Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мемлекет, жұмыс беруші мен азаматтар арасындағы ортақ жауапкершілік принципі бойынша жұмыс істейді. Себебі, экономика қанша дамыса да бүкіл денсаулық сақтау саласының проблемаларын бюджеттің мойнына іліп, жауапкершілікті мемлекетке ысырып қоюға болмайды. Өйткені азаматтардың денсаулығы тек медицинаға ғана байланысты емес. Ол азаматтардың өмір сүру салтына, жұмыс істейтін жеріне және әр адамның жеке жауапкершілігіне тәуелді.
Бұл жүйе баршаға теңдей мүмкіндік береді. Яғни, азаматтардың бәріне бірдей, бірыңғай пакет ұсынылады. Мұнда жарнаны әркім өз мүмкіндігіне қарай төлейді, ал медициналық көмекті қажеттілігіне қарай алады. Жүйеге қатысып, жарна төлейтін азаматтар жоғары технологиялық көмек түрлерін тегін пайдалануға мүмкіндік алады. Оның үстіне бұл жүйеде сақтандырылған азаматтар кез келген Қормен келісім-шарт негізінде жұмыс жасайтын клиниканың жәрдеміне жүгіне алады. Мұндай жағдайда медициналық сақтандыру қоры клиниканың кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері аясында қызмет көрсетуге кеткен шығындарын жауып береді. Екіншіден, сақтандырылған азамат кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері аясындағы медициналық көмек үшін қосымша төлемдердің барлық түрлерінен босатылады. Үшіншіден, медициналық сақтандыру қоры тарапынан фармацевтикалық қызмет көрсететін ұйым ретінде таңдалған кез келген дәріханадан кеңейтілген тізім бойынша дәрі-дәрмек ала алады. Төртіншіден, сақтандырылған азаматтың ай сайын өз атына аударылған жарналар мен медицина мекемелерінде көрсетілген көмек жайлы мәлімет алуға мүмкіндігі бар. Бесіншіден, медициналық сақтандыру қоры болашақта медициналық қызмет сапасы төмен болып жатса немесе міндетті сақтандыру жүйесіне қатысушының құқығы бұзылған жағдайда сақтандырылған азаматтардың құқығын қорғайтын болады. Жүйенің ең басты артықшылығы, медицина саласын дамытуға, бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік беретінінде.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі» туралы заң 2015 жылдың 16 қарашасында қабылданды. Осы Заң аясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ құрылды. 2017 жылдың маусым айында аталған қордың филиалдары еліміздің әрбір облыстарында ресми түрде ашылды. Шілде айынан бастап жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер және азаматтық құқықтық шарт арқылы жұмыс атқаратындардан аударымдар мен жарналар тұрақты аударылып келеді.
2017 жылдың шілде мен желтоқсан айларында жұмыс берушілер жұмыскерлеріне айлық табысының 1% көлемінде өз пайдасынан төледі, ал жеке кәсіпкерлер сол жылғы ең төменгі айлық жалақының 2 еселеген мөлшерінің 5%-і көлемінде және азаматтық құқықтық келісім-шарт негізінде жұмыс атқаратындарға айлық табысының 5%-і көлемінде жарна мен аударымдар аударып отырды. Әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға мемлекет жарнаны 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өткен екі жылды қоса алғандағы орта айлық жалақының 1,4% көлемінде 13 санат бойынша ай сайын аударып отырады. Аударылған аударымдар мен жарналар Ұлттық банкте сақталады және Қордың ресми сайтында ашық көрсетілім табады.
2018-2020 жылдарға белгіленген МӘМС жарналары мен аударымдарының мөлшері жұмыс берушілер (оның ішінде ЖК мен ШҚ иелері өз жұмыскерлері үшін жұмыс беруші ретінде) 2018-2019 жылдары – 1,5%, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 2%, жеке тұлғалар 2018-2019 жылдар төлемейді де, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЖК (өзі үшін) 1,4 еселенген ең төменгі жалақыдан – 5%, АҚК негізінде еңбек ететін тұлғалар 2020 жылы айлық табысынан – 1%, 2021 жылдан бастап – 2%, өзге санаттар ең төменгі жалақыдан – 5%. Мемлекет 2020 жылы жеңілдігі бар санаттар үшін мемлекеттік статистика органы тарапынан өткен 2 жылға бекітілген орташа айлық жалақының 1,4% көлемінде жарна аударады, жұмыс беруші жалдамалы жұмыскерлердің табысынан алынатын жарнаны ұстап қорға аударып отырады (2020-2021 ж.ж. – 1%, 2022 ж. – 2%).
Айта кету керек, қазіргі кезде арнайы Денсаулық сақтау кодексінде және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру заңдарына өзгерістер мен толықтырулар жасау жағдайлары қаралуда. Сол себептен МӘМС жүйесінің толық жұмыс жасауына кедергі келтірген белсенді емес тұрғындар жыл соңына дейін нақтылануға қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Осы уақытта тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакеті және Медициналық сақтандырудың медициналық пакеттерін анықтауда. Сол пакеттер арқылы барша азаматтар медициналық қызмет алатын болады.
Атап айтқанда:
ТМККК жаңа үлгісіндегі медициналық пакетіне:
Барша азаматтарға
- Жедел жәрдем және санитарлық авиация;
- Бастапқы медициналық-санитарлық көмек;
- Шұғыл жағдайларда стационарды алмастыратын және стационарлық көмек;
- Паллиативті көмек;
Әлеуметтік маңызы бар аурулар, негізгі созылмалы аурулар кезінде - Консультативті-диагностикалық қызмет;
- Амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;
- Жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек;
- Туберкулезге шалдыққандарды медициналық оңалту;
МӘМС (сақтандырылғандарға арналған) жаңа үлгісіндегі медициналық пакетіне: - Консультативтік-диагностикалық көмек:
• Ересектерді профилактикалық тексеруден өткізу;
• Балаларды мамандандырылған деңгейде тексеру;
• Бағасы қымбат зертханалық қызметтер: гормондар, дәрумендер, онкомаркерлер, антиденелер, ПЦР;
• Бағасы қымбат диагностикалық қызметтер: КТ, МРТ т.б. - ТМККК пакетіне кірмейтін аурулар бойынша амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;
- ТМККК пакетіне кірмейтін аурулар бойынша стационарды алмастыратын көмек көрсету;
- ТМККК пакетіне кірмейтін аурулар бойынша жоспарлы стационарлық көмек көрсету;
- Балалар мен ересектерді: кардиология, кардиохирургия, неврология, нейрохирургия, травматология, ортопедия салалары бойынша медициналық оңалту.
Асқар Есмағамбетов,
аудандық орталық аурухананың бас дәрігері.