Аудан әкімінің құттықтауы
Құрметті шалқарлықтар!
Сіздерді 1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен құттықтаймын! Біздің негізгі құндылығымыз Тәуелсіздік болса, ол қасиетті ұғымның іргетасын қалыптастыру ісі еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елбасымыздың жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында егеменді еліміз дамудың даңғыл жолына түсіп, әлемнің алпауыт елдерімен иық тірестіретіндей жағдайға жетті. Елбасының осы теңдесіз еңбегіне деген халықтың ыстық ықыласы ретінде тойланатын бұл күн қазақстандықтар үшін тарихымыздың жаңа парағы ашылған күн болып саналады.
Өйткені Тәуелсіздікті тұғырына қондырған, елді ерлікке жеткізген Ұлт Көшбасшысы осы күні ел тізгінін ұстады, еліміз Президенттік институтқа қадам басты. Тұңғыш Президенттің бастамаларына қолдау көрсете отырып, біз аз ғана уақытта көп белестерді бағындырдық. Мемлекетіміздің әлем елдері арасындағы абыройы уақыт санап артып келеді. Мұның барлығы да Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы Тұңғыш Президентіміз-Елбасының еселі еңбегінің, көреген жасампаздығының жемісі.
Құрметті жерлестер! Ел халқының бірлігі мен берекесін бекемдеп, мемлекеттің мерейін асыратын мереке күні Сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға ырыс-несібе, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін.
Тұңғыш Президент күні мерекесі құтты болсын! Еліміз, Елбасымыз аман болсын!
Аудан әкімі Бауыржан Қаниев.