Осы аптаның сейсенбісі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан тұрғындарымен кездесу болып, Шалқар көлінің табанын тазарту жобасының қоршаған ортаға келтірер әсерін бағалау мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өткізілді. Аталған кездесуге облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Асхат Көбенов, «Ақтөбе су жобасы» ЖШС бас инженері Асқар Жалғасбаев, «Керімбай» ЖК инженер-экологы Сымбат Қаржаулова, аудан тұрғындары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Жанболат Жидеханов ауданымыздағы Шалқар көлі Арал экологиялық дағдарысынан зардап шеккен аймақтың ауа-райына қолайлы әсерін тигізетін ерекше су айдыны болып табылатынын айта келе, бұл мәселенің 2005 жылдан бері өзекті болып келе жатқанын, 2010-2012 жылдары Шалқар көлінің гидротехникалық құрылымдары 204,3 млн. теңгеге реконструкцияланғанын атап өтті. 2018 жылы Шалқар көлінің түбін тазарту туралы техникалық-экономикалық негіздеме әзірленген. Жобаны жүзеге асыру құны — 3149,9 млн. теңге.
Жоғарыда аталған басқарма өкілі А.Көбенов жиналғандарды көлдің түбін тазарту жобасының қоршаған ортаға келтірер әсеріне баға беруді сұрады. Және айтылған ой-пікірлер бейне және аудиожазбаларға жазылып, хаттамаланып, ол ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің сайтында 7 жұмыс күні ұзақтығында сақталып, содан кейін күшіне енетінін ескертті. Осы аралықта басқа да азаматтар сайттағы пікірлерге үн қосып, қарсылығын не құптайтынын білдіре алады. Айтылғандардың бәрі сараптамадан өтіп, ескерілмек.
«Ақтөбе су жобасы» ЖШС бас инженері А.Жалғасбаев тұрғындарды көл табанын тазарту бойынша жасаған жұмыс жобасымен таныстырды, экран арқылы арнайы техникалармен тазарту тәсілдерін көрсетті. Ал инженер-эколог С.Қаржаулова көл табанын тазарту бойынша жасаған экологиялық жобасын ұсынды. Онда техникалық шешімдерді ортаға салды, су ресурстарына қолайсыз әсердің алдын алу немесе азайту жөніндегі іс-шаралар туралы айтты.
Еңбек ардагерлері И.Резванов судың басталатын жерінде орын тепкен қиыршық тас зауыттарының жарған, қазған жерлерін қайта өңдеп, дұрыстауды талап етсе, табиғат жанашыры Ғ.Сұлтанов көлді тазартқан кезде әуелі ортасын қазып, сосын барып судан босаған шетін батпақтан тазартуды ұсынды. Тағы да басқа шығып сөйлеген азаматтар таудан ағып келе жатқан суды жайылымдарға, аңғар сайларға жібермей, бөгет салып тіке Шалқар көліне әкелген дұрыс деген ұсыныстарын айтты. Көлдегі балықтан айырылып қалмас үшін кедергі дамбы салу, көл жағасынан су ұңғыларын қазып, су ағызып қою жөнінде ұсыныстар да болды. Көл жағасына бау-бақша егетін шаруа қожалықтары көл табанын тазарту жұмыстары басталған кезде жағдайымыз қалай болмақ деген ойларын ортаға салды.
Жиынды түйіндеген аудан әкімінің орынбасары Ж.Жидеханов аудан халқының барлық ұсыныс-пікірлері ескерілетінін, сонымен қатар көлдің түбін механикалық тазарту жағы да қарастырылатынын айтты.
Кездесу соңында қоғамдық тыңдауға жиналған тұрғындар Шалқар көлінің түбін тазарту бойынша жасалған жобаны бірауыздан мақұлдады.
Қыдыралы ӘЛИН.