Қарты бардың— қазынасы бар
«Қартың болса ауылыңда жазып қойған хатпен тең». Расында қашаннан-ақ қанатты сөзге айналған осынау ұлық ұғым өмірдің өз ақиқатын паш етеді. Ел қарттарымен қазыналы. Имандылық қасиетіне уыз жасынан ел азаматтары үлкеннің алдын кесе өтпей, басы жерге жеткенше құрметтеп, сыйлауды мақсат еткен. Көненің көзіндей ақсақалдардың ақыл-ойы, тұшымды тәрбие-тағылымы, алыс-жақынды, жақсы-жаманды тап басып аңғаратын, пайым-парасаты біздерді ақыл-ойдың биігіне бастап келеді.
Аумалы-төкпелі замандарда ел бірлігін нығайтып, бөліп-жармай, ақыл-парасатымен, адамгершілігімен, абыроймен көрінген ақсақалдарға қандай құрмет көрсетсең де лайық. Мұндай іс-шаралар біздің ауданда да өз жалғасын табуда. Ауданда 4 мыңдай зейнеткер бар. Қалада, ауылдық округтерде ардагерлердің 26 бастауыш ұйымы бар. Қалада 150 ардагер-зейнеткер, әр ауылдық округтерде — 56, әр мектепте 45-50 ардагер-ұстаз есепте тұрады. Тыл ардагерлері 302, қалада 75-80. Соғыс ардагері біреу.
Ел Президенті биылғы Жолдауында: «Қазақстан — ортақ шаңырағымыз! Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын!», деді. Сондықтан біздер, ардагерлер, барша мұқтаж жандардың мұңын тыңдап, жоғын жоқтауға, елдің, халықтың сөзін сөйлеуге тиістіміз. Өйткені бүгінгі күнгі қол жеткен жетістіктеріміз ізгілікті, игілікті жұмыстардың негізін қалауымыз да ауызбіршіліктен туса керек. Ардагерлер еліміздегі барлық жаңалықтар мен жақсылықтардың жанашырлары, насихатшылары, тілекшілері.
Әсіресе, біз үлкенді сыйлап, оларды тыңдап өскен ұрпақпыз. Ардагерлер ұйымы — аға ұйым, барлық мемлекеттік емес ұйымдарға көшбасшы, үлгі, өнеге болуға міндетті.
Өкінішке орай әлі де болса өмірімізде орын алып отырған заңсыздықтарға, келеңсіздіктерге, ретсіздіктерге ақыл айтатын ардагерлер болуы тиісті. Осы жағдайларды біздер айтпағанда кім айтады?! Барлық дәрежедегі басшылар ардагерлерді, елді, халықты басқарудағы көмекшім, жәрдемшім, халықпен, елмен байланыстыратын алтын көпір деп түсінуі керек. Олардың мол тәжірибесін, беделін, өзіне, дуалы сөзін ортақ істің мүддесіне пайдаланғаны абзал. Ол үшін ардагерлер ұйымының жетекшісін материалдық, моральдық жағынан қолдау керек, ынталандыру қажет, былайша айтқанда отыратын орын, бас қосатын жер, іс-қағаздарын жүргізу үшін қажетті техникалық құрал-жабдықтар, байланыс құралдары және техника керек. Осы жағдайларды ескерген аудан басшысы Бауыржан Қаниев ағымдағы жылдың орта шенінде орталықтан жақсы жабдықталған үй берді. Қарттардың әңгімелесіп отыруына, домино, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойындарына қажетті құралдар және газет-журнал оқып отыруына толық жағдай жасады. Аудан басшысы сонымен бірге, көш жүре түзеледі дегендей алдағы уақытта да жәрдем берілетінін айтты.
Соңғы кездері еңбек демалысына шыққан зейнеткерлеріміз, яғни ақсақалдыққа аяқ басқандардың арасында да елдегі игілікті істерді дұрыс бағаламау мақсатында негізсіз әңгімелер өрбіп жатады. Біз бұған жол бермеуіміз керек. Той, садақаларда, жүрген ортамызда жақсы сөз айтып, елді бірлікке ұйыта білуіміз қажет. Қауесет әңгімеге еру үлкендікке тән емес. «Қазыналы қарт» деген қасиетті де, киелі ұғым. Бұл — халықтың, тарихтың, уақыттың жарлығымен беріледі. Сондықтан өзіміздің ісімізбен, сөзімізбен, жүріс-тұрысымызбен, тәлім-тәрбиемізбен, өнегемізбен осы үдеден шығуға тиіспіз.
Қарттар күні құтты болсын. Еліміз аман, іргеміз мықты, шаңырағымыз шаттыққа толсын.
Қуанышбай Князбаев,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.