ДОЙБЫ МЕН ШАХМАТТЫ СЕРІК ЕТКЕН АРДАГЕРЛЕР

Тәуелсіздік мерекесіне орай Шалқар қалалық ардагерлер ұйымы, аудандық «Қазақ тілі» қоғамы және «Ұлағатты ұстаз» ардагер-педагогтардың қоғамдық бірлестігі бірлесіп ардагерлер арасында шахмат пен дойбыдан сайыс өткізді. Алғаш рет ұйымдастырылған шараға ардагерлер белсенділікпен қатысты. Олар өзара пікірлесіп, сайыстың өтуіне мұрындық болғандарға алғыстарын білдірді. Аудан әкімінің орынбасары ардагерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат етіп, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған осындай сайыстарды алда дәстүрлі шараға айналдыру қажеттігін тілге тиек етті.
Нәтижесінде шахмат жарысы бойынша бірінші орынды Елубай Төлепберген, ІІ орынды Сұлтанғали Алдерзин, ІІІ орынды Аманғали Төлебаев жеңіп алды.
Ильяс Резванов дойбы жарысынан І орынды жеңіп алса, спорттың осы түрінен ІІ, ІІІ орындарға Күләй Жұмағалиева мен Абай Жүгінісов ие болды
Барлық орын алған ардагерлер мен жалпы қатысушылар аудан әкімінің Дипломы мен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Сексенді еңсерген Қуанышбай Мұздақов та осы жарыста дойбыдан өз бағын сынап көрді. Ардагерлердің осы додаға алдын-ала әзірленуіне қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев жағдай жасаған.