Докторлық диссертация қорғады

Әділет Жанкелді Шалқар қаласындағы №1 қазақ орта мектебінде оқып, Ақтөбе қаласындағы қазақ-түрік лицейінде білімін жалғастырды. 2009-2013 жылдары Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің машина жасау мамандығы бойынша техника және технологиялар бакалавры, 2013-2015 жылдары машина жасау мамандығы бойынша техникалық ғылымдар магистрі, 2015-2018 жылдары докторанты. Қазіргі таңда А.Бүркітбаев атындағы өндірістік автоматтандыру және цифрлау институтының Өндірістік инженерия кафедрасының оқытушысы.
Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде «Машина жасау» мамандығы бойынша докторант Әділет Жанкелдіұлының «Жаңа конструкциялы жұдырықшалы-бұрамалы баспақты өндіріске енгізудің мүмкіншіліктерін зерттеу» тақырыбында философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
«Философия докторы (PhD) дәрежесін беру туралы» 2019 жылғы 26 қараша №11 отырыс хаттамасына сәйкес, шешім қабылданып, философия докторы (PhD) дәрежесі — машина жасау мамандығы бойынша Әділет Жанкелдіұлына берілді.
Диссертацияның тақырыбы Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасына сәйкес келеді, мақсаты өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.
Диссертацияда ұсынылған жаңа жұдырықшалы-бұрамалы баспақ елдегі кәсіпорындарда ескірген баспақтарды ауыстыруға мүмкіндік береді. Диссертация тақырыбы бойынша зерттеу «Массагет-Плюс» ЖШС (Алматы, Қазақстан Республикасы) және Георг Агрикола атындағы Технологиялық университет негізінде (Бохум, Германия Федеративтік Республикасы) шетелдік тағылымдамадан өту кезінде жүргізілді.
Білім қуған шалқарлық перзентті докторлық диссертациясының сәтті қорғалуымен құттықтай отырып, ғылымның ең биік шыңдарын бағындыруына тілектестік білдіреміз.