Қазіргі күні елімізде оқушылар мен жасөспірімдерді тәрбиелеуде патриотизм бағытына басты назар аударылуда. Осы орайда Ақтөбе облысының әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің арасында екіжақты келісім жасалып, сол келісім бүгінгі таңда аудандар арасында өз жалғасын табуда. Жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, ұлтжанды тұлғаны қалыптастыру, әскери борышын өтеуге, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде қызмет етуге даярлау мақсатында №4 жалпы орта білім беретін мектептің жанынан әскери қайраткер, генерал-лейтенант, әскери ғылымдарының кандидаты, жерлесіміз Болат Жанасаев атындағы әскери-патриоттық клуб құрылды.
Болат Бақытжанұлы 1952 жылы дүниеге келген. 1975 жылы Алматы Жоғары әскери училищесін, 1987 жылы Мәскеудегі М.Фрунзе атындағы әскери академияны, 2002 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған. 1975-1980 жылдары Германиядағы Кеңес әскерлері тобында взвод, рота командирі, батальон командирінің орынбасары, 1980-1984 жылдары Сібір әскери округінде батальон командирінің орынбасары, батальон командирі, 1987-1992 жылы Киев әскери округінде полк штабының бастығы, КСРО Ішкі әскерлерінің Орта Азия мен Қазақстан бойынша жаттығу полкінің командирі қызметтерін атқарды.
ҚР Жоғарғы Кеңесі жанындағы Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің төрағасы, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, ҚР ІІМ Ішкі әскерлері қолбасшысының І орынбасары, ҚР Республикалық Ұлттық ұланының қолбасшы қызметтерінде болды.
Клубтың салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев, ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бөлімше бастығы Бердібек Теміров, мекеме басшылары, ардагерлер кеңесінің төрағалары, Ауған соғысының ардагерлері, жалпы орта білім беретін мектептердің әскери жетекшілері қатысты.
Шарада сөз алған А.Қонақбаев бұл игілікті істің жастарды патриоттыққа тәрбиелеуде маңызы зор екендігін айтып, жиналған қауымды әскери-патриоттық клубтың ашылуымен құттықтады. Шара барысында аталған клубтың мүшелігіне оқушылар сап түзеп, ант беріп қабылданды және оларға куәліктер салтанатты түрде тапсырылды. Сонымен бірге ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлімі мен ауданның білім бөлімінің арасындағы аудан жастарына патриоттық тәрбие беру бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті. Салтанатты шарада әскери-тактикалық оқу-жаттығу жиынынан көрініс есебінде АК автоматын жартылай шашып-жинау көрінісі қойылып, патриоттық әндер шырқалды.
Алдағы уақытта әскери-патриоттық клубтың намысты, жігерлі, Отансүйгіш жастарды тәрбиелеуде атқаратын міндеті зор. Жүрегі елім деп соғатын азаматтарымыз көбейе берсін!
Арайлым СИДАҚОВА,
Шалқар қаласы.