Ауданымызда үстіміздегі жылдың 9 айының көрсеткіші бойынша құтыруға қарсы яғни 1000 бас МІҚ, 300 бас түйе, 2800 бас ит, 200 бас мысық, нодулярлы дерматитке 38700 бас МІҚ, сібір жарасына қарсы 33500 бас МІҚ, 95390 бас ҰМҚ, 10900 бас жылқы, 11520 бас түйе, Эхинококкозға қарсы 1900 бас ит, қарасанға қарсы 22400 бас МІҚ, обаға қарсы 9530 бас түйе егілді. Сонымен қатар туберкулезге 34500 бас МІҚ, 10200 бас түйе, бруцеллезге қарсы 43064 бас МІҚ, 84776 бас ҰМҚ, 4544 бас түйе 141 бас түйе аллергиялық және серологиялық жолмен тексерілді. Оның ішінде 39 бас МІҚ-дан, 6 бас түйе малынан бруцеллез ауруы анықталды. Бруцеллез ауруы анықталған малдар ветеринариялық-санитариялық талапқа сай 15 күн ішінде мал сою алаңында сойылып, ауру шыққан қора-жай-ларға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Ауданымыздың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болып табылады. Осы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтап қалу үшін ауданға келетін және сыртқа шығарылатын мал қозғалысы қатаң бақылауға алынып отыр. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқоры бойынша ауданымызда 49927 бас МІҚ,112065 ҰМҚ, 31731 бас жылқы, 11824 бас түйе тіркелген. Ауданымызда қаланы қосқанда 13 ауылдық округ бар. Барлық ауылдық округтердің ветеринариялық пункті «Нива» автокөлігімен жабдықталған. Шаруа қожалықтарын аралап, жоспарлы қан алып, егу жұмыстарын жүргізуге еш қиындық жоқ. Аудан бойынша жыл басынан бері 1300 бас бұралқы қаңғы ит ауланып, көзі жойылды.
Үстіміздегі жылы Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру бағдарламасы аясында 10012 бас бұзау, 41247 қозы-лақ, 5909 құлын, 1297 бас бота сырғаланды.
Облыстық мәслихаттың 2013 жылғы №5 маусымдағы №122 шешімімен бекітілген Ақтөбе облысының қалалары мен басқа да елді мекендерінде иттер мен мысықтарды күтіп ұстау қағидасында көрсетілгендей, аудан тұрғындары иесі бар иттерді қатаң бақылауға алуы керек. Иттерді күтіп ұстау ережесіне сәйкес, иесі бар иттерді серуендетуге алып шығарда 1,5 метр мойын жіп және тұмылдырықпен алып шығу керек. Сонымен қатар итті серуендетуге алып шығуға жас шамасы 16 жасқа толмаған тұрғындарға рұқсат етілмейді. Иесі жанында болмаған және көшеде бос жүрген иттер қаңғыбас ит қатарына жатқызылады. Көбіне қала тұрғындары көшеде бос жүрген иттерден жарақат алып жатады. Иттен болған жарақаттан әртүрлі ауру таралуы мүмкін. Көшеде бос жүрген қаңғыбас ит деп саналатын иттердің иесі анықталған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын ескертеміз.
Аудандық ветеринариялық стансаның басты мақсаты — жұқпалы аурулардың алдын алу. Осы шеңберде мекеме жұқпалы аурулардың жеті түріне қарсы екпе жұмыстарын жүргізеді.
Серік ӨТЕГЕН,
аудандық ветеринариялық стансасының директоры.