«Ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі жоғары дамыған ел кез келген өркениетті деген елден оқ бойы озық тұрады» деген түрік ағайындардың ұстанған берік қағидасы бар. Осы қағиданы ұстанған қазақ халқы да басынан небір қиын-қыстау заманды өткерсе де ата-бабаларымыз өзіміздің мәдениетімізді, дінімізді, дәстүрімізді, төл өнерімізді ұмыт қалдырмай, оны ұрпақтан-ұрпаққа сақтап, жеткізіп отырған.
Ұлт көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халыққа жолдаған «Қазақстан-2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет — ұлттың генетикалық коды. Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әр алуандылығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» деп айқын көрсеткен еді. Сондықтан да біздер өзге ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтай отырып, еліміздің мәдени-рухани құндылықтарын дамытып қана қоймай, көздің қарашығындай қорғауға негізделген ауқымды істер әр жылдың еншісінде таңбаланып қалуда.
Соның бірі — Шалқар қаласының ортасынан бой көтерген Мәтей (Матай) Қоқанұлы мешіті. Мешіт 2011 жылы Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылды, сыйымдылығы — 300 адам. 400 адамдық асхана халыққа қызмет жасайды. 30 орынды мешіт ішіндегі медресе халыққа білім берумен қатар, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуде зор үлес қосып келеді. Енді тарихқа көз жүгіртіп, не себепті мешіт Мәтей (Матай) Қоқанұлы атында, оның өз халқына қандай сіңірген еңбегі бар деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Мәтей Қоқанұлы 1886 жылы бұрынғы Ақмешіттің, ал қазіргі Арал ауданы Құланды елді мекенінде дүниеге келді. Арал теңізі жағасымен Ырғыз, Борсық құмының арасы Қабақ руы ұрпақтарының жаз жайлауы, қыс қыстауы болған. Мәтей ақсақалдың руы Қабақ, оның ішінде Сексен тайпасынан. Аузы дуалы, батагөй Саңырықтың ұрпағы болып табылады. Ол туған ауылында алғаш мұсылманша сауатын ашып, кейіннен Бұқара шаһарындағы жоғарғы оқу орнында білім алды. Құранды алғаш қазақ тіліне аударған тұлға. Ол еш уақытта намазын қаза етпеген, ұзын бойлы, қапсағай қара торы, мінезі шалт, ширақ жан болған. Кейіннен атағымен де, адамгершілігімен де, тіпті құралайды көзге атқан мергендігімен де алыс-жақынға танылған батыр, азулы тарихи тұлғаға айналады. Өмірлік серігі Қалбүбі Бақтыбайқызы 1890 жылы Құландыда дүниеге келген. Дәулетті отбасының қызы болып, мұсылманша қаріп танымаса да бес уақыт намазын қаза қылмаған жан болған. Осындай текті жердің ұланы Мәтей ақсақал жастайынан ат мініп, кейіннен үш рет болыс болып сайланды. Осы тоғыз жыл ішінде ел басында жүрген ол байлыққа бой алдырмады. Мәтей ақсақалдың қоңырқай тірлігіне тәнті болып үйір-үйір айдап мал салса:
— «Мал байлығы бір жұттық. Алла разы болсын. Осы ниеттеріңіздің өзі маған жеткілікті», — деп кері қайтарып отырыпты.
1925-28 жылдарда байлар мен діни қайраткерлерді қудалау кезеңінде екі рет жер аударылған. Біріншісінде Санкт-Петербургке жер аударылып, кейіннен ақталып елге оралады. Арадан жыл өтпей «Молдалығын қоймады, түнімен Құран парағын парақтайды», — деген арыздан соң Челябинскіде тергеліп, Магнитагорскідегі темір қорытатын зауытқа жұмысқа жегеді. Маңдай терінің арқасында «Стахановшы» атағын жеңіп алған соң, елде ашаршылық белең алғандығын естіп, басшылардан аз күнге рұқсат алып, елге оралады. Бұл 1933 жыл болатын. Ұлы Раманқұл, қызы Ділдә және жұбайын Магнитагорскіге алып келіп жұмысқа орналастырады. Арасында өзі қатынап, жағдайды біліп тұрады. Қызы Ділдә анамыз осында бастауыш үш сыныпты тәмамдайды. 1940 жылы бостандығын алған бетте отбасымен ақылдасып, туған елге емес көрші Өзбек елінің Термез қаласына көшіп барады. Осы жерде мұнай өндіретін орынға моторист болып жұмысқа тұрады. Кейіннен Жарқорған деген жерде тұрған. Елде кемдік көріп отырған ағайынды шақырып, бір ауыл болып тұрады. Ол жерде де алдынан адам үзілмейтін өте сыйлы адам болады.
1957 жылы Шалқарға он екі қызыл вагонмен бүкіл ағайын туыстарымен бірге қоныс аударып, Шалқар қаласындағы жалғыз мешітте имамдық қызмет жасаған.1971 жылы маусым айының он бірінші жұлдызында ұзаққа созылған дертінен айыға алмай, дүние салды. Ол Шалқардың Жангелдин қалашығы маңындағы қорымға жерленген. Перзенттері Раманқұл, Тасбике, Нұрғали-Ділдә бар жоралғысын жасап, соңғы сапарына аттандырады.
Үлкен қызы Ділдә 1929 жылы 15 қаңтарда Шалқар ауданында өмірге келген. Кенже қызы Тасбике 1946 жылы туған. Ділдә Мәтейқызы мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің асыл анасы. Қазір екінші ұлы Құрманғалидың қолында Атырау қаласында тұрады. Мәтей ақсақалдың қызы Тасбике қайтыс болды. Оның бір қызы бар. Раманқұлдан Молдабай, Жалғасбай атты ұлдары мен үш қызы бар. Қазір Ақтөбе қаласында тұрады.
2015 жылы Ділдә Мәтейқызына Шалқар қаласына мешіт үйін салуына себепкер болғандығы үшін «Шалқар ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ел аузында «Мәтей айтыпты», — деген сөздер көп.
Бұл деректер Д.Матайқызының «Айналайындарым менің» атты кітабынан және «Шалқар ауданының Құрметті азаматы», ҚР ауыл шаруашылығы саласының үздігі, І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілерінің иегері Қалмақан Төлеуовтің естелігінен алдым.
Ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолымен жүру, оны көздің қарашығындай сақтау болашақ ұрпақтың еншісінде. Өз ойымды:
Ақ жолмен алға төселген,
Көш басын бұрдық Шалқар деп,
Атыңнан Шалқар айналдым, бауырын күтіп шақырған.
Жанды су, Шалқар — айбарлым, бабалар рухы жаңғырған,
Алланың өзі қолдаған,
Тәуелсіз, дархан, текті елдің! — деген жыр жолдарымен аяқтауды жөн көрдім.
Дамиға Нөкешова,
№3 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі.