Н.МАҚСҰТОВТЫ ЕСКЕ АЛДЫ

30-31 қазан күндері Кеңес Одағының шахматтан спорт шеберлігіне үміткер Нұрлыбек Мақсұтовты еске алуға арналған шахматтан турнир өтті. Шахмат сайысына 12 мен 14 жас аралығындағы оқушылар қатысты.
Нұрлыбек Мақсұтұлы 1972 жылы Шалқар ауданы, Жылтыр селосында дүниеге келген. Жастайынан өзінің отбасынан шахмат ойынын меңгеріп, он жасында облыс деңгейіндегі жарыстарға қатыса бастаған. 1986 жылы 14 жасында Шалқардағы аудандық «Коммунизм таңы» газетінің атынан ұйымдастырылған шахмат сайысының жеңімпазы болып бас кубокты жеңіп алған. Кейіннен спорт шеберлігін шыңдап, Қостанай қаласында өткен республикалық сайысқа қатысады. Шахматтан спорт шеберлігіне үміткер Нұрлыбек 2012 жылы дүниеден өтеді.
Турнирді аудан әкімінің орынбасары Жанболат Жидеханов салтанатты түрде ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ардагер-ұстаз Бағжан Жоламанов Нұрлыбектің оқушы кезіндегі естеліктерімен бөлісіп, өмір жолына қысқаша тоқталды. Мақсұтұлының ағасы Марат Үркімбаев еске алу турнирін ұйымдастырушылар мен турнирге қатысуға келген оқушыларға алғысын айтса, осы жарысты ұйымдастырушы №1 Аула клубының нұсқаушысы Арман Үргенішбаев ойынның өту барысымен таныстырды. Ақыл мен ойдың спортына №1, №2, №3, №4 ,№5, №6 орта мектептері мен Сарысай негізгі орта мектебінің оқушылары қатысты.
Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша 14 жастағы ер балалар арасынан I орынды Нияз Ілиясов, II орынды Нұрдәулет Қуаныш, III орынды Аркен Әділхан иеленсе, қыздар арасынан жүлделі I орынды Айдана Әзберген, II орынды Айкөркем Иса, III орынды Ақмарал Рамадинова жеңіп алды. 12 жастағы ер балалар арасынан I орын Нияз Ілиясовқа, II орын Нұрдәулет Қуанышқа, III орын Аркен Әділханға тиесілі болды. Қыздар арасында жүлделі I орынмен Айнұр Қуантай, II орынмен Кәусар Ізтілеуова, III орынмен Тұмар Қойбағарова марапатталды. Турнир барысында ең жас ойыншы атанған 7 жастағы Мирас Ізтілеуов те Алғыс хатпен марапатталды. Ойын барысында көзге түсіп, белсенділік танытқан оқушылар Алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлықтар алды.

Арайлым СИДАҚОВА,
Шалқар қаласы.