Ақ басқында апатқа жол берілмеді

Қарашаның 3 күні таң алдында төтеннен басталған ақ басқын қарлы боран аудан халқын қатты әбігерге түсірді. Жолдар жабылып, шаруа қожалықтарының малдары ықты, алдындағы малмен бірге ыққан малшылар да болды. Аудан басшылығы қолдан келер шаралардың барлығын жасағанмен, өкінішке орай, адамнан да, малдан да шығындар орын алды.
Толассыз бір тәулік соққан ақ басқында теміржолшылар да жол бойын тынымсыз тазартып, күндіз-түні арыстанша алысып жұмыс істеді. Біз теміржол қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін №8 жол дистанциясында болып, сол бір дүлей боран кезіндегі іс-қимылдарын сұрап білген едік. Ондағы дефектоскопия цехының аға операторы, тәжірибелі маман Серік Дүзбаев былай деді:
— Иә, бұндай боран болатынын ешкім де күткен жоқ, себебі ауа-райын болжаушылардан ондай хабар болмаған еді. Өздеріңізге белгілі, жексенбіге қараған таңда қарлы боран бірден басталды. Әр жердегі бүкіл дистанциялар жабылып, теміржол басшылары, қызметкерлері, жұмысшылары жұмылып жол тазартуға шықты. Біздің цехта 36 адам жұмыс істейді, дегенмен демалыс болғандықтан әркім өз шаруасында, біреуі тойда, біреуі садақада дегендей, алаңсыз еді.
Осы жерде жігіттердің ауызбіршілігін айтуымыз керек. Төтенше жағдай орын алған кезде оларға телефонмен бірден хабарлап, дефектоскопия цехындағы 22 адам, линиядағы 8 адам бірден кідірмей жиналды. Айтайын дегенім, қасыңда жүрген әріптестеріңнің кім екені, жұмысқа қалай жаны ашитыны осындай сын сағатта көрінеді. Демалыс болса да ешкім сылтау айтқан жоқ, аз ғана уақытта бәрі бірден сапта болды, — деп өз әріптестерін мақтан етті, зейнет жасына жақындаған тәжірибелі оператор.
Сол күні қар тазалағыш «СДПМ-3568» маркалы техниканы тізгіндеген жігіттер 36 сағат тынымсыз қимылдапты. — Біз осы төтенше жағдай кезінде қар тазалағыш машинасының екеуін іске қостық. Ортасында толық тепловоз болды. Аталған машина ауамен (воздух) жұмыс істейді. Алдында қар тазалағыш пышағы, бұрышында, жанында ұзындығы 1.80 метр қар тазалағыш қалағы болады. Онда бір басшы, бір механик және екі оператор отырып жұмыс істейді. Сол бір ақ түтек боран күні қарыс жер көрінбеді. Дегенмен жіті қимылдадық. Біздің міндетіміз — басты жолдарды тазалау, тазалап келе жатқанда кірпік қақпадық, ентелеп қарап тұрамыз, себебі ақ түтек бораннан ештеңе көрінбейді. Жолдың бойында ПОНАБ деген қымбат приборлар, мостылар, бекеттердің кіріс-шығысындағы, ортадағы светафорлар бар, осыларға келіп қалғанда қар тазартқыш қалақтарды көтеріп, өткесін қайта түсіруіміз керек. Әрине, мұның барлығына қырағылық және өте ұқыптылық қажет. Осылай біз 36 сағат бойы өзімізге тиесілі Қайдауыл мен Сексеуіл стансаларының арасындағы теміржолдың екі линиясын СДПМ қар тазалағыш машинасымен ерсілі-қарсылы тазаладық та жүрдік. Себебі, аспаннан сауылдап құйған қарлы боран теміржолдың бойын тазартқан жерді бірден қайта басып жатты. Алдымызды қарлы бораннан көру қиын болса да біз қатты жүруге мәжбүрміз. Себебі, белгіленген жылдамдықты ұстап, жолдағы үйілген қарды бұзып, жолдан 15-20 метрге сыртқа қарай лақтырып отыруымыз керек, — деді аталған цехтың шебері Ерғали Еңсепов.
Сонымен бірге Ерғали Төреғалиұлы жолшылардың сол боран күнгі ерен еңбектерін атап өтті. Дефектоскопия цехының аға операторы Серік Дүзбаевпен, операторы Иманалы Сәмбетовтер де тыным көрмеген. Станса кезекшісінен қар басып қалып жатқан стрелкалардың хабарларын алған бойда линиядағы жолшыларды сол жерге жұмылдырып, қар тазарту жұмыстарын жедел жүргізіп отырған. Сол күнгі цехтағы операторлары Серғазы Қиынбайдың, Ермекбай Кенжеғұлдың, Досбол Қожабергеновтың, Асан Әліпбаевтың, механик Кеулімқош Қайырбаевтың, тағы да басқа әріптестерінің жан аямай атқарған жұмыстарын атап өтті. «Бір тәулік соққан қарлы боран күні тоқтамастан тынымсыз жұмыс атқардық, тамағымызды ішуге де мүмкіндік болмады, бірақ бірде-бір жол апатының орын алуына мүмкіндік бермедік», — деді Е.Еңсепов.
Теміржолшылар осындай қиын жағдайдан сүрінбей өткендеріне, еңбектерінің нәтижелі болғанына қуанышты екендерін жасырмады. «Бұл — біздің міндетіміз, өзімізге көрсетілген сенімді ақтап шықтық», — деді олар.

Қыдыралы ӘЛИН,
«Шалқар».