Заң бұзатын жүргізушіге жаза қатаң

Сотта қаралатын жол-көлік оқиғасына байланысты істер сырт қарағанда барлық қаралған қылмыстық және әкімшілік істермен қатар істер болғанымен бұл әрекет қасақана жасалған құқық бұзушылықтар қатарына жатады. Өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы тапсырмаларды орындауға және азаматтардың құқын қорғауға бағытталған. Осы орайда талай адамның тағдырына зиян еткен жол-көлік оқиғасына байланысты құқық бұзуға жаза қатайғаны құптарлық іс.
Аталған өзгерістер мен толықтыруларға сай көліктегі құқық бұзушылықтар бойынша жаза күшейтілді.
Атап айтар болсақ:
Қылмыстық істер бойынша жүргізуші мас күйінде жол-көлік оқиғасына себепкер болып, азаматтардың денсаулығына зиян келтірген жағдайда үш жылға бас бостандығынан айрылып, он жылға дейінгі мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айрылады. Жол-көлік оқиғасынан адам қаза тапса он жылға бас бостандығынан айыру және өмір бойына көлік құралын жүргізу құқығынан айыру жазасы көзделген.
Әкімшілік жауапкершілік бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру үшін бұрын үш жыл мерзімге көлік құралын құқынан айыру көзделсе жаңа заңмен болған өзгерістерден кейін жаза түрі он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырудан бастап отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және тоғыз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді деп белгіленді.
Өзімен бірге жүргiзушi куәлiгi немесе жүргiзушi куәлiгiнiң орнына берiлген басқару құқығына арналған уақытша куәлiгi, көлік құралына тіркеу және заңнамада белгiленген өзге де құжаттары жоқ жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы ескерту жасау не бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салудан бастап жетпіс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғатын жаза мөлшеріне күшейтілді.
Ішкі істер (полиция), әскери полиция (тек қана Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарының, Қарулы Күштерінің, Қазақстан Республикасының басқа әскерлері мен әскери құралымдарының көлік құралын басқаратын адамды) органдары қызметкерінің белгіленген тәртіпке сәйкес алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамау — он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырудан бастап отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға дейін жаза қатайтылды.
Заңға енген өзгерістермен жаза қатайтылғанын біліп жүру артық етпейді.
Сотта жыл басталғалы екі айда қаралған жетпіс тоғыз әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің он төртін жол-көлік оқиғасына байланысты істер құрап отыр. Осы заң бұзушылық әрекеттеріне сай он төрт адамға жаңа заңмен жаза тағайындалды.
Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату көлікті масаң күйде, көлік құралын басқару құқығы болмай және көлік құралын басқару құқығынан айырылғаннан кейін басқару жағдайларын азайтады деген үміт бар.

Сақыпжамал Дәріқұлова,
аудандық соттың судьясы.