Айшуақ ауылдық округіне Бегімбет және Есет ауылдары қарайды. Жер көлемі 766,4 мың га. жалпы аумағы жөнінен ауданда төртінші орын алады. Округ бойынша халық саны 1874 адамды құрайды. Округ орталығы Бегімбетте — 1665, Есет ауылында — 209 адам саны бар. Экономикалық белсенді тұрғындар саны — 957 адам. Бегімбет ауылы тірек елді мекені болып белгіленген.
Ауылдық округ өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 деңгей жергілікті өзін-өзі басқару деңгейіне көшіп, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға байланысты қоғамдастық құрылған. Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетіне 41 476,1 теңге отырғызылып, аталған қаражат көзделген мақсаттарға жұмсалып, 100 %-ға игерілген. Оның ішінде 1 110,6 мың теңге елді мекен көшелерін жарықтандыруға, 217,0 мың теңге елді мекенді санитарлық қамтамасыз етуге, 300,0 мың теңге абаттандыруға, 100,0 мың теңге көшет отырғызуға жұмсалған. 2019 жылы көлік салығы бойынша 3 453,0 мың теңге, жер салығы —142,0 мың теңге, мүлік салығы — 65,5 мың теңге, жеке кәсіпкерлердің табыс көзінен алынатын салық — 300,0 мың теңге құраған. Сол жылы барлығы 29 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 26-сы электронды түрде жүзеге асырылған. Мемлекеттік қызметті түсіндіру бойынша 61 шара өтіп, ол 107 адаммен қамтылған.
Округте 2945 бас мүйізді ірі қара, 11 656 бас қой-ешкі, 1 886 бас жылқы, 1 345 бас түйе бар. 2018 жылмен салыстырғанда округтегі мал басының саны көбейген. Округке мал азығын дайындауға берілген 2 айлық тапсырма бойынша 24 000 тонна шөп дайындалып, тапсырма 100 пайызға орындалған. Ауылшаруашылық жануарларының арасында кездесетін жұқпалы ауруларға қарсы ветеринариялық-профилактикалық шаралар толығымен орындалған. Атап айтқанда, 2945 бас мүйізді ірі қара, 11 656 бас қой, ешкі, 1886 бас жылқы және 1345 бас түйе сібір жарасына қарсы егілді және бруцеллез ауруына қан алынып тексерілген. 2150 бас мүйізді ірі қара қарасан ауруына қарсы егілген.
Округте 2019 жылы мал басын көбейту мақсатында «Бақ-Дәулет» шаруа қожалығы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 30 млн. теңге, «Қосай» шаруа қожалығы 12 млн. теңге несие алды.
Облыс, аудан көлеміндегі ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне кесте бойынша тұрақты түрде округтегі шаруа қожалықтары қатыстырылып, ауыл шаруашылығы өнімдері халық игілігіне ұсынылды.
«Дархан» шаруа қожалығының демеушілігімен екі отбасыға әрқайсысына тегін шөп түсіріліп берілген.
Ауылдық округте барлығы 66 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. 40 шаруа қожалығы, 7 азық-түлік дүкені, 4 киім-кешек дүкені, 1 тойхана, 1 дәмхана, 1 шайхана, 2 шаштараз, 1 дәнекерлеу қызметі, 3 жолаушылар тасымалы, 1 тігінші, 5 жеке сауда жұмыс істейді. Оларда 106 адам жұмыс жасайды.
Жастар саясатын іске асыру бағытындағы шаралар бойынша округ жастары аудандық деңгейде өткізілген әр шараға белсенді қатыстырылады. Оның ішінде «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша екі жұмыссыз жас білім алып келген.
«Туған жерге тағзым» акциясы бойынша округте барлығы 2 млн. 457 мың теңгені құрайтын 14 жоба жүзеге асырылған.
Округте 1 пошта бөлімшесі, 361 нүктесі бар сандық АТС жұмыс жасайды. Бегімбет ауылының тұрғындарына қызмет көрсету үшін кең жолақты интернет жүйесі қондырылған. Ауыл тұрғындары «Activ», «Beeline» ұялы байланыстармен қамтылған. Елді мекендер электр энергиясымен, ал орталығы табиғи газбен, орталықтандырылған су және кәріз желілерімен қамтылған.
Округ бойынша күз, көктем айларында барлығы 250 түп көшет отырғызылды, күз және көктем айларында сенбіліктер ұйымдастырылып, тазалық жұмыстарын жүргізу жолға қойылған.
Өткен жылы Бегімбет ауылдық клубы қолданысқа беріліп, барлығы 10 адам жұмыспен қамтылған. Есепті жыл көлемінде тұрақты жұмысқа барлығы 22 адам орналасқан. Жұмыспен қамту орталығы арқылы уақытша жұмысқа «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 5 жұмыссыз жас жұмыс жасап, ақылы қоғамдық жұмысқа 9 жұмыссыз ауыл тұрғыны жұмысқа тартылған.
Округте 1 орта, 1 негізгі мектеп және 1 балабақша жұмыс жасайды. Б.Сүлейменов атындағы орта мектебінде 270 оқушы, Сарыбұлақ негізгі мектебінде 35 оқушы білім алуда. 2019 жылы мектепті барлығы 15 оқушы тәмамдаса, оның 7-і ҰБТ-ға барып, білім деңгейі бойынша орташа балы 100 пайызды көрсетті. Түлектер арасынан екі «Алтын белгі» иегері, жеті мемлекеттік грант иегері анықталды.
Бегімбеттегі «Айгөлек» балабақшасында 1 топта 25 бала тәрбиеленуде. Округте 1 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық пункт жұмыс жасайды, тұрғындары жедел жәрдем автокөлігімен қамтылған. ДА-да 1 дәрігер, 5 медбике жұмыс жасайды. Округ бойынша 2019 жылдың 12 айындағы туу көрсеткіші 26 бала, өлім көрсеткіші 3 адам. ДА жанындағы күндізгі стационардан 150 адам ем қабылдаған. 2019 жылы түрлі аурулар бойынша скринингтік тексеруден 182 адам, флюорографиядан 720 адам өткізіліп, науқас анықталмаған.
Бегімбет ауылдық кітапханасындағы жалпы кітап қоры — 8592 дана, оқырман саны — 715, жаңа түскен кітап саны — 73 дана. «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша округте барлығы 2 млн. 457 мың теңгені құрайтын 14 жоба жүзеге асырылды. Сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында жыл бойы округте кездесулер түрінде және әртүрлі ақпараттық тарату құралдарымен жұмыстар жүргізіліп, аталған мәселемен күресуге ықпалдар жасалуда.
Округте О.Нұрпейісов атындағы бокс клубы жұмыс жасайды, аудан көлемінде ұйымдастырылған бокс, кіші футбол, баскетбол жарыстарына ауыл жастары және мектеп оқушылары қатысып, жүлделі орындар алды. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жыл басынан бері 45 шара ұйымдастырылып, оған 400 адам қатысқан. Салалық спартакиада бойынша округте 2 спартакиада өтіп, оған 200 адам атсалысқан.