ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ МЕРЕКЕСІНДЕ

Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде 1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мәңгілік елдің кемеңгері — Елбасы» атты мерекелік шара өтті.
Шарада аудан әкімі Бауыржан Қаниев құттықтау сөз сөйлеп, Тұңғыш Президент-Елбасының егеменді еліміз, оның жарқын болашағы үшін сіңірген өлшеусіз еңбегіне тоқталды. Ауданымызда атқарылып жатқан игі істерді де айтып өтті. Сонымен бірге, түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүрген 40 жұмысшы-қызметкерге Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табыс етті. Және 9 адам «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының Алғыс хаттарына ие болды.
Бұдан соң мерекеге жиналған жұртшылық елімізді биік белестерге, толағай табыстарға жеткізген Елбасының жобаларын экран арқылы көрді және Елбасы туралы шырқалған әндерді тыңдады. Әсіресе, «Елдіктің басы — Елбасы», «Елбасы» жастар триосының салған әндері, мектеп жастарының орындауындағы хормен шырқалған «Қазақстан — бақ Отаным», «Шұғыла» би тобының «Еркесылқым» биі көптің көңілінен шықты.
Сонымен қатар, Мәдениет үйінің фоесінде №5 мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұлы перзенті» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.