«Жасыл экономика — ауқатты болашаққа апарар жол» десек, елімізде Елбасының бастамасымен «Жасыл ел» бағдарламасы кеңінен қанат жайғаны белгілі. Міне, осы экологиялық бағыттарды қолдау аясында «Қамқор GREEN» бағдарламасы әзірленіп, тағы бір игі іс жүзеге асырыла бастады. 12 қыркүйек күні жоғарыдағы бағдарламаны іске асыруға бастау берген «Қамқор менеджмент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Диас Сүлейменовтың бастамасымен, қолдауымен «Қамқор PARK» акциясы еліміздің Шар, Аягөз, Қазалы және Шалқар сынды төрт ауданда жүзеге асты.
Бұл игі бастаманың мақсаты — тек өңірлерді көгалдандыру ғана емес, сонымен қатар, біздің ортақ шаңырағымыз — Қазақстанның өркендеуіне жауапты жаңа жас буын тәрбиелеуді мақсат тұтады, жастарды патриоттық және экологиялық тәрбиелеуге септігін тигізеді.
Біздің өлкеде бұл акция Шалқар қаласының орталық саябағында бастау алды. Ауданымызда осы игі шараны өз деңгейінде өткізуге «Қамқор вагон» ЖШС, «Шалқар вагон жөндеу депосы» филиалы, «Ақтөбе локомотив жөндеу депосы» филиалы, Шалқар сервис орталығы және Шалқар қаласы әкімдігі атсалысты. Аталған шараға қала тұрғындары, теміржол саласының жұмысшы-қызметкерлері, басқарма, бөлім қызметкерлері және ардагерлер қатысты.
Акция барысында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Мақсат Әлібеков, Нұр-Сұлтан қаласынан осы шараға арнайы келген «Қамқор вагон» ЖШС өндіріс жұмыстары жөніндегі директоры Болатқазы Әбдірашов, «Қамқор Локомотив» ЖШС жылжымалы құрама сервистік қызмет көрсету жөніндегі директоры Асан Нүсіпқұлов, Ақтөбе магистралды желілік дирекциясының орынбасары Болат Аюпов және қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев осы «Қамқор PARK» акциясына қатысуға жиналып отырған Шалқар жұртшылығына алғыстарын жеткізіп, осы игі шараны біркісідей қолдауға шақырды. Жастардың күшімен елімізді көгалдандыру елді мекен айналасын жасыл ағаштармен көмкеру, көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген махаббатын, патриоттық сезімін ояту біздің азаматтық борышымыз екенін айтты.
—Жастар кез келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан ел тірегі — жастар екенін әсте естен шығармаған абзал. Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі жолында жастардың атқаратын рөлі зор екеніне тоқталды. «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» демекші, жасыл желек — жан саясы. Еліміздің гүлденуі үшін озық мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін бәріміз жұмыла жұмыс жасауымыз қажет,— деді олар.
Бұдан соң игі шараға жиналған жұртшылық орталық саябақтағы үлкен сахнадан аудан көркемөнерпаздарының концертін тамашалады. Бақытқали Жанықұловтың салған «Қазақстан теміржол әні», «Көркем-ай» бишілер тобының «Қазақ биі», жалынды жастардың флешмобы, тағы басқа өнерпаздардың өнерлері көрермендердің көңілін бір серпілтті.
Бұдан соң орталық саябақтағы жаңадан бой көтерген аллеяға осы шараға арнайы келген көпшілік туған өлкемізді жасыл желекке айналдырамыз деген ниетпен шыршалар мен қарағай ағаштарын отырғызды.