БОЗ КІЛЕМДЕ ПАЛУАНДАР БЕЛДЕСТІ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай қаламыздағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің үлкен спорт залында Шалқар спорт мектебінің негізін қалаушы, КСРО спорт шебері, ҚазКСР еңбегі сіңген жаттықтырушысы, ҚазКСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Құрметті теміржолшы В.Цехановичті еске алуға арналған грек-рим күресінен 2006-2008 жылы туған жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі IV ашық республикалық турнир өтті.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Бауыржан Қаниев, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сұлтан Жұманов, спорт ардагерлері, мекеме басшылары мен мектеп директорлары қатысты. Шара барысында аудан әкімі Бауыржан Қаниев өлкемізде бұқаралық спорттың жылдан-жылға қарқынды дамып келе жатқанын, өткізіліп отырған дәстүрлі турнирдің маңызы зор екенін айтып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, аудан басшысы спорт саласының қарқынды дамуына зор үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттап, естелік алқалар табыстады.
КСРО спорт шебері, ҚазКСР еңбегі сіңген жаттықтырушысы, спорт ардагері Жеңсікбай Симбетов жас спортшыларға деген ыстық ықыласын білдірсе, ҚР Журналистер, Халықаралық спорт журналистері одағының мүшесі, «Қазспорт» телеарнасының грек-рим күресінен жарыс сарапшысы, Ақтөбе облысының грем-рим күресі, еркін, әйелдер күресі Федерациясының құрылтайшысы Аспандияр Есенжолов Азия күрес Федерациясының президенті, елімізге белгілі азамат Дәулет Тұрлыхановтың Құттықтау хатын оқып берді.
Алматы қаласы Шаңырақ ықшам ауданындағы республикалық мектеп-интернат, Ақтөбе қаласы Есет батыр атындағы облыстық мектеп-интернат, Тараз қаласы, Жамбыл облысы, Жаңатас, Қызылорда қаласы, Қызылорда облысы Қазалы ауданы, Арал, Сексеуіл, Орал қаласы, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы және Бейнеу, №1 Ақтөбе спорт мектебі, №4 облыстық мамандандырылған мектеп, Қандыағаш қаласы «Болат+ХС» спорт клубы, Шалқар қаласы, Ақтоғай, Бозой елді мекендерінен барлығы 350-ге жуық палуан қатысты. Жүлдегерлер  анықталып, кубок және алтын, күміс, қола алқалармен марапатталса, «Жеңіске деген жігері» және «Үздік техникасы» үшін шалқарлық Дінмұхаммед Нағиев пен ақтөбелік Қуанышбек Жаңажол спорттық статуэткалармен марапатталды. Айта кетсек, бұл республикалық жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері «ҚР спорт шеберіне үміткер» атағына ие болады.
Жарыс соңында Отарбай Иманбаев бастаған зейнеткерлікке шыққан теміржолшылар спорт ардагері, ақтөбелік, грек-рим күресінен жаттықтырушы, жерлесіміз Нұрлан Ізтілеуовтің иығына шапан жапты.
Екі күнге созылған дүбірлі доданың қорытындысында В.Цеханович атындағы №1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қоржынына 2 алтын, 2 күміс және 7 қола алқа түсті. Жалпы жарысты ресми емес командалық есеппен қорытындылайтын болсақ, І орынды Шалқар, ІІ орынды Ақтөбе қаласы №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиада резерві мектебі және ІІІ орынды №1 Ақтөбе балалар-жасөспірімдер спорт мектебі иеленді. Спортшыларды, командаларды және жаттықтырушыларды жеңістерімен құттықтаймыз!

Әсем ИСМАИЛОВА,
В.Цеханович атындағы №1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.