АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ТАҒАЙЫНДАУДЫҢ ЖАҢА ФОРМАТЫ

— Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін үйге кіретін кіріс адам басына шаққанда қанша болуы қажет?
— Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін үйге кіретін кіріс адам басына шаққанда облыс бойынша белгіленген күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспау керек. Ол көрсеткіш тоқсан сайын өзгеріп отырады. Мысалы қазіргі 4 тоқсанда оның көлемі 20107 теңге, жаңа жылдан кейін 1 тоқсанға өзгереді.
— 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қандай болады? Биылғы жылғыдай бала басына 20789 теңге аламыз ба?
— Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері отбасының барлық мүшелері үшін кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы кіріс арасындағы айырмашылық ретінде айқындалады, (қазіргідей бала басына 20789 теңгеден төленбейді, барлығына айырмашылық ретінде төленеді). Мысалы, отбасына кіретін кіріс барлығы 50 мың теңге отбасында 5 адам (50 мың: 5 адам=адам басына 10 мың теңгеден, кедейшілік шегінің мөлшері 20107 теңге 20107-10000=10107 теңге адам басына тағайындалатын АӘК мөлшері яғни отбасына айына 50535 теңге).
— Менің 3 балам бар, кіші баламның жасы 4-те, жолдасым жоқ, жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыра аламын ба?
— Егер Сіздің отбасыңызға кіретін кірісіңіз адам басына шаққанда белгіленген мөлшерден аспаса (күнкөріс деңгейінің 70%) атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығыңыз бар, бірақ жаңа заңнамаға сәйкес Сіз міндетті түрде жұмыспен қамту органдарының жолдаған жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуыңыз қажет. Себебі бала күтімімен аналар тек 3 жасқа дейін ғана отыра алады. Егер Сіз ұсынылған жұмыстан бас тартсаңыз немесе жұмыспен қамтудың белсенді шараларына (оқуда, шағын несиеден, т.б.) қатыспасаңыз барлық отбасына АӘК тағайындалмайды.
— Мен қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек алып отырмын, ол көмек маған 2019 жылдың шілде айынан бастап 2020 жылдың маусым айына дейін 1 жылға тағайындалған. Мен көмекті әрі қарай ала беремін бе, әлде құжатты қайта тапсырамын ба. Маған 1 жылға тағайындалған ақша қайда кетеді?
— Жаңадан бекітілген «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы Заңның 8-1 бабына сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарына дейінгі тағайындалған атаулы әлеуметтік көмекке төлем тек 31 желтоқсанға дейін ғана жүргізіледі, ал 1 қаңтардан бастап бекітілген заңға сәйкес отбасыларымен бұрын қол қойылған әлеуметтік келісім-шарт күшін жояды.
Егер Сіздің отбасына кіретін кірісіңіз адам басына шаққанда белгіленген мөлшерден аспаса құжаттарыңызды тапсыруыңызға болады. Атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыру тоқсан сайын жаңаланып отырылады және өтініш берген айдан бастап тағайындалады.
— Атаулы әлеуметтік көмекке құжатты қалай және қай жерге тапсыруға болады?
— 2020 жылдың 5 қаңтарынан бастап құжат қабылдау жұмыстары сағат 9-00 ден 18-00 ге дейін өзіңіздің тіркелген мекен-жайыңыз бойынша жүргізілетін болады.
Құжат қабылдау жөнінде Ақтөбе қаласы және аудандар бойынша алфавиттік бойынша кесте жасалып, барлық әлеуметтік желілерге орналастырылды.
Аудан орталықтарында халықты жұмыспен қамту орталықтарының, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің мамандары қабылдайды.
Ауылдық округтерде атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға жауапты ассистенттері және ауылдық округі әкімдіктерінің мамандары жүргізеді.
Ақтөбе қаласы бойынша құжаттар 4 жерден қабылданады, олар төмендегі мекен-жайларда:

  • «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ ғимаратында– Ш.Уәлиханов көшесі, 12 А, тел: 44-57-55;
  • Халықтық кеңсе – Сәңкібай батыр даңғылы, 249, 1 қабат;
    -Ақтөбе қаласы «Алматы» ауданы әкімдігі, мекен-жайы: Қарғалы селосы, 60 лет Октября көшесі, 70Б (Нұр Ақтөбе мөлтек ауданына қарама қарсы «ЕХРО» ғимараты), тел: 416265;
  • Ақтөбе қаласы «Астана» ауданы әкімдігі, мекен-жайы: Сәңкібай батыр даңғылы, 145Б, тел: 417317;
    — Отбасы құрамына кімдер кіреді? Кімдер есепке алынбайды?
    — Отбасы құрамына бірге тұратын, ортақ шаруашылықты бірге жүргізетін, туыстық қатысы бар, баланы асырап алушы, әке деп танушы, некеде болмаса да бірге тұрып баланы тәрбиелеуге араласушы барлық жанұя мүшесі кіреді.
  • отбасы құрамына қосылмайтындар:
    1) толық мемлекеттің қарауындағылар;
    2) әскердегілер
    3) бас бостандығынан айырылу орнындағылар немесе мәжбүрлеп емдеу орындағылар.
    — Еңбекке қабілетті азаматтар деген кімдер?
    — 3 жасқа дейінгі бала күтімімен айналысушы аналарды қоспағанда 1,2-топтағы мүгедектер мен 2 айдан артық уақыт стационарда жатқан азаматтардан басқалардың барлығы еңбекке қабілетті болып есептеледі (асқазан, бүйрек, аяқ т.б. ауыратындығы туралы анықтамалар негіз болмайды).
    — Отбасы табысын есептеу барысында қандай табыстар ескеріледі? Қандай табыстар ескерілмейді?
    — Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есептi кезеңде алынған табыстың барлық түрлерi ескеріледі, олар:
    1) еңбекақы, әлеуметтiк төлемдер түрiнде алынатын табыс;
    2) алимент түрiндегi табыс;
    3) жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табыс;
    4) кәсiпкерлiк қызметтен түсетiн табыс;
    5) жылжымайтын мүлiктi және көлiк құралдарын жалға беруден және сатудан түсетiн табыс;
    6) бағалы қағаздардан түсетiн табыс;
    7) жылжымайтын мүлiктi, көлiк құралдарын және басқа да мүлікті сыйға тарту, мұрагерлiкке алу түрiнде алынған табыс тағы басқалар.
    Мыналар отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде жеке тұлғаның табысы ретінде қарастырылмайды:
    1) атаулы әлеуметтік көмек;
    2) тұрғын үй көмегі;
    3) жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақы;
    4) он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар;
    5) он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар;
    6) он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;
    7) он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;
    8) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақылар;
    9) студенттеріне төленетін мемлекеттік стипендия;
    10) отбасына төтенше жағдайлар салдарынан денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиянды өтеу мақсатында көрсетілген көмек;
    11) бала тууға байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақылар;
    Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыс есепке алынады
    — Кепілдендірілген әлеуметтік пакет деген не? Оны кімдер қалай алады?
    — Кепілдендірілген әлеуметтік пакет атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларының балаларына тиесілі.
    1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына азық-түлік және гигиеналық құралдар түрінде көрсетілетін көмек,
    6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларына ыстық тамақ, оқу құралдары, мектеп киімдері түріндегі көрсетілетін көмек.
    1-6 жас аралығындағы балаларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мерзіміне, яғни атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылған жағдайда кепілдендірілген әлеуметтік пакет те тоқтатылады, ал 6-18 жас аралығандығы балаларға жалпы білім беру қоры арқылы оқу жылы мерзіміне, яғни атаулы әлеуметтік көмектің тоқтатылуы ыстық тамақ пен оқу құралдарын, мектеп киімдерін беруден бас тартуға негіз болмайды.
    Ескерту: Атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылған жағдайда кепілдендірілген әлеуметтік пакет те тоқтатылады.
    — Ажырасқанмын, алиментке жүгін-бедім, қалай болады? Атаулы әлеуметтік көмекке алимент құжатын тапсыру міндетті ме?
    — Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы №518-ІV Неке және отбасы туралы Кодексінің 138-139-баптарына сәйкес ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті.
    Сол себепті, баланың ата-анасының арысндағы неке бұзылса, немесе баланың әкесі болып табылған тұлға баламен бірге тұрмаса баланы бағып отырған ата-ана алиментке жүгінуге міндетті.
    Алимент төлеуге міндетті адамның тұрғылықты жерi туралы мәлiметтердiң болмауы себебiнен адамдардың алимент өндiрiп алуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда отбасының жиынтық табысы көрсетiлген адамның iздеуде жүргенi туралы тиiстi органдардан алынған құжаттар қоса берiлген жазбаша еркін нысандағы өтiнiш негiзiнде есептеледi және төлеушi:
    1) жұмыс iстемейтiн және Орталықта жұмыссыз ретiнде тiркелген
    2) бас бостандығынан айыру орындарында не уақытша ұстау изоляторында болған кезде;
    3) туберкулез, психоневрологиялық, онкологиялық, санаторий-курорттық диспансерлерде (стационарларда) есепте тұрған кезде;
    4) Қазақстан Республикасы тиiстi келiсiм жасаспаған мемлекетке тұрақты тұруға кеткенде;
    5) тиісті құқық қорғау органының анықтамасымен немесе учаскелік комиссиясының қорытындысымен расталған, балаларын және басқа да асырауындағыларды асырап-бағудан жалтарған кезде спиртті ішімдіктерді, есірткі заттарын құмарлықпен салынып пайдалануына байланысты ғана тиесілі органдарға қажетті анықтамаларды ұсыну барысында жиынтық табыс алиментті ескермей есептеледі. Қалған жағдайларда алиментті ескермей АӘК есептеуге негіз жоқ.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі.