«Мен өнерді сүйдім…»

Кең байтақ қасиетті қазақ жерінің шежірелі бір өлкесі киелі Шалқарда өсіп-өнген өнерлі перзенттері әрдайым ел мерейін үстем етіп жүр. Қазанғаптың сазды күйлері, Сарының мұңды әндері есілген жерден сусындаған ұл-қыздарымыз өнер айдынында үнемі биіктен көрініп келеді. қазақтың дәстүрлі өнерінің өркен жаюына, сол құндылықтардың кейінгі ұрпаққа жетуіне еңбек етіп жүрген бірегей әнші қыздарымыздың бірі—Айгүл Елшібаева.

Өзіндік үні, орындау шеберлігімен елдің сүйіктісіне айналған өнерлі жерлесіміздің жақында Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде тыңдармандарын тамсандырған жеке концерті өтті. Дәстүрлі ән өнерін дәріптеп, жыршы-термешілік қабілетімен ескінің жұрнағын жалғаған дарабоз өнер иесі шығармашылығымен көпті сүйсінтті. Жыраулардың көркем тіркестерге бай, өр рухты толғауларын, Ақтөбе жыраулық мектебі Наурызбектің, Жайық жыраулар мектебі Сыпыра жыраудың, Маңғыстау жыр мектебінің мақамдарынан, Сүгірдің, Сыр мектебінен Нартайдың термелерін орындап, «Ақерке», «Шымыр» халық әндерін шырқады. Әр шығармасы көрермендерге ерекше бір серпіліс күшін берді. «Қыз Жібек» жырынан да үзінді келтіріп, оны да ерекше шабытпен жырлады. Әншінің шырқаған туындылары көңіл пернесін дөп басар әдемілігімен, асау серпінді қуатымен әсер етті.
Талантты әнші домбырамен ғана ән салып қойған жоқ, жастарға Сүгірдің термесін эстрада жанрында орындап берді. Домбыра арқылы жүрекке жететін қазақ әніне деген ықыластары ерекше, дәстүрлі әнге шөліркеген қариялар Қарамергеннен, Батақтың Сарысынан ән-шашу сұрады. Берекелі топырағымызда өскен ардақты, аяулы жыршы қыздарына халықтың құрметі ерекше болды. Ақ жаулықты аналар мен өнерді түсінер көрермендер гүл сыйлап, әншіге батасын беріп, алғыстарын айтып жатты. Әр әнді орындап болғаннан кейін оның сахна алдына келіп тізесі жерге тигенше иіліп сәлем беруі туған жерге, көрермендерге деген шынайы ниеті мен қазақ қызына тән қарапайымдылығы еді.
Өнер ордасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, Шалқардың мәртебесін биікке көтерген Айгүл Иманқұлқызына аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің алғыс сөзі оқылып, Шалқар ауданының Құрметті азаматы мәртебесі беріліп, төсбелгі табысталды. Мұндай құрметті күтпеген әнші «Мен Шалқарды, шалқарлықтарды сүйемін!» деп жерлестеріне алғысын жеткізді.
Еліміздің төл мәдениетіне зор үлес қосқан Айгүл Иманқұлқызын шығармашылық кешінің соңында әңгімеге тартқан едік.
— Айгүл апа, туған жерге қош келдіңіз! Әңгімемізді алғаш рет үлкен сахнаға қашан және қалай шықтыңыз және өнер ордасына қалай қадам бастыңыз деген сауалдардан бастасақ…
— Анам мені музыка мектебіне 2-кластан қосып жіберді. Ол жерде 2-класс оқитын мен нотаны да әлі жаза алмаймын. Алғашқы ұстазым Рысбай Мырзатаев ағайым домбыра тартуды, нота жазуды да үйретті. Сол кісіден 5 жыл күйден сабақ алдым. Одан кейін Шалқардағы мәдениет үйінде Сәулехан Демеубаев ағамыз ашқан «Ғасырлар пернесі жырлайды» деген үйірмеге қатыстым. Осы екі ұстазымның арқасында дәстүрлі ән мен күйшілікке бет бұрдым. Мені өнер адамы ретінде алғаш шыңдаған осы екі ұстазым — Сәулехан мен Рысбай ағай деп білемін. 11-сынып оқып жүрген кезімде Ақтөбе облыстық термешілер конкурсынан бас жүлдені иелендім. Көптеген конкурстарға қатысып жүріп осылай дәстүрлі ән өнеріне аяқ бастым. Консерваторияға түскеннен кейінгі ұстазым Сәуле Жанпейісова болды. Сол уақыттарда да әртүрлі ән байқауларға қатысып, Париж сахнасында да өнер көрсеттім. 25 жылдай сахнада жүрген уақыт аралығында тындырған жұмысымның бірі— «Қазақтың жыр мақамдары» атты кандитаттық-диссертациямды жарыққа шығару болды. Қазіргі таңда барлық жоғары оқу орындарында сол еңбегім оқулық ретінде қолданылып жүр. Бүгінде түбегейлі ұстаздыққа бет бұрдым. Нұр-Сұлтан қаласындағы Шабыт музыкалық университетінде мұғалімдік қызмет атқарамын. Дәстүрлі өнердің ізбасарымын деп өзімді айта аламын.
— Әр мақамның өзіндік ерекшелігі бары белгілі. Сол мақамдарға бірден түсу сіз үшін қиын ба?
— Көбіне орындау шеберлігіме ыңғайлы, жүрегіме жақын мақамдарды аламын. Әрине, өзге жердің мақамдарына түсу кішкене қиынырақ. Себебі, біреуі жай, біреуі қатты және иірімдері мен дауыстық құбылтулары да әртүрлі болып келеді. «Батырға оң мен солы бірдей» дегендей, оларды сүйіп орындағандықтан маған аса бір қатты қиындық тудырмайды. Айта-айта мен ол мақамдарды бойыма сіңіріп алдым деуге болады.
Мен өнерді сүйдім. Өнерге келуім де дәстүрлі өнердегі, күйшіліктегі иірімдерді игеріп, соларды халыққа жеткізсем деген махаббаттан туындады.Концертімде әр туындыны орындаған кезде де, мен сонымен бірге терең күй кешемін. Мақсатым — өнерді халыққа шынайы жеткізу.
— Ұлттық өнерді ұрпақ санасына қалай сіңіре аламыз? Насихат жетпей жүр деп ойламайсыз ба?
— Дәстүрлі әнді сөзді түсінетін адам ғана тыңдайды. Дәстүрлі ән тыңдаумен ғана сіңіріледі. Эстрада немесе опера жанры болсын әр саланың майталмандары бар. Сол шеберлерді тыңдап жаныңа қабылдаған кезде ғана сол өнерге қанығасың. Ал оны тыңдамай әнді қабылдау мүмкін емес. Қазір дәстүрлі әннің насихаты аз. Барлық жерде эстрадалық әндер орындалып жүр. Тіпті менің өзімді де эстрадалық әнмен шақырады. Сол үшін де заман ағымына қарай термелерді жаңаша өңдеп, эстрадаға салып сахнаға шығарып жүрмін. Алайда менің әлемім — дәстүрлі өнер деп білемін.
— Өзіңіздің жеке туындыларыңыз бар ма?
— Лирикалық әндер шығарамын. Жүрегімді тербеген әннің сөзін де, әнін де шығара саламын. Мысалы, «Қыз дәурен» деген жеке туындым бар. Жүрегімнен шығатын болған соң, әнді шығару қиындыққа түспейді. Кейін оларды эстрадаға салып орындай беремін. Ал дәстүрлі әннің вариантын шығаруым мүмкін, бірақ оның түпнұсқасын бұзғым келмейді. Себебі, түпнұсқаның иірімін бұзбай салудың өзі қиын. Сол қалпын сақтап салудың өзіне мықты ән әрлеуші керек. Гармониясы, иірімдері бай, ритмдік ерекшеліктерінен ауытқып тактіге салу қиын және оны жай ғана адам сала алмайды.
Өнерді отбасылық жағдайда алып жүру, кәсібилік деңгейге жеткізу үшін де күш-қайрат керек, мұқалмайтын жігер керек. Ұрпағыңның дұрыс тәрбиеленуі де аса маңызды. Өнер қажырлы еңбекті қажет ететін дүние деп білсек екен.
— Шалқар сізге несімен ыстық?
— Туған жердің әрбір тасы мен қыраты да перзентіне ыстық көрініп тұрады. Мен шығармашылықтың адамымын, қолым қалт еткенде Шалқарымды еске түсіріп, балалық шағымды ойға оралтып, шығармашылығыма шабыт аламын. Атағы алты алашқа әйгілі туған өлкеммен әр кез мақтанамын. Халық тағдыры таразыға түскен сәттерде атқа қонып, жауға найзасын сілтеген батырлар шыққан, болашағын болжаған әулиелер туған, суырып салма ақындар мен жезтаңдай әншілерді өмірге әкелген мекеннің ұрпағы болғанымды абырой санаймын. Осындай киелі, қасиетті өлкеден сусындаған сендер қандай бақытты жансыңдар, өнерлеріңіз де қандай деп, көрген жандар тамсанып құрметтері артып жатады. Сол үшін де көбіне термелерді өзіміздің Ақтөбенің жыраулық мектебінен айтамын. Бұл да өнердің құдіреті, қасиетті жердің киесі ғой.
— Айгүл апа, сіздің өнеріңізге қашанда тәнтіміз. Өнеріңіз өрге жүзсін.
Әңгімеңізге рахмет!

Арайлым СИДАҚОВА,
Шалқар қаласы.