ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ОЙЫНЫН ҰЛЫҚТАЙЫҚ

Қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақты қазіргі таңда бәріміз де білеміз. Тарихты қарасақ баяғыда ата-бабаларымыз қой бағып жүргенде жерді қазып, қойдың құмалақтарымен осы ойынды ойнаған деседі. Кейін заманның ағымына қарай түрлі әдемі ағаштардан тоғызқұмалақ тақталары жасала бастаған. Мен осы ойынды алғаш рет 1993 жылы шалқарлық азамат, ұстаз, зерттеуші, насихаттаушы Базарбай Елғондин мұғалімдердің кезекті тамыз кеңесінде тоғызқұмалақ ойыны туралы баяндама жасап, қатысушыларға қолдан жасалған төртбұрышты тастармен ойынның қалай ойналатынын көрсетіп, алғаш рет ойын ережесімен таныстырды. Сол жерде қатысушыларды жұптастырып ойын ойнатылды. Менің жұбым Жансерік Жандосов болды. Жансерік екеуміз ойынның жүрістерін қалай алу, қалай жүру жолдарын үйрендік. Осыдан кейін тоғызқұмалақ ойынына деген қызығушылығым артты. Одан кейін білетінім Мұханбетсадық Аяпов №2 мектеп-гимназия мұғалімі тоғызқұмалақ ойынын шәкірттеріне үйрету үшін қойдың құмалағын лакке салып қатырып, ойын ойнатқан. Міне, Шалқар ауданына тоғызқұмалақ ойыны осылай келген. Өзім Ә.Жангелдин атындағы орта мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жүргендіктен тоғызқұмалақ жарыстарына аса қызығушылықпен қатысып жүрдім. Әрине, әуелгі кездерде ойсырай жеңіліп жүрдім. Ең алғаш Базарбай ағайдың қолдан ДВП ағашынан жасаған тоғызқұмалақ тақтасын 1993 жылы көрдім. Сол Базарбай ағайдан үйрене жүріп 1993 жылы Ақтөбе қаласында мұғалімдер арасында алғаш рет өткізілген спартакиадада Базарбай ағаның қызы Гүлжанат Елғондина екеуміз жүлделі III орын алдық. Содан кейін аудан командасы Ақтөбе қаласында өткізілген жарыстарда жүлделі II, III орындармен марапатталып жүрді.
Мектепте мұғалім болып жүрген кезімде дене тәрбиесінің 3-ші сағатын тоғызқұмалақ ойыны ретінде сабақ етіп өткіздім. Өзім білетін тақырыптардан жылдық-тақырыптық жоспар жасап, білгенімді шәкірттеріме үйреттім. Сол кездегі мектеп әкімшілігі Серік Барманов ағай және Күлай Жұмағалиева апай еңбегімді ескеріп, кабинет ашып берді. Кабинетімді өз қаражатыммен жабдықтап, оқушыларды көрнекі құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттім. Осы тұрғыда шәкірттерімді де айта кеткім келеді: Мырзагүл Қазымқұлова, Әсел Тілеубаева, Мархаббат Кулярова, Мәди Артықбаев, Индира Сейтжапарова, Мұхтар Дәрібаев, Гүлмереке Қожахметова, Гүлнұр Тахаева, т.б. Осы шәкірттерімнің ішінде Мәди Ақтөбе облысының 9 жас аралығында екі дүркін чемпионы, Қазақстан чемпионатында жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар Индира Сейтжапарова Нұр-Сұлтан қаласындағы Ханшатырдағы тоғызқұмалақ қауымдастығында жүлдемен оралды.
Қазіргі таңда №1 Аула клубында дене тәрбиесі нұсқаушысы болып жұмыс жасап келемін. Осы уақыттарда да жақсы жетістіктерге жетіп жүрген шәкірттерім аз емес. Айта кетсем: 2012 жылдан бері №3 орта мектеп оқушылары Б.Өтеген, Г.Жаңбырбай, Д.Ахатов, №8 орта мектеп оқушылары Н.Мұстафин, Ж.Таласбаева, Н.Таласбаева, №4 орта мектеп оқушылары Арина Жақсылықова және Нұрлыайым Таласбаева Өзбекстан Республикасында өткізілген жарыста жүлделі II орынға ие болды. І.Үргенішбаев атындағы орта мектеп оқушылары А.Жанұзақов, Т.Тілеуов, №2 мектеп-гимназиясының оқушысы Ақмоншақ Нағашыбай.
Мұғалім болып жүрген кезімде әріптестеріме де үйретіп жүрдім. Олар қазіргі таңда мұғалім болып қызмет атқарып жүр. Нұрхан Тахаев, Көпберген Қосқұлақов, Жанар Насамбаева, Нұрбол Алмұратов.
Осы шәкірттерімнің өзі аудан арасында жүлделі марапаттарға ие болып жүр. Өзім үйірме есебінде сабақ беремін. Бірақ осы тоғызқұмалақ ойынын оқушылар арасында ұлықтайық дегім келеді, себебі осы ойын арқылы оқушының ой-өрісі тез дамиды, математикалық сауаттылығы артады. Қазақ елінің болашағы жас ұрпақ жан-жақты білімді, салауатты, өмірге құштар болып өссе, келешегіміздің жарқын болары айқын.

Арман Үргенішбаев,
№1 Аула клубы дене
тәрбиесінің нұсқаушысы