ШАЛҒАЙДАҒЫ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Өткен аптада аудан әкімі Бауыржан Қаниев ауданымыздың оңтүстік бағытындағы Қаңбақты, Бозой елді мекендерінде болып, тұрғындармен кездесіп, халық ахуалымен танысты.
Әуелі Қаңбақтыдағы мектепте болып, тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түрді. Ауыл ақсақалы Аманжол Аязбаев сөз бастап, сонау кеңес үкіметінің кезінде штаб болған Аяққұм өңірінің мал-жанға жайлы жер болғанын, өткен ғасырдың 50-60 жылдары аудандағы 15-ке тарта колхоздың малды айдап келіп, осы жерге қыстатқанын тілге тиек етті. Уақытында бір совхоздың малы болған Аяққұмның әлде де болашағы бар екеніне сенетінін, қолдау көмек болса құтты мекеннің елге берері көп екенін әңгімеледі. Осы елді мекендегі жалғыз мектеп сақталып, ауыз су мәселесі шешілсе екен деген тілегін айтты.
Аудан әкімі жалпы ауданда атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Қазір пойыздарға билет болмай, облыс орталығына жетудің қиындағаны белгілі, соған орай «Шалқар-Ақтөбе» қала маңы пойызына тағы да екі вагон тіркелетінін айтты. Елді мекендерге газ, су кіргізіліп жатқаны белгілі, енді Бершүгірге газ апару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кішіқұмның басына газ апарып құю арқылы мәселені шешу жолы бар, оның өзіне біраз қаражат керек. Шетырғызға газ, су кіргізіліп, мектеп салынды, енді Шалқар-Ырғыз жолымен екі ортаны асфальттау жоспарланып отыр. Осыған орай бұрын көшіп кеткен ел қайта келуге ниетті. Енді Шалқардың аэропортын ашу мәселесі көтерілуде. «Ақтөбеге жақында ел Президенті келгенде Шалқардың көлі, жолы және кеден ашу мәселелері көтерілді, үшеуі де шешімін табатын болды», — деді аудан басшысы. Көлдің айналасынан 15 скважина қазу жайы қарастырылуда, көлден алынған топырақпен Шалқардың ортасындағы сор жабылатын болады, тағы да басқа игі жағдайлар жасалады. Кеден ашылса, ауданымыздың дамуына серпін береді, Шалқар-Бозой жолының асфальттануы тез бітетін болады. Шалқардың минералды суына сұраныс көп, енді «Көктас» минералды су құю цехы ашылады, ол өте сапалы болады, себебі, оған қосылатын компоненттер Грузия мен Тайландтан әкелінеді. «Нұралы» шаруа қожалығында ет комбинаты жұмыс істеп тұр, енді шұбат өндіретін зауыт салынатыны айтылды. Ауданда 17 мың түйе, 27 мың жылқы бар. Сондықтан алдағы жылдары қымыз өндіретін зауыт салуға болады. Шұбатты кептіріп, қалбырға салып, Қытай, Германия еліне экспорттау жоспарланып отыр.
Аудан әкімі сонымен бірге ауданның шаруа қожалықтары сырттан үкіметтің қолдауымен мал сатып алуда екенін, қала көшелерінің асфальтталып жатқанын, жүз жылдық тарихы бар қаладағы №5 мектеп-лицей ғимаратын салуға қаржы мәселесінің шешімін табатынын, салық мәселесін көбейту үшін ілкімді жұмыстардың жүргізілгенін, тағы да басқа жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Және жақында Елордада Ақтөбе облысының күндері өте табысты өткенін баяндады. Соның ішінде Шалқар өнімдері нұр-сұлтандықтардың көңілінен шығып, алғыс алғандарын, облыс әкімінің ол үшін ризашылығын білдіргенін айтты. «Осындай табыстарымыздың барлығы Шалқар халқының еңбегінің арқасы, екі жыл қатарынан аудан жылды жарты миллиард табыспен аяқтады, бұл біз үшін үлкен мерей», деді аудан әкімі.
Аманжол ақсақалдың тілегіне байланысты аудан басшысы су ұңғымасын қазу жайын зерттеп, ол істің қолға алынатынын жеткізді. Ал көгілдір отынды Қаңбақтыға әкелу тиімсіз екенін, оған алаңдамау керектігін бірден кесіп айтты. Ауыл мектебінде бала аз болғанымен оны жаппау жағында екенін, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаржы бөлетінін тілге тиек етті. Бірақ, ауылдағы жас отбасыларын сақтап, көбейтіп, бала санын арттыру керектігіне тоқталды.
Бозой тұрғындарымен кездесуде аудан әкімі бұрын көтерілген екі мәселе: электр энергиясы мен кәріз құдықтарын тарту мәселесі шешіліп, жұмыстарының жүргізіліп жатқанын әңгімеледі. Бірақ, кәріз жүйелері тартылғаннан кейін әр отбасы үйлеріне өздері кіргізіп алулары тиіс, себебі ол жобада қаралмаған. Кеден ашу мәселесі шешімін тауып, ол үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты, сол кезде жұмыс орындары да ашылмақ. Және жолды асфальттау қарқынды жүргізілетін болады. Тағы бір жаңалық, Бозойға қытай азаматтары келіп өткен жылдағыдай газдың екінші линиясын және газ кептіру құрылғысын салатын болады. Бұл — үлкен игілікті іс болмақ.
Сонымен бірге аудан әкімі Елордадағы жәрмеңкеге белсене қатысқан Бозой ауылдық округі әкімдігіне, оған атсалысқан шаруа қожалықтарына алғысын айтты. Бозой тұрғындары тарапынан көтерілген банкомат қою жайының оңай болмай тұрғаны айтылды: ол үшін 24 сағат күзет керек, экспедированиесі бар, т.б. Ал газ есептегішінің техпаспортында 40 градус аязға да ыстыққа да шыдайды деп жазылғанын айтқан бозойлықтар оны үйге кіргізудің қандай қажеттігі бар екенін және сыртта тұрған есептегішке не үшін коэффициент қосып ақша алатынын сұрады. Бұл сұраққа газ мамандары арнайы келіп жауап беріп, мәселенің шешілу жағы қаралатыны айтылды.
Аудан әкімі басқа да мәселелерге құлақ түріп, оның шешілу жолдарын жеткізді. Елді мекенге сапарының соңында әлеуметтік нысандарды аралап, оның қысқа дайындықтарымен танысты.


Қыдыралы ӘЛИН, «Шалқар».