Қазақстан Республикасының Президенті атынан балалардың Жаңа жылдық шыршасы 24 желтоқсан күні №6 орта мектебінің базасында өтті. Оған қаламыздағы аз қамтылған отбасы балалары, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі балалар қатысты.
Мерекелік шараға аудан әкімі Бауыржан Қаниев, аудандық мәслихат хатшысы Сқақ Бигеев, «Nur Otаn» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жарылғасын Шамбалаев және аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысты. Аудан әкімі Бауыржан Қаниев балаларды, олардың ата-аналары мен ұстаздарын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, аудан биылғы жылды да табысты аяқтағалы отырғанын, алдағы жылы да өлкемізде ел игілігі үшін көптеген ауқымды істердің атқарылатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар аудан басшысы №6 орта мектебіне талапқа сай, заманауи екі пән кабинеті жарақталатынын айтты.
Балалар ертегілер еліне саяхат жасап, өз өнерлерін ортаға салды. Тосын сыйларға куә болды. Ұйымдастырушылардың ертегі желісінде өткізген әдемі қойылымдары, костюмдері жасыл шыршаға көрік берді. Ертегі кейіпкерлері Әли мен Ая, Қар ханшайымы, Аяз ата мен Ақшақар және жыл он екі айдың кейіпкерлері балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шара соңында балаларға тәтті сыйлықтар таратылды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Президенті атынан өткізілетін балалардың Жаңа жылдық шыршасы 26 желтоқсан күні ауылдық округтерде де өтті. Оған аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысып, балаларды мерекемен құттықтады.
Шарада аз қамтылған отбасы, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі балаларға тәтті сыйлықтар таратылды.
Гүлнұр Шерипова,
ауданның білім бөлімінің бас маманы.