Шалқарлықтар Мейрамбекке жаңа көлік сыйлады

Нұр-Сұлтан қаласында өткен Әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізіп, 2020 жылы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған Мейрамбек Айнағұловқа Шалқар өңірінің бір топ азаматы жаңа «Тойота Камри» автокөлігінің кілтін табыс етті. Демеушілік жасағандар қатарында Өркен Мұзбаев бастаған меценаттар мен спорт ардагерлері бар.
— Әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін күрес залына кірген жоқпын. Қазіргі уақытта қаңтар айында Парижде өтетін Гран-При турниріне қызу дайындық жасап жатырмыз. Спорттық базамыз Алматы қаласында орналасқан. Оқу-жаттығу жиындарының барлығы дерлік «Ақбұлақ» демалыс кешенінде өткізіледі. Олимпиаданың басталуына да аз уақыт қалды. Сондықтан да Дәулет Тұрлыханов құраманың бірінші нөмірлі балуандарының басын қосып, төртжылдықтың басты додасы алдындағы аяқ-алысымызды байқап көрмек. Жерлестерімнің қолдау білдіріп жатқандарына ризашылығымды білдіремін, ендігі мақсат — Олимпиада медалі, — деді Мейрамбек Айнағұлов.
Еске сала кетелік, Нұр-Сұлтандағы жеңіп алған ақтөбелік балуанның жолдамасы жеке басына емес, құрамаға беріледі. Шалқарлықтар Олимпиада ойындары алдында жерлестеріне қошемет көрсетіп, қолдау білдіру мақсатында осындай шара ұйымдастырды.
Грек-рим күресінен В.Н.Цеханович атындағы балалар мен жасөспірімдер мектебінен түлеп ұшқан талантты балуан Мейрамбек әлемдік аренадағы байрақты бәсекелерде ақтөбеліктердің ғана емес, барша қазақ жұртының үкілі үмітін ақтап жүр. Мәселен, Азия біріншілігінде қатарынан үш жыл күміс, қола медальдарды иеленсе, Азия ойындарында да үздік үштікке енді. Оның спорттық мансабындағы ең ірі жетістіктері — Әлем чемпионатындағы қос жүлдесі. 2017 жылы Франция астанасы Парижде күміспен күптелсе, осы жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен чемпионатта да жүлдегерлер тұғырына көтерілген болатын.

Бекет АЙСҰЛТАН, «Ақтөбе» газетінен