ЕРЕН ЕҢБЕК ТАБЫСҚА ЖЕТКІЗЕДІ

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Шалқар ауданына іссапармен келіп, аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің «Шалқар ауданының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2020 жылға арналған міндеттері туралы» тұрғындар алдындағы есебіне қатысты. Облыс әкімімен бірге облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашов, білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай, полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Әлиев, «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ президенті Арман Есенжолов, облыстық мәслихат депутаттары Ақылбек Оралмағанбетов пен Бердібек Шәкірбекұлы да кездесуге келіп, аудан тұрғындарының сауалдарына құлақ түрді.
Аудан әкімі өзінің жылдық есебін баяндап, өлкемізде атқарылып жатқан нақты істер мен алға қойған міндеттерге тоқталды.
— Биыл да Шалқар ауданы үш жыл қатарынан жарты миллиард теңге пайдамен аяқтады. Бұл аудан тұрғындарының еңбегі, жақсы оқыса, тәртіпті болса оқушының да оған қосқан үлесі бар. Алдағы уақытта Шалқар көлінің табанының тазарту, Өзбекстан шекарасынан кеден бекетін ашу, Бозойға дейін жолдың асфальттау, Шалқардан Қандыағашқа дейін тегіс жол салу жоспарланып отыр. Жолдар тартылса жүргіншілер көбейіп, оның бойында тіршілік жанданады. Тоғыз, Шілікті бағытындағы құны 1 миллиард теңгеге жақын қаржыға ауыз су тарту мәселесін шешу, Қарашоқат елді мекенінде мектеп ғимаратының салу — алға қойылған міндеттердің бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да айтылғандай, ауыл тұрмысы назардан тыс қалмайды. Сондықтан ауданымыздың басқа да елді мекендерінде де клуб, медпункт, спорт алаңдарын салу көзделіп отыр. Әр жылдың өз несібесі мен халыққа тигізер ырыс-берекесі болады. Сондықтан да ынтымақта жұмыс істеп, ауданымыздың өсіп-өркендеуі үшін алға қойған міндеттерді тізе қосып бірге атқарсақ, алынбайтын қамал жоқ. Биылғы жылға да жоспарланған тың бастамалар бар. Бұл игі істерге алдағы уақыттарда аудан жұртшылығы куә болатынына сенімдімін, — деп сөзін түйіндеді аудан басшысы.
Есепті кездесуде қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев биылғы Еріктілер жылына орай ауданда олардың қызметін күшейтіп, мұқтаж жандар отбастарына көмекті жандандыруды ұсынса, еңбек ардагері Өмірзақ Жұмабаев Бозой ауылдық округіндегі шаруаларда су тапшылығын айта келіп, қожалықтарға су ұңғымаларын қаздыруға қандай жеңілдіктер болатындығын сұрады. Кішіқұм ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Аққайыр Оразбаев Шілікті, Тоғыз ауылдарына таяу маңдағы Толағай ауыз су қорынан су тарту мәселесін жеделдетуді өтінсе, Байқадам ауылының тұрғыны Бисенқұл Манасов Аққайтым, Байқадам бекеттеріне «Алматы-Маңғышлақ» жолаушылар пойызын аялдатуға аймақ басшысынан ықпал етуін сұрады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Князбаев аудан орталығындағы темір жол вокзалындағы жүк қоймасы тұрақты жұмыс істесе деген жалпы халықтың өтінішін жеткізді. Тыл ардагері Қартбай Қабақбаев тұрғын үйлердегі әр бес жыл сайын облыс орталығында тексеруден өтетін газ есептегіштерін ауданда тексеретін қылса деген көптің өтінішін айтты. Еңбек ардагері, кәсіпкер Болатбай Елеусіз Шалқар көліне су келетін арналардан қайыр өндіретін карьерлерді жабуды ұсынды, соның салдарынан көлге лай су келеді. Және Шалқар ауданынан әйнек зауытын салуды сұрады, себебі бұл өлкеде оған шикізат көзі бар. Бұдан өзге де сұрақтар қойылып, жергілікті жердегі тиісті мекеме, бөлім басшыларынан, аудан, облыс әкімдері тарапынан қанағаттанарлық жауаптар берілді. Мәселен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай шаруашылықтарда ұңғыма қазу жөніндегі сауалға, егер ауданда қожалықтар бірігіп тапсырыстар берсе, арнайы келіп қазып беретін серіктестіктер бар екенін айтты. Қаздырған ақшасының белгілі бір пайызы субсидия арқылы қайтарылады. Аудандық газ шаруашылығы мекемесінің басшысы Ерболат Мұрат тыл ардагерінің сұрағына жыл сайын облыс орталығынан газ есептегіштерін тексеретін арнайы жабдықталған жылжымалы көліктің келетінін, сол кезде мерзімі жеткен есептегіштер барынша қамтылатынын еске салды. Ал облыс әкімі аталған елді мекендерде жолаушылар пойызын аялдату өзінің бақылауында тұрғанын, теміржол басшыларымен келіссөздер жүріп жатқанын жеткізді. Кездесуде үй сұраған тұрғындар да болды, ол азаматтарға жауап берген аудан әкімі күні кеше ғана қоғамдық қабылдау өткізгенін, оған 20-ның үстінде өздерінің мұ-мұқтажын айтқан тұрғындар келіп, олардың мәселесі 98 пайызға шешілгенін айта келе, тұрғын үй сұраған бұл азаматтардың да мәселелері шешімін табатынын айтты.
