Аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары қарттар күні мерекесінде Жылтыр ауылында болып, қазанғаптанушы, ауыл ақсақалы Жұмабай Жансүгіровпен кездесті. Кездесу барысында белсенді жастар ардагерді мерекесімен құттықтап, сыйлықтар тапсырды. Өз кезегінде жастардың бұл құрметіне ақсақал да ризашылығын білдіріп, Қазанғаптың бірқатар күйлерін бар ықыласымен орындап берді. Сондай-ақ, ол жастардың сауалдарына нақты жауаптар қайтарып, Қазанғап күйлерінің шығу тарихына тоқталды.
Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебіндегі домбыра класының оқытушысы Орынбасар Әуезханов та күй тартып, ардагердің оң бағасын алды. Және қарт күйшіден ескі күйлерді үйреніп, шығармашылық қоржынын толықтырды.
Жастар күйші мен оның өмірлік қосағын ортаға алып естелік суреттерге түсіп, үлкендердің көңілін бір серпілтті.
Ауданның белсенді жастары қарттардың төл мерекесінде ғана емес, былай уақыттарда да ардагерлермен тығыз байланыс орнатуды жоспарларынан түсірген емес. Қол көмекті қажет ететіндердің үйлеріне барып талай мәрте қолғабыс етті. Аталмыш орталық мамандарының айтуынша, алда да үлкенге құрметті ту еткен шарапатты шаралар жалғасып, тәрбиелік мәні зор жүздесулер бола бермек.
Өз тілшімізден.