Лаңкестік әрекет жасаушылардың 84 пайызы діни сауатсыз. Мұны дін идеяларын бұрмалап, өз мақсаттарында қолданатын топтар пайдалануда. Сондай-ақ, радикалды идеология арбауына түсіп, нақты лаңкестік әрекеттерге қатысқан қазақстандықтардың 52 пайызының жеке баспанасы болмағандығы анықталған. Мұнымен қоса, бас сүйек жарақаты мен бала кезінде соққы алғандардың саны да едәуір жоғары.Сондықтан зерттеушілер радикализм — діни мәселе емес саяси-әлеуметтік мәселе деген тұжырым жасап отыр.
Қазір елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олардың бәрін бір мақсат пен ортақ мүдде біріктіріп, топтастырып, ауызбіршілігін күшейтіп отыр. Алайда, еліміздегі осыншалықты тындырымды тірліктерімізге сына қағуға тырысып, түрлі іс-әрекеттерімен жұртшылықты, соның ішінде жастар өкілдерін адастырып жүрген кереғар діни ағымдардың да барлығын айтуға тиіспіз. Шын мәнінде қазіргі таңда қазақстандық қоғамды алаңдатып отырған негізгі проблемалардың бірі — сәләфизм идеологиясының халық ішінде, атап айтқанда, жастардың арасында көптеп белең алуы десек артық айтқандық емес.
Бұл ілім Х-ХІ ғасырларда Андалусия (Испания) жерінде басталып, әрі қарай ХVIII ғасырда Нәжд өлкесі, қазіргі Сауд Аравиясының солтүстігінде жалғасын тапты. Бастапқы кезден бұл идеологияның өкілдері өзге пікірге төзбеу, өзгелерге агрессиялық көзқараспен қарау, алдына қойған мақсаттарына қарумен болса қол жеткізу секілді сипаттармен танылды. Уахабилік, яғни сәләфилік деген бұл — тек Қазақстанда ғана емес әлемде болып жатқан құбылыс. Бұл ағымның артында үлкен институттардың жұмыс істеп, оған үлкен қаржының құйылып жатқандығы жөнінде деректер бар. Мұның артында сыртқы күштердің де ықпалы болу мүмкіндігі жоққа шығарылмайды.
Жалпы, сәләфилік ағымы несімен ерекшеленеді? Жүргізілген талдау жұмыстары бойынша, бұл жөнінде бірқатар зерттеушілер олардың буквализммен айналысатындығын алға тартады. Яғни, аят-хадистердің астарына, мақсатына үңілмей, бетін қалқып қана алып, үстінен желіп өте шығатын тар шеңбердегі түсініктен барып осындай ағым пайда болды деуге негіз бар. Себебі Пайғамбарымыздың (с.ғ.c.) хадисіне, оны қандай заманда, қалай, кімге арнап айтты, қандай жағдайда, қандай мақсатта айтты, осының бәрі әбден зерттеліп барып қана амал етіледі.
Олар өздерін «мәзһаб ұстанбаймыз» деп айтады. Бірақ шын мәнінде олар мәзһаб ұстайды. Өз көсемдерінің пікірінен шыға алмаған соң, ол соның мәзһабында, яғни сәләфизм мазһабында деген сөз. Бірақ ол — шатақ мәзһаб. Басқа мәзһабтарды танымайтын, қоғамда ши шығаратын, бүлік жасайтын, анархия туғызатын мәзһаб. Төрт мәзһабты мойындамаған соң әркім Құранды өз нәпсісіне, түсіну деңгейіне қарай тәпсірлеп, талқылайды. Соның нәтижесінде қоғамда анархия, хаос пайда болады. Ал төрт мәзһаб — осындай жағдайға жібермей отырған үлкен күш, дінді реттеудің тетігі. Әркім өзінің білім деңгейіне қарай пәтуа беретін болса, онда бір-біріне кереғар, қайшы, бір-бірін мойындамайтын ағымдар пайда болады. Сондықтан кез-келген мемлекетте белгілі бір мәзһабқа басымдық беріліп, қолдау көрсетіледі.
Реабилитация жұмыстары тәуекел топтармен, яғни экстремистік ағымдар идеологиясының ықпалына түскен адамдарды теологиялық тұрғыдан дәстүрлі сенімге қайтару мақсатында жеке жұмыстар жүргізу жолға қойылған. Мұндай шаралар азаматтарды нысаналы түрде оңалтуды, оларға психологиялық және құқықтық қолдау көрсетуді, сенімдік тұрғыдан райынан қайтаруды көздейді.
Халық ішінде кейбір діни мәселелерді қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін ажырату барысында шиеленісіп бара жатқан істер бар. Мәселен, бір ақсақалымыз былайша мұң шағатын көрінеді: Кейбір жастар: «Әке-шешеңе Құран бағышта ма, олар намаз оқымаса, кәпір болғаны»,— дейді. Сонда, баламды мешітке жіберейін бе, әлде, көшеге жіберейін бе?» — дейді. Ащы да болса, шындық. Жастардың ислам шариғатында жоқ нәрселерді бойға тез-ақ сіңіріп бара жатқандығы — сұмдық! Мұхаммед Пайғамбар: «Сендерге бірге болу — міндет», — деу арқылы дүниеден өтерінде үмметін бөлінуден барынша сақтандырған екен. Радикалдардың шырғалаңына түскен қаракөздеріміз рухани әрі психологиялық көмекке мұқтаж болғандықтан, алдымен олардың діни сауаттылығын, зайырлы кәсіби білімін жетілдіріп, патриоттық әрі ұлттық санасын жандандыруға көңіл бөлген жөн.
Жат ағым болып табылатын сәләфизм идеясы бойын меңдеген адамның психологиясы өте күрделі. Санасы уланғандығы соншалықты ақты — ақ, қараны — қара деп өз еркімен ажырата алмайтын жағдайға жеткен. Айналасындағы адамдарды мұсылман деп қабылдай тұра, ата-анасын, туыстарын адасқан, тозақы деп таниды. Тұла бойындағы тұмшаланған көзқарас оны адами болмысынан айырып, мейірім мен жанашырлықтан жұрдай етеді. Мұндай қадамдардан кейін қатігездікке де баруы ықтимал.
Ғұлама ойшыл Шәкәрім «Бұл кездегі діндердің бәрі нашар» деген өлеңінде:
«Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,
Оны бөліп дұспандық қару жасар.
«Інжіл», «Құран» бәрі айтып тұрса-дағы,
Адасып, ардан күсіп, қара басар», — дегені бекер емес.
Біз асыл дінімізді түрлі саяси мақсатқа пайдаланғысы келетіндерге жол бермей, әрі олардың жетегіне кетпей, біртұтас Қазақстан үшін жұмыла жұдырық болып, діндер арасындағы түсіністікке, диалогқа жол ашып, жікшілдік пен фанатизмге тосқауыл болуға тиіспіз. Бұл үшін бізде ең алдымен бірлік болуы керек. «Бірлігі жарасқан ел озады» деген сөз бар қазақта.
Сондықтан барлығымыз өзара ынтымақ пен бірлікте болып, өзара сыйластықта жүрсек, ешқандай қауіптің болмайтындығы сөзсіз. Әйтпесе, қарақан басымызды ғана ойлап, ұстанған түрлі діни көзқарастарымызға байланысты қазіргі кездегі сөз, дін бостандықтарын қалқан етіп бір-бірімізді жағамыздан алып, жазықсыз да негізсіз жала жауып, сүріндіруге тырыссақ, өзіміз де, еліміз де қасірет шегеді. Осыны ұмытпаған жөн дер едік.
Тоқтар Тобажанов,
аудандық дін мәселелері және
қоғаммен байланыс жөніндегі
орталығының басшысы.