлік етеді. Бершүгір санаториясына қарасты Жұмыр деп аталатын қыстақта кезінде шағын подхоз болыпты. Әділбек әкей осы шаруашылықтың ілгері жылжуына кішкентайынан тынбай еңбек етеді.
— Мен 1-сыныпты 1976 жылы Қотыртас ауылындағы мектепке оқыдым. Әке-шешем сол кезге дейін далалықта жылқы бағып, бізді қатардан қалдырмай өсірді. Әулетте кіндіктен 12 баламыз, мен алтыншысымын. Әкем біздерді жанынан тастамай жұмысқа баулыды, ал шеберлігі маған жұғысты болды. Құрал-саймандарына ұқыпты, өзгеге қозғатпайтын еді. Домбыра жасап, ат әбзелдерін, тобылғы сапты қамшылардың түр-түрін дайындады. Сол бұйымдарына өзі ақы дәметпейтін. Қолқа салғанға шамасынша көмегін беруді адамдық іс санайтын. Кеңшарлардың кезінде малшылардан әкеме ат әбзелдерін әзірлетуге тапсырыстар жиі түсетін. Әке өмірден өткеннен соң бұл кәсіпті мен жалғастыра бастадым. Бірақ қазір күнделікті іске айналдырып, нәпақа тауып отырмын десем артық айтқандығым болар. Тек тапсырыс бойынша тобылғылы сапты түрлі өрімдегі қамшыларды,ноқта, жүгендер әзірлеймін. Қамшының жасалу жолдары да әр түрлі және күрделі. Оған адамның ішкі әзірлігі мен оңашадағы уақыты керек, бастысы — ұқыптылық. Өрімнің қайысына сиыр терісін өзім илеп пайдаланамын. Түйенің терісін шикілей пайдаланып, сегіз өрімдердің сыртын қаптауға да болады. Негізінен өрімге көп пайдаланатыным сиыр терісі. Қазір сабына тобылғы тапшы болып барады. Тобылғы — қасиетті ағаш, кез келген жерде өспейді. Мекені — сай сала. Соңғы уақытта оның жауы — дала өрттерінің көбеюі болып тұр. Сай-саланың барлығы өртеніп, жалын шарпығасын тобылғылардың өсуі де кенжелей береді екен.
Сапқа тобылғыны қазір тапсырыс арқылы өзге жақтан алдыртамын. Мұғалжар ауданы аумағында да жиі кездеседі. Бұрын ауылымыздан 50 шақырым қашықтықтағы Тайкеткен, Шаңқұл сайларынан алатын едік. Қамшы жасауда ешқандай үлгіге сүйенбеймін, әкемнен көргенім бойынша жасаймын.
Тобылғы сапты қамшыны көбіне үлкен қаладағылар үйлеріне іліп қою үшін жасаттырады, — дейді Дүйсенбек.
Қазіргі таңда қамшының жасалу жолдарын, түп тарихын тамылжытып айтатын көнекөз қариялар мен ұсталардың қатары жоқтың қасы. Сондықтан ат жалын тартқан ер жігіттің ажырамас серігі саналған бұйымның жасалуы мен ырым-жоралғылары хақында желідегі деректерге «жиендік» жасауға тура келді. Ендеше, massaget.kz жастар порталына үңілсек…

ҚАМШЫ АТАУЫ ҚАЛАЙ ШЫҚҚАН?

Қамшыны жай ғана ат айдайтын құрал деп тану тайыздық. Ауылда өскен әрбір қара домалақ қазақ атқа мінбес бұрын қамшыны қолға алады. Мейлі, қолға алмағанның өзінде үй төрінде ілулі тұратын осы бір бұйым атауының нені білдіретініне үңілейік. Қамшы сөзінің шығу тегі туралы бірнеше нұсқалар айтылады. «Қамшы» сөзіндегі «қам» түбірі қазақ тілінде бірнеше ұғымға ие. Қам — шикі, шылғи, шала, қам-қарекет, қимыл, айла, тәсіл, амал, қам-уайым, қайғы, қамығу, қам-қамдану, әзірлену, даярлану. Әрі қарай: қамба, қамау, қамал, қамту сөздері мен терісі құнды аңдар қама, қамар, қамшат; қымбат маталар — қамқа, қамқап болып келеді де, барлығының түбірі қам деген сөзден түзіледі.
Қамшы өрімі иленбеген шикі, шылғи теріден де өріле беретіндіктен әрі кейде бір ұғым беретін осы сөздер қосарлана айтыла беретіндіктен: қам-шикі, қамшы, қам-шылғи-қамшы түрінде қамшы сөзі қалыптасты деген тұжырымдар бар.
Нағыз қамшы әбден иленген сиыр терісінен 3 таспадан 40 таспаға дейін өріледі. Таспа неғұрлым көбейген сайын жіңішкере береді, әрі ажарлана, күрделене түседі. Бір қызығы, дәл осы өрімге байланысты қамшының бірнеше түрі, яғни, бірнеше атауы бар. Мәселен, ат қамшы, дыр қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, сары ала қамшы, білеу қамшы, орама санды қамшы, мүйіз сапты қамшы, киелі қамшы, қасиетті қамшы, тобылғы санды қамшы, шашақты қамшы, бала қамшы, құрау қамшы, шыбыртқы қамшы. Қазақ ауылдары осындай тамаша бұйымды жасап шығаратын өрімшілерді ерекше қадірлейтін болған екен.

САБЫНА ДА ДЕН ҚОЙҒАН

Қамшының бөліктері: өрім, сап, бас, дүм, алақан, бүлдірге, орам, кежеге, шежемей, айдар, мойнақ, бүркеншік, бунақ, бауыр, шашақ, өзек, түйін, шығыршық, топшы, түйнек. Осылардың ішінде қамшының сабына ерекше көңіл бөлінеді. Оны тобылғыдан, ырғайдан, еліктің, киіктің сирағынан, мүйізінен, таутекенің мүйізінен жасайды. Әсіресе, елік, керік сирағынан металмен, терімен мойнақтап, орам салып, шашақталған қамшылар өте жоғары бағаланады, көптің қолы жете бермейді. Негізінде, сап үшін ең көп қолданылатын ағаш тобылғы екен. Мұның бояуы да, беріктігі де, әдемілігі де бар. Қызыл түсті бояуынан жасалған қамшы көзді тартады. Ерте кезде осындай қамшымен қызға барған серінің абыройы асқақтап, құрметке ие болған көрінеді.
Қамшының мырзалыққа жақындығы бір бөлек, ал күнделікті тұрмыс үшін қызметі бір бөлек. Халқымыз қамшыны мал айдауға, ұрыста, соғыста қару орнына пайдаланды деп жоғарыда айтып кеттік. Бұлар: дыр, дырау, дойыр қамшылар. Олардың өрім өзегіне темір, ұшына қорғасын орап өрген. Сабы да жуан, қатты ағаштан жасалған. Кейде бұларды екі-үш жерден үзбелете өрген. Мұндай қамшының күшімен жылқылар ғана емес, атан түйелер мен өгіздер жүріп кетеді екен. Көпті көрген қариялар: «Дыраумен бір тартқанда адамға шабатын бура да, көкжал қасқыр да орнынан тұра алмай қалған», — деп жатады.

ЕКІ БҮКТЕП ҰСТАУ — ӘДЕПТІЛІК

Қазақтың салт-дәстүрінде қамшыны ұстау мен қолданудың тәрбиелік мәні, ережелері болады. Қамшы әрдайым оң қолға ұсталу керек. Жайшылықта қамшыны екі бүктеп ұстайды. Қамшы өрімін салбыратып ұстау дұшпандық, әдепсіздік белгісі деп танылған. Сондай-ақ, жөн, жол көрсеткенде де саусақпен емес, қамшымен нұсқайтын болған. Қазақта қамшы ұрлау үлкен қылмыстың бірі саналады.
Дәстүр бойынша, қыз айттыруға келген жігіт жағының басшысы (жігіттің әкесі, «жаушы», т.б.) қамшысын қыз үйінің төріне іліп кеткен. Егер қыз әкесі келісімін бермесе, көп ұзамай қамшыны иесіне қайтарып жіберген. Ал ұл баланы «атқа мінгізу» ғұрпында бәсіре атқа ашамай ерттеп мінгізіп, аяғын тепкішекке сұғып, қолтырмаш ағашпен екі қолтығынан сүйемелдеп танған соң ақсақалдар бата беріп, баланың қолына аттың тізгіні мен қамшы ұстатады. Жаңа түскен келіннің бетін үкілі, қоңыраулы қамшымен ашатын кездер де болған. Дала қазағының өмірінде өшпес ізін қалдырған қамшының осындай ерекшеліктерін білу, өзгелерге насихаттау әрбір қазақ үшін маңызды екені даусыз.
Кейде дөңгелек жасқа келген ерлерге қандай сыйлық сыйларын білмей сыйластары әуреге түсіп жүреді. Таптаурын талғаммен көбі дүкендегі түрлі пейзаждағы дайын картинкаларды алса, енді бірі батырлықтың нышаны деп жасанды қылышты таңдайды. Кейінгі кезде ішкі жан-дүниемізден гөрі үйдің ішіне көбірек көңіл бөлетін болдық. Тұсқағазымыз инедей тесілсе тепсіне қаламыз. Десекте, атшаптырым әспеттелген төрімізден қазақы қамшы мен домбыраны ілетін бір орын табылар еді. Көбімізде осы жағы әлі ойсырап тұр. Шер ағаңша (Шерхан Мұртаза) айтқанда, бұл да: «Бір кем дүние». Осындайда сыйласымызға қамшы сыйлап, бір-біріміздің төрімізді ұлттық ұғымға ұйысатын дүниелерге неге толтырмасқа деген ой келеді.
Айтпақшы, қамшы сыйласаң оны иесінің қолына бірден ұстатпайтын да ырымдары бар екен. Жерге тастаудың мәні — береке-құт бірге кетпесін, ұшығы жерде қалсын, салмағын жер ғана көтереді деген пайымдармен қабысады. Қалай дегенде де қамшының қасиеті қастерлі. «Қамшы ұл болсаң қолыңда ойнайды, құл болсаң төбеңде ойнайды»,—деген дана халқымыздың сөзі текке айтылмаса керек. Ал адам ғұмырын қамшының сабымен өлшеудің мәні тереңде…

Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Мөңке би ауылы.

Суретте: Дүйсенбек Зариповтың (сол жақта) көрмеге қатысу сәті.