«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалында аудандық кәсіпкерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Оған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова, аудан әкімінің орынбасары Жанболат Жидеханов, аталған палатаның әкімшілік бөлімінің басшысы Нұрлан Сүйінбаев, облыстық іскер әйелдер Ассоциациясының аудан бойынша кураторы Сәуле Дәулеталина және кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының төрағалары мен сала мамандары қатысты.
Кәсіпкерлерді қорғау, қаржылай, қаржылай емес қолдау, субсидиялау, гранттық қаржыландыру, салық заңдылықтары, өнімді өткізу, т.б. кәсіпкерлік саласына қатысты мәселелер талқыланған кеңес отырысын аудандық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы, кәсіпкер Болатбай Елеусіз жүргізді. Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Бақытжан Анапин өткен жылы филиал бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді, слайд көрсетілді.
— Кәсіпкерлікті қорғау бойынша Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының араласуымен аудан орталығындағы жеке балабақшаның құжаттары толықтырылып, кедергілері жойылып, биыл қаңтар айында ашылды. Кәсіпкерлікті қолдау, әкімшілік кедергілерді төмендету бағыты бойынша кәсіпкерлермен кездесу, түсінік жұмыстары жүргізілді. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында кәсіпкерлерге 11,2 млн. теңге көлемінде мемлекеттік сатып алуға қатысатын шарттары жасалды, 1 аукцион өткізілді, жәрмеңке, көрмелер ұйымдастырылды.
Ауданда «Шалқар жайлауы» несие серіктестігі және «Елім-ай» несие серіктестігінің өкілі жұмыс істейді. «Игілік», «Кәсіпкер» қаржы өнімдері, «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламалары бойынша несиелер берілді. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 284, «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 75 адам оқытылды. Барлығы 153 адам несие алды. Несие көлемі — 651948000 теңге. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 65 адам несие алса, 42 адам грантқа ие болды. 5 жас кәсіпкер несие алса, 32 жас кәсіпкер грант иегері атанды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 15 жоба ұсынылып, 12 кәсіпкер несие алды. Биыл 3 жоба ұсынылып отыр. Кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау көздері бойынша 720 адамға кеңес берілді, 170 адамға салық декларациясы толтырылды. 60 адамға кәсіпкерлігін жүргізуге, жобаларын сүйемелдеу көмегі көрсетілді. 60 адамға жеке кәсіпкерлік ашылып берілді. Оқу, семинарлар өткізілді. Дуалдық оқыту, яғни қысқа мерзімді курстан 7 адам өтті. Отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілді, — деді Б.Анапин.
Шығып сөйлеген кәсіпкерлер, қожалық төрағалары палата тарапынан көрсетілген қолдауларға алғыстарын айтып, ұсыныс-тілектерін де ортаға салды. Мәселен, құрылыс жұмыстарына арналған құрал-жабдықтар алуға көмек сұраса, енді бірі ауыл шаруашылығы саласына арналған техникалардың бағасы қымбат екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар грант жеңіп алып, несие алып, қожалық ашып, кәсіптерін кеңейткісі келетіндерін айтса, несие аларда кепілдікке қойылатын үй, техникалардың пайыздары бірдей болса, қағазбастылықтың көп уақыт алатынын алға тартты. Сондай-ақ, отандық өнім өндірушілерге қайтарымсыз несие берілсе, қожалық жұмысшыларына ай сайынғы зейнетақы жарналарын төлеуде кедергілер болып, созбалаңға салынатындарын, сондықтан «жарнаны тоқсан сайын төлеуге бола ма?» — деген сауалдарын қойды шаруашылық басшылары.
Өз кезегінде Анар Даржанова, Сәуле Дәулеталина кәсіпкерлер тарапынан туындаған сауалдарға жауап беріп, кәсіпті бастамас бұрын оның нарық талабына, сұранысқа сай, ертеңгі күні тоқырап қалмай, нәтижесі, бизнес-жоспарлары мен бағыты нақты болу керектігін айтты. Сонымен қатар әр кәсіпкер өз білім деңгейін жетілдіріп, кәсіпкерлік курстарына, шеберлік сабақтарына қатысып отырулары керектігін айтты.
Кеңес жұмысын қорытындылаған Жанболат Жидеханов мемлекет тарапынан кәсіпкерліктің дамуына қолдаудың зор екенін, ауданда кәсіпкерлік саласының қарқынды дамып келе жатқанын айтып, облыс орталығынан келген қонақтарға аудан басшылығы атынан алғыс білдірді.
Кеңес отырысынан соң Анар Даржанова кәсіпкерлерді жеке қабылдап, оларды толғандырып жүрген сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, «Раушан», «Аружан» сауда үйлерінде, Жұмысшылар қалашығындағы күндізгі емдеу стационарында, «Нұр-Дана» балабақшасында, кір сабын шығаратын цехта, «Ақтөбе саумалы» ЖШС Шалқар түйе сүтін өңдеу цехта, «Бану», «Бекзат» сұлулық салондарында, «Жібек жолы», «Қыз жасауы» тігін шеберханаларында, «Анаға тағзым» орталығында орналасқан кәсіпкерлік нысандарында болып, жұмыстарымен танысты. «Раушан» сауда үйінде ерлі-зайыпты Ізімовтер отбасы да «Бастау-бизнес» жобасы бойынша аяқтап, фотосалон ашып, халыққа қызмет көрсетуде. Ал «Аружан» сауда үйінің иесі Жаналтын Мәмбеталина «Бастау-бизнес» жобасы бойынша оқып, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы несие алып, 2018 жылы осы сауда үйін салып, іске қосты. Онда кәсіпкерлердің жұмыс істеуіне жағдай жасап отыр. Оның ішінде шаштараз, массаж бар. Олар — «Бастау-бизнес» жобасының түлектері.
— 2013 жылдың қазан айында құрылған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының негізгі міндеті — кәсіпкерлердің құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою. Осы бағытта тиісті мекемелермен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Кәсіпкерлікке арналған түрлі шаралар өткіземіз.
Кәсіпкер сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті болып, мемлекет тарапынан берілген мүмкіндікті тиімді пайдалану керек.
Шалқар ауданы халқының кәсіпке деген құлшыныстары жоғары деңгейде. Ұзақ жылдан бері кәсіппен айналысып, оның қыр-сырын жетік меңгергендер де бар. Әсіресе, жастардың кәсіпке бет бұруы көңіл қуантады. Кәсіпкерлік саласы бойынша Шалқар облыс аудандары арасында алдыңғы қатарда. Жалпы кәсіпкерліктің дамуына облыстың потенциалы жоғары, — дейді Анар Нұрлыбекқызы.
Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
«Шалқар».