ТӘЛІМ-ТӘРБИЕМІЗДІ ТӨМЕНДЕТПЕЙІК

№8 орта мектебінің акт залында «Құқық бұзушылық және заңды жауапкершілік» тақырыбында аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің қатысуымен ата-аналар жиналысы өтті. Жиын алдымен мектеп психологтарының тренингімен ашылып, жасөспірімдер арасындағы еліміз бойынша орын алып жатқан құқық бұзушылықтар туралы бейнебаян көрсетілді. Үш топқа бөлінген белсенді ата-аналар «Шығу жолдары», «Кім кінәлі?», «Не себепті?» деген айдарлар аясында өз ойларын ортаға шығып білдірді. Барлығы да сайып келгенде бір тоқтамға келіп, бала тәрбиесінің баршаға ортақ мәселе екендігін айтып, ата-аналар қауымы үйдегі тәрбиеге айырықша назар бөлулері керек деген ойларын жеткізді.
Сөз алған ата-аналар арасынан қазіргі таңдағы мектеп психологтарының жұмысына сын айтқандар да болды, сондай-ақ, жергілікті полиция қоғамдағы тәртіпті қадағалау, оның ішінде кәмелетке толмағандардың жөнсіз жүріс-тұрысына жіті назар аударуды сұрады. Өз кезегінде аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы, полиция майоры Нариман Мұхтаров тәртіп сақшылары тарапынан жоспарлы жұмыстар жүріп жатқандығын айтып, бала тәрбиесіне қоғам болып атсалысуға жұртшылықты шақырды. Сезікті жәйттерді байқаған жағдайда аудандық полиция бөліміне дереу хабарлауды әрбір азамат басты міндеті деп есептеулері керек екенін түсіндірді. Полиция майорының сөзінше, жыл басынан бері аудандық полиция бөлімінде кәмелетке толмаған он бала есепте тұрған көрінеді. Сондай-ақ, ол заңға еніп жатқан өзгерістер жөнінде, қоғамға залал келтірген адамға тәртіптік шаралардың да қатайғандығы тұрғысында қысқаша мәліметтер беріп өтті.
Бұл жиында ортаға шығып өзекті мәселе төңірегінде пікір білдірушілер саны көп болды. Олардың арасында жастардың өзін кінәлап, кейбіреулер баланы тәрбиелейтін ата-аналардың шалағайлығын да сынға алды. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіруді қазіргі жастар әдетке айналдырмаған, менменшілдік, тәкаппарлық жастардың бойында тез қалыптасады», деп пікір айтқан бір азамат тәрбиені қарапайым қағидалармен жанастырып үйде өрбітуге ата-аналарды шақырды. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Нұрлан Майкөпов тәрбие жұмысында ұстаздар қауымының атқаратын ісі көп екендігін алға тартып, бұндай өзекті мәселелер талқылауда кінәні біреуге арта салмай, оның шешілу жолдарына бәріміз біркісідей атсалысуымыз қажет деген ойын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Бауыржан Қаниев шығып сөйлеушілердің пікірлері дұрыс екендігін, оны жандандырып іс жүзінде жүзеге асыру керектігіне тоқталды. Әкім өз сөзінде ауданда жастар келешегі үшін жасалып жатқан жұмыстарды айтып, олардың бос уақытын тиімді өткізулеріне барлық жағдайлардың бар екендігін жеткізді. «Шалқар елінің мерейін асқақтататын абыройлы ұрпақ тәрбиелеу бәрімізге міндет екендігін әрбіріміз жадымыздан шығармайық», — деді.

М.БОҚАН.