Тұрғындармен кездесуді облыс әкімі Оңдасын Оразалин қорытындылап, Шалқар ауданының халқын қадам басқан Жаңа жылмен құттықтап, толағай табыстар тіледі. Жалпы, ауданның өткен жылды табыспен аяқтап отырғанын атап өтіп, бұның барлығы аудан халқы ауызбіршілігінің, еңбекқорлығының арқасы деп баға берді. Көтеріліп отырған мәселелер, ұсыныстардың барлығы да орынды екеніне тоқталды. «Адам қызықты өмір сүріп тұрған кезде көру керек, ол үшін қауіпсіз де жайлы өмір сүруге жағдай жасалуы тиіс», — деді. Облыс басшысы ауданда осы жылғы атқарылатын жұмыстарды аудан басшысын және басқарма басшыларын қатыстыра отырып, жеке-жеке сараптап, тұрғындарға нақты жауаптар берді. Және кездесу барысында қойылған ардагерлердің сауалдарына да өз ойын білдірді. Мәселен, әйнек зауытын салу жөніндегі ұсынысты қабылдайтынын жеткізді. «Инвестор тартуға жұмыс істейміз, бірақ бұған үлкен есеп керек, ешкімді де мәжбүрлеп әкелуге болмайды», — деді аймақ басшысы. Биыл еріктілер жылы екенін айта келіп, оларды мұқтаж адамдарға, отбасыларына барынша көмек көрсетуге шақырды. Бұл жұмысқа тек жастар емес, қоғам болып атсалысудың дұрыстығын айтты. Жол мәселесіне де күш салынатынына тоқталды. Шекарадан кеден бекеті салынатын болғандықтан әуелі оның жолы болуы керек. Бозой — Шалқар жолын салу облыстық деңгейде жүзеге асып жатыр, енді оны республикалық деңгейге дейін көтеріп, түбегейлі шешу жолы қарастырылады. Сонымен бірге «Орталықтан — Батысқа» бағдарламасы бойынша Ырғыз — Шалқар — Қандыағаш» жолы салынуы керектігін, оның жобалық-сметалық құны жасалып, бүгінгі күні қаражаты қарастырылып жатқанына тоқталды. «Біз бұған қарамай облыстың күшімен Шалқар — Ембі — Қандыағаш» арасындағы жолды жөндеп, қанағаттанарлық жағдайда ұстаймыз», — деді. Жаңажол жеріндегі мұнай саласы қызметкерлерінің апатты аймақта тұрғаны үшін берілетін экологиялық 50 пайыз еңбекақыға қосылатын ақша дауына байланысты жауап берген облыс әкімі, бұл мәселенің әлі шешілмей тұрғанын айтты және оның әлі заңдылық жағы қарастырылып жатқанын жеткізді. Облыстың республика бойынша қай салада да алдыңғы қатарда тұрғанына тоқталды. Аймақ басшысы сөзінің соңында Шалқар халқын алдағы уақытта да елдің көркеюі мен дамуы үшін ауызбіршілікпен еңбек етуге шақырып, аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің жұмысына оң бағасын берді.
Шалқар ауданының Құрметті азаматы Қалмақан Төлеуов ауданымызға арнайы атбасын тіреген облыс басшысына алғысын білдіріп, батасын берді.
Есепті жиыннан соң облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша да қабылдады.
Бұдан соң облыс басшысы О.Оразалин қаланың орталық көшесінде орналасқан, таяуда ғана пайдалануға берілген «Анаға тағзым» орталығына бас сұғып, ондағы халыққа қызмет көрсететін орындардың жұмысымен танысты. Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденова екі қабатты, заман талабына сай жабдықталған ғимараттың ішінде орналасқан қызмет көрсету орындарының жұмыстарына жеке тоқталып, олардың халық игілігі үшін атқаратын жұмыстарын түсіндірді. Облыс басшысы аталмыш орталықтың дәстүр залында аналар мен жастардың қатысуымен өтіп жатқан тәрбиелік мәні мол «Өмірдің шырағы — ана» атты дөңгелек үстелге қатысты. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Маржангүл Бекетова тағылымды шараға арнайы келіп, ақ жаулықты аналардың мәнді де мағыналы кеңестеріне құлақ түріп, жаңа орталықтың жұмысына сәттілік тілеген облыс басшысына алғысын білдірді. Өз кезегінде О.Оразалин ақ жаулықты аналарымызды ортаға алып, олардың тәлімді тәрбиемен ұштасатын ақыл-кеңестерін тыңдай берудің жастар үшін еш артықшылығы жоқ екендігін айта келіп, орталық жұмысына шынайы ризашылығын білдірді. Ардагер аналар атынан 98 жастағы Нәзира Қараж әже аймақ басшысына аналық алғысын айтып, батасын берді. Облыс әкімі жасының ұлғайғандығына қарамай жастардың тәлім-тәрбиесіне ортақтасып, қонақ ретінде мәнді шараны шырайландырып отырған ғасыр жасаған кейуананың иығына камзол-бешпет жапты.
Оңдасын Сейілұлы «Анаға тағзым» орталығының аудан орталығынан бой көтеруі өзгелерге үлгі болуы тиіс деп, зәулім ғимаратта қызмет ететін барлық қызметкерлердің жұмыстарына сәттілік тіледі.

Қыдыралы ӘЛИН.