ҚАЗАН АЙЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЕКСЕНБІСІ — МҰҒАЛІМДЕР КҮНІ

Оқу — адамзат өркениетінің өлшемі

ХХІ ғасырда қоғам мен мемлекет дамуының басты тетігі білім беру болып отыр. Рухани, мәдени саламыздың нығаюына, адами қасиеттердің жоғарылауына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен-күнге айқындалып келеді. Әрбір елдің өркендеуі, тұғырының берік болуы да білімге келіп тіреледі. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтар болсақ, «Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін — білім» болмақ. Ел болашағының бүгінгіден де кемелденуіне ықпал етіп, алға апаратын күші білімге байланыстылығы айқын көрінуде. Білім мен ғылымның дамуы — адамзат өркениетінің өлшемі. Білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды қажет етеді. Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең — бұл жаңа дәуір, жаңа көзқарасты, жаңашылдықты талап ететін кезең.
Педагогика мен мектеп алдында білім, тәрбие берудің тың жаңашыл бағыттары жолға қойылуда. Олар — оқу, тәрбие, даму процестерін жандандыру. Бұлардың барлығы жеткіншектерге жүйелі білім, саналы тәрбие беру ісіне тәуелсіз ел талабы тұрғысынан қарау қажеттігінен туып отыр. Мектептің әдістемелік қызметінің мақсаты — мұғалімдердің кәсіби шеберлік деңгейін үздіксіз жетілдіру, білім сапасын көтеру мақсатында жаңа технологияларды меңгеру. Ал технология дегеніміз, білім саласында қолданылатын әдіс-тәсілдердің жиынтығы болып табылады.
Білім беру тиімділігі басшының ортаны дамытуға бағытталған педагогикалық ұстанымынан басталады. Мектеп басқару шеберлігінің ең жоғары деңгейі — білім беру ортасын басқару. Мектеп кеңістігін дамыту, білім беру қатынастарының барлық қатысушылары үшін өз мақсаттарын өз бетінше жүзеге асыруға мүмкіндік жасау.
Дәл осындай принциппен №5 мектеп-лицейі 2016 жылдан бастап қазақстандық ғалым Ф.Вассерманның «Биоақпараттандыру және синергетика» білім беру технологиясын қабылдады.
Қазақстандық ғалым Ф.Вассерман көптеген қазақстандық және халықаралық педагогтардың тәжірибесін оқып зерттеп, «Биоақпараттандыру және синергетика» (БиС) білім беру технологиясын тамаша қарастырып, оқыту сапасының нормативтік көрсеткішін құрды. Түрлі технологиялық карталар арқылы оқушылардың қабылдауы, есте сақтау қабілеті өседі, ойлау-сөйлеу дағдысы қалыптасады, танымдық көзқарасы жетіледі, ең құнды, пайдалы материалды тауып, өз бетінше ізденіспен еңбек етуге талпындырады. Бұл оқушыны уақытты үнемді пайдаланып, өз ойын тұжырымдап айтуға дағдыландырып, шығармашылық ізденіске жол ашады.
Қазіргі таңда айқын, түсінікті құрылымсыз, тиімді басқару болмайды.
Осы технологияны ендірмес бұрын мен өнімділік және ынталандыру индикаторлары іс жүзінде бәрін жасай алады деп есептедім. Бірақ қазіргі кездегі цифрлық экономиканың қарыштап дамуының арқасында әр адамның автономиясының жоғарылауы басқаруға басқаша көзқарасты дамытуда. Бастысы, белгілі бір адамның қол жеткізген нәтижесі емес оның нәтижесіне септігін тигізген әсер (эффект) екенін түсіндім. Білім беру ортасының дамуы эффектілерді басқаруға негізделуі керек. Білім беру нәтижелері тек оқытушылық құрамның немесе әкімшілік топтың жетістігі бола алмайды. Біз оларды болжаймыз, бірақ оған тек оқушылардың өздері, ата-аналар, мұғалімдер қол жеткізеді. «Биоақпараттану және синергетика» технологиясы осы үш жылдың ішінде біздің мектебімізде осындай эффективті (әсерлі, тиімді) оқыту ортасын қалыптастырды.
Бұл технология мектептің 3 бағыт бойынша тиімді жұмыс жасауына жағдай туғызды:

  1. Оқу үрдісі;
  2. Даму үрдісі;
  3. Тәрбие үрдісі.
    «Биоақпараттану және синергетика» технологиясының мықты жағы:
  • бәсекеге қабілеттілікті арттыру
  • нақты қалыптасқан жүйе
  • көшбасшыны қалыптастыру
  • тәртіп
  • шапшаңдық
  • зейін
    «Биоақпараттану және синергетика» технологиясының беретін мүмкіндігі:
  • функционалдық сауаттылық
  • ент (эссе, текстпен жұмыс, логика)
  • оқушыға кәсіби бағдар беріледі
  • мұғалім жұмысын жеңілдетеді
  • технологиялық картаны пайдалануда бала саны әсер етпейді
  • ішкі семинар арқылы мұғалімнің кәсіби әлеуеті артады
    «Биоақпараттану және синергетика» технологиясының дамуына кедергі:
  • әкімшіліктің жиі ауысуы
  • басшылықтың толық қолдамауы.
    Жетістікке жетелейтін, ортаға қызығушылық оятатын, алға итермелейтін, осы процесте жүріп өз мақсаттары мен нәтижеге әкелетін тиімді орта қалыптастыру — біздің міндетіміз. Тек цифрлық нәтижеге сүйенбей, оқушы мен мұғалімнің дамуына әсер ететін, тәрбиелік үрдісті алға қойып оқуда оңай нәтижеге жетуге болатынын бүгінгі №5 мектеп-лицейі дәлелдеп отыр. Өйткені осы технологияны енгізген кезде біздің ең алғашқы оқушыларымыз бүгінде 29 оқушының 19-ы, яғни 65%-ы мемлекеттік грант иелері болып, үлкен өмірге аяқ басты. «Биоақпараттану және синергетика» технологиясының белгіленген 63% нормасын біз орындадық.
    Олай болса, өскелең жас ұрпақты болашақ еліміздің тұтқасы етіп тәрбиелеу — әр ұстаздың, оқытушының, тәрбиешінің, қоғамның міндеті. Осы міндеттерді атқару баршамыздың азаматтық парызымыз болмақ. Бұл жауапкершілікті сезіне отырып, жаңа заманның салмақты жүгін қайыспай, жұмыла, бірлесе көтерген жүктің жеңіл болатыны сияқты отбасы, балабақша, мектеп, оқу орындары және қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі көрсететін болады.

Әлия ӘБДІҒАПАРОВА,
№5 мектеп-лицейінің директоры.