Кітаптан алар тағылым мол

Өмірге деген көзқарасыңызды өзгертіп, ақыл-ойыңызды түзейтін, жетістікке жеткізетін құрал іздеп жүрсіз бе? Ендеше, кітап оқыңыз! Ол — ой-өрісті кеңейтетін бірден-бір құрал. Адам рухын сақтайтын, өзін-өзі тануға жетелейтін де сол. Алайда кітаптың маңызы соншалықты биік болғанмен компьютер билеген, әлеуметтік желілер ойнақ салған заманда кітап оқу мәдениеті мен оқуға деген қызығушылықтың төмендеп кеткендігі қазіргі таңда алаңдатарлық мәселеге айналды.
Кез келген адамның тұлға болып дамуы үшін кітаптың берер пайдасы мол екенін білсек те, қолымызға ала бермейміз. Виртуалды әлемнің шырмауынан шыға алмай, уақытымызды зая кетіреміз, бір күніміз желіге байлаулы. Қай заманда болсын кітап оқу адамзат баласы үшін рухани жан тазалығын сақтауға көмектеседі. Жай ғана парақтар пен мұқабадан тұратын бұл кітап адами құндылықтарды қалыптастырып, зердені өсіретін кемеңгерліктің иесі екені де анық. Олай дейтін себебіміз, қай қаламгердің де, небір ойшылдардың да жан жолдасы, рухани серігі кітап болды. Біздерге бала күннен есімдері жақсы таныс М. Әуезов пен А. Пушкин сынды сирек дарын иелерінің де өмірлік серігі кітапқа айналған еді. Көп білген сайын адам баласының білімге тойымсыз келетінін, ал білім тек талпынған жанға қонатынын түсінген Мұхтар сол бала жасынан кітап оқуға құмар болған, және оның кітап дүкендерін аралап, жаңа кітаптармен танысуды әдетке айналдырғаны туралы да естеліктер көп. Тіпті кітап оқуға деген құштарлығы өмірінің соңына дейін жалғасқан деседі. Шығыс әдебиеті мен орыс классиктерін, Еуропа жазушыларының озық үлгілерімен танысып, әлемдік рухани кеңістіктен еркін сусындаған, әлемнің дүниежүзіне әйгілі ой маржандары мен сөз өнерінің небір жауһарларын терген ұлы жазушының білімдар, данышпан болмауы мүмкін емес те еді. Сонымен қатар, терең ой мен телегей теңеулерді өлеңге арқау еткен Қадыр Мырзалиевтің де кітапқұмар жан болғандығы, оның аса бай кітапханасы жайлы, оған қатысты әзілдері де жиі айтылады. Бұл ғана емес бізге дейін өмір сүрген ғұламалардың жинаған кітаптары туралы аңыз әңгімелер мен деректер көп-ақ. «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деген ұлы ақын Абай да шығыс классиктері Низами, Сағди, Хафиз, Науаи, Физулиді оқып, қазақтың данышпанына айналған еді. Енді зер салып қарасақ, кітапқа деген ерекше махаббаты оларды осы биікке көтерді емес пе? Оқырманын шығармаларымен сүйсіндірген қаламгерлердің кемеңгерлігінің көзі де осы кітап құмарлығында жатса керек. Белгілі бір тұлға болып қалыптасуына қомақты үлес қосқан олардың кітапқа деген махаббаты және өздерінің бай кітапханасы екендігі анық.
Ендеше «Ештен кеш жақсы» деп дана халқымыз айтқандай, интернет әлемінен шығып қолыңызға бір кітапты алып оқуға әлі де кеш емес. Ауданымыз бойынша жұмыс жасайтын 21 кітапхананың қайсысына оқырман боламын десеңіз де еркіңізде. Кітап қоры ең көп Сары Батақұлы атындағы Мәдениет үйінде орналасқан аудандық кітапхана оқырмандары үшін жан-жақты қызмет етеді. Мұнда оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі, оқу залы жұмыс істейді және оқырман үшін толық жағдай жасалған. Төселген кілем үстінде немесе жұмсақ жиһаздарда отырып та жайланып үйіңіздегідей кітап оқуға болады. Сондай-ақ, бос уақытты тиімді өткізуге арналған орталық та жұмыс жасайды.
— Біздің кітапханада жаңалықтар көп. Қазір озық технология дәуірі, бізде одан шет қалып отырған жоқпыз. Кітапхана залдары интернетпен толық қамтылған. Қыркүйек айынан бастап бізде коворкинг орталығы жұмыс жасайды. Осы орталық ашылғалы кітап оқуға келетін оқушылар мен бүлдіршіндер көп, — дейді орталықтандырылған кітап жүйесінің директоры Бақытгүл Жақсыбаева. Аудандық кітапхана қоры жыл сайын облыстан толықтырылып отырылады. Қазіргі күні сөрелерде 36 000-ға жуық кітап бар. Мұнда өзіңізге ұнайтын кез келген әлемдік әдебиет болсын, классикалық көркем туынды дейсіз бе немесе аудармалар, томдық кітаптар қызықтырса іздегеніңіз табылды дей беріңіз. Алайда Бақытгүл Жақсыбаева кітапханада балаларға арналған кітаптардың аз екендігін айтады. Себебі, қазір балалар әдебиетінің жетіспеушілігі біздің елде басты мәселеге айналып отыр.
Іргелі ұжымның атқарып отырған жұмыстары көп. Жастардың қоғамдық дүниетанымын қалыптастырып, дамытуда қазақ халқының төл мәдениетін, тарихының кешегісі мен бүгінін насихаттау барысында кітапханада көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, жалпы республика көлемінде өтетін «Бір ел — бір кітап» акциясы аясында Ә.Кекілбаев пен Ә.Тәжібаевтың шығармаларын насихаттау шаралары жүргізілсе, аудан көлемінде өтетін «Бір өлке — бір кітап» акциясы аясында биыл өлке болып оқуға Сарышолақ Боранбайұлының әдеби мұрасы таңдалып алынған. Өлкеміздегі қаламгерлердің мұрасын насихаттайтын осы акция әр жыл сайын өткізіліп отырады. Сонымен қатар Тахауи Ахтанов өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысын өткізу де дәстүрге айналған. Осы жылға дейін Т.Ахтанов оқулары 16 рет өткізілген. Көбіне аудандық кітапхана өлкетану бағытында жұмыс жасайды. Әр қазақтың үйінде ескі қолжазбалар мен кітаптар болуы мүмкін. Ескіліктің қадірін білетін көнекөз қариялардың жинаған кітаптары қай кітапханаға болса да қажет-ақ. Осындай құнды материалдар мен ескірген кітаптарды жинау мақсатында әр жылдың 15 қазан кітапхана күніне орай «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылады. Осы акцияға белсене қатысып, үйіндегі бар кітаптарды тапсыратын тұрғындар қарасы көп көрінеді. Кітапхана қызметкерлерінің атқарған істері аз емес, атқарылар міндеттері де көп. Оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, парасатты кітапханашылардың еңбектері осындай атқарылып жатқан істерден көрініп ақ тұрады. Алдағы уақытта кітаптардың электрондық тізімін ензігіп, жаңашылдық бағыттағы дамудың жаңа белесіне көтерілу кітапхананың басты жоспары болып тұр.
Ғасырлар бойы ғибратын бойына жинап мәңгілік өмір кешетін осындай кітапханалардағы мол мұраны оқып, одан өзімізге қажетті нәрді ала білсек, кітаппен ерте жастан дос болсақ көзіміз ашық, көкірегіміз ояу болары сөзсіз. Ал оқыған білімімізді ішкі жан дүниемен түсініп, алған әсерді қажетімізге жарата білсек нұр үстіне нұр болар еді.
Өркениет көшіне ілесеміз десек, оқитын кітабымыз, тоқитын іліміміз болсын. Оқыған елдің ертеңі кітаптан басталатынын әсте естен шығармайық. Кітаппен дос болған, кітаптан тағылым алған ел болайық!

Арайлым СИДАҚОВА,
Шалқар қаласы.