Коворкинг орталығы ашылды

Аудандық орталық кітапханада Коворкинг орталығының ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Коворкинг орталығы «Nur Otan» партиясының бастамашыл жобалары аясында жүзеге асырылып отыр. Жаңа партиялық жобаның мақсаты — еліміздегі кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құру, яғни бірыңғай онлайн кітапхана жүйесін қалыптастырып, кітапханалардағы барлық кітап қорын электронды форматқа көшіру, кітаптарды цифрландыру. Сонымен қатар барлық санаттағы жастардың ақпараттық қажеттілігін жедел қанағаттандыру үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдаланып, кітапханалардың жаңа заманауи үлгісін құру болып табылады. Себебі, кітапханалар тек кітап оқитын орын емес, түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосатын нағыз білім орталығы болуы тиіс.
Салтанатты жиынға «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының консультанты Н.Мұрсалов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы А.Сарина, зейнеткерлер, еңбек ардагерлері К.Досов, Ө.Наурызғалиева, кітапханашылар, кітапхана оқырмандары қатысты. Жаңа орталықтың лентасын Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «КСРО баспасөзінің үздігі», журналист М.Есмағанбетов қиып, жиынға қатысушы қауымды Коворкинг орталығының ашылуымен құттықтады.
Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Б.Жақсыбаева орталықта орналасқан алаңдармен таныстырып, орталықты ашудағы басты мақсат оқырмандарды, соның ішінде жастарды кітапханаға тарту, жастар өзін-өзі дамыту жұмыстарын жүргізіп, түрлі кеңестер алуға сондай-ақ, ғаламтор желісін пайдалана отырып, теледидар арқылы өздеріне қажетті дүниелерді тамашалай алатынын, бір сөзбен айтқанда жаңа орталықта кітап оқырмандары үшін барлық жағдай жасалғанын айтты.
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалының консультанты Н.Мұрсалов аудандық кітапханада ашылған орталық тұрғындарға жаңа серпіліс беретінін және жас ұрпаққа мамандық таңдауға, пікірлестер командасын қалыптастыруға, инновациялық идеялар мен тәжірибелерді іске асыратын орталық болатынын айтты.
Коворкинг сөзі бірлесе жұмыс жасау деген мағынаны білдіреді. Заманауи орталық келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік береді. Аудандық орталық кітапханада ашылған орталықта барлық санаттағы келушілерге жағдай жасалған. Бұл жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға, ғылыми жұмыстармен шұғылдануға, шахмат ойындарын ойнап, ойларын сергітуге, ересек буын өкілдері болса компьютермен жұмыс, интернет, скайп жүйелерін меңгеруге үлкен мүмкіндік беретін орын болады. Сәтті жұмыс үшін қажетті барлық нәрсе бар: жұмыс орын, интернетке қосылған компьютер, сканер, принтер, скайп, семинар, тренингтер өткізетін зал… Пайдаланушылардың жайлы жағдайда тегін интернет желісіне шығу мүмкіндігі – WI-FI аймағы болып табылады. Ашылған Коворкинг орталығында 4 аймақ жұмыс жасайды.
Бірінші, кездесулер аймағы — жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, интеллектуалды ойындар, көрмелер ұйымдастыруға және фильм көруге мүмкіндік жасалған. Келушілердің демалуына жағдай жасалған қолайлы орын. Мұнда теледидар, үстелдер, жұмсақ дивандар қойылған. Қызықты кітап, газет-журналдармен таныса алады.
Екінші, Wi-Fi аймағы — кітапхана пайдаланушылары ыңғайлы жағдайда тегін, сымсыз интернетке қол жеткізе алады және әлем бойынша жаңалықтарды біліп, ой-өрісін кеңейтеді. Ол интернетке шығатын 4 компьютерден тұрады.
Үшінші, балалар аймағы — қызықты кітаптар мен журналдарды оқып, ойын ойнап немесе теледидар көруге болатын демалыс аймағы. Бұл жерде балалардың оқыған кітаптары туралы пікірталастары, викториналық және логикалық ойындар, үстел ойындары, тоғызқұмалақ, шахмат, ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Кітапхана ұжымы, алдағы уақытта түрлі тренингтер, интеллектуалдық сайыстар мен сабақтар ұйымдастырмақ. Енді оқырмандардың коворкинг орталығында кітап оқып, жеке шығармашылық жұмыстарын жазып, ғылыми жобаларды бірлесе отырып жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік туды. Сондықтан, құрметті оқырмандар , осы орталықта көп ізденіп, пайдалы білім алыңыздар. Біз сіздерді күтеміз.

Разия БЕГЕТАЕВА,
аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің библиографы.