Өткен жылдың желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Біздің үздік отбасылық дәрігер және оның командасы» атты республикалық байқауы өткен болатын. Оған аудандық аурухананың жалпы тәжірибедегі дәрігері Жанна Сапарбекова қатысып, жеңімпаз атанды. Байқау қорытындысында Ж.Сапарбекова «Үлгілі отбасылық дәрігер және оның командасы» номинациясын жеңіп алып, 500 мың теңгенің сертификатына ие болды. Сондай-ақ, ол Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың «Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау ісіне қосқан үлесі мен мінсіз адал еңбегі үшін» Алғыс хатымен және «Центр кредит банкі» АҚ-ның, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының және «Primary Health Care» ұлттық Ассоцияциясының Грамотасымен марапатталды.
— Марапттау рәсімі «МӘМС: қазақстандық медицинаның трансформациясы» форумы аясында өтті. Республикалық байқауды Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жалпы тәжірибедегі дәрігерлер арасында өткізді. Байқау 6 желтоқсан күні жарияланып, дауыс беру 19 желтоқсанға дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында үміткерлер үшін барлығы 248 мың дауыс қабылданған. Алғашқы кезеңде ең көп дауыс жинаған және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша қойылған сұрақтарға мейлінше дұрыс жауап берген 34 үміткер іріктеліп, екінші кезеңге өтті. Номинациялар бойынша жеңімпаз атанған дәрігерлер ақшалай сертификаттарға ие болды. Байқауға Ақтөбе облысынан мен және Әйтеке би аудандық ауруханасының дәрігері Фариза Жансүгірова екеуміз қатыстық,— дейді Жанна Мырзабайқызы.
2009 жылы аудандық ауруханада бала дәрігері болып жұмысын бастаған Жанна Сапарбекова 2014 жылдан бері жалпы тәжірибедегі дәрігер болып еңбек етіп келеді. Дәрігерді марапатымен құттықтай отырып, денсаулық сақтау саласындағы еңбегіне табыстар тілейміз.
Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ, «Шалқар».