МАЛ ҰРЛЫҒЫНА ТИЫМ БОЛУЫ ТИІС

Өткен аптада «Атамекен» ҰКП Шалқар аудандық филиалының ғимаратында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Біреудің мүлкін ұрлаудың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізу» мәселесіне орай жиналыс өтті. Оған аудан прокуроры Арон Әбілов, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Дәурен Үркімбаев, аудандық жер, ауыл шаруашылығы ветеринариялық бөлімдерінің басшылары, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы, мүшелері, шаруа қожалықтарының төрағалары, кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиналыста сөз алған аудан прокуроры А.Әбілов қазіргі таңда мал ұрлығының көбеюіне байланысты төрт түлік иелері өздерінің малдарын қадағалауда ұстап, ие болу керектігін баса айтты. Малдарды паспорттау, сырғалау, таңбалау жұмыстары өз уақытында жүргізілуі тиіс.
Сонымен қатар, аудан прокуроры шаруа қожалықтарының төрағаларына, кәсіпкерлерге қарамағына алған малшылармен, жұмысшылармен міндетті түрде екі жақты келісім-шарт жасау керектігін ескертті.
Өз кезегінде сөз алған қожалық төрағалары, ардагерлер мал ұрлығына қоғам болып күресу керектігін, осы мал ұрлығына байланысты заң да қатайғалы жатқанын жеткізді. «Ұрыларды ондай жаман әдеттен арылту үшін ел алдында ұялту қажет, керек болса ақсақалдар ортаға алып, тезге салғаны дұрыс, жұрттың ақ адал малын қолды қылу өте жаман әдет», — деді олар.
Жиналыста бас қосқан көпшілік құзырлы орган басшыларына сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Қала әкімі Тұрлан Төлегенов осындай мал ұрлығының алдын алу секілді ортақ та маңызды мәселені талқылау үшін уақыттарын бөліп келген басшыларға, шаруа қожалықтарының төрағаларына, ардагерлерге алғыс білдірді.