Тәлімгер қандай болу керек?

Адам баласы дүниеге біліп келмейді. Ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, ащы мен тәттіні, жұмсақ пен қаттыны танып үйренеді. Алған тәлімі мен өнегесі — адамның толық қалыптасуына бірден-бір керекті дүниелер. Ал ұрпақтың әрі қарай дамуы үшін қандай факторларды есепке алу керек? Бұндай жағдайда темірқазық тұтпақ тәлімгерлеріміз кім болмақ?
Алдымен қоғамның талабына сай болуымыз қажет. Даңқты жазушы Әбіш Кекілбайұлының «…білімге сенер заманда, қапы қалып жүрмелік» — деп алаңдауында үлкен мән жатыр. Қазіргі заман — білімділердің, ғалымдардың заманы. Демек, біздің ұрпағымыздың үлгі тұтар жандары — білімділер.
Екіншіден, біздің заманымыздың тәлімгерлері соқыр сенімге бой алдырмайтын, сыни тұрғыда ойланып, өзі ісіне жауап бере алатын, игі істер үшін жаңалықтарды, реформаларды қабылдауға қорықпайтын, жаңа жүйеге тез бейімделетін тұлғалар болуы тиіс. Ньютон заңдарын Эйнштейннің ғылымы төңкеріп тастағандай, қарқынды даму үстіндегі заман, кез келген сәтте басқа арнаға бұрылып, өзіне бүгінгіден де тиімді болмақ соқпақты таңдауы мүмкін.
Үшіншіден, тәлімгер ұлттық рухқа қаныққан, өзінің еліне жаны ашитын тұлға болуы тиіс. Оның тәлім алушылары да тәлімгері секілді ғұмырын ұлтына арнайтын болады. Бұл тұста сонымен қатар, жаһандану үрдісінің жетегінде кетпей, ұлттық ерекшеліктерімізді жоғалтпай, жаңғырта, жаңара дамып отырудың маңызы зор. Сол себепті де мен осындай үш қасиеттің тәлімгерлеріміздің бойында болғанын қалаймын.
Қорытындылай келе, тәлімді кез келген адам бере алады. Бірақ берілетін тәлім нәрлі ме, қаншалықты тамырын тереңге жая алады, ең бастысы осы. «Толық адам» ретінде қалыптасқан бір тәлімгердің өзі, Абай атамыз айтқандай, «единица» болып басымдық танытып, соңына өңкей «нөлдерді» ертіп, еліміздің ғұмырын мейілінше ұзарта түспек.

Әсел ЖӘРДЕМБЕРГЕН,
Қорғантұз орта мектебінің тәлімгері